«Тегін кітап түсімізге де кірмей тұр» Оқулық алуға қаржы жоқ па, құлық жоқ па?

Oinet.kz 15-09-2011 1252

Screenshot_6.jpg

«Төртінші сыныпта оқитын ұлымның оқулығын түгендей алмай басым қатып отыр. Оқу жылы басталар кезде ұстаздар «мектептегі кітаптың жеткенін береміз, жетпегенін жылдағыдай сатып аласыздар» деген еді. Бірақ жуырда  шұғыл жиналыс өткізіп, бұл жолы мектеп басшылары «4-сыныпқа кітаптарды тегін беретін болдық» дейді. Ата-аналардың көпшілігі оқулықты сатып алып қойған екен. Олар «неге ертерек айтпағансыздар?» деп реніш білдіріп еді мұғалімдер: «Оған бола ренжімеңіздер, сатып алған кітаптарыңызды қайта сатуға жәрдем береміз» деп шығарып салды. Бірақ  оны  енді кім қайта сатып ала қойсын?!

 Кітапты тегін береміз дегенімен ұлымның оқулықтары әлі түгенделмей отыр. Өткен аптада бір ғана математикасын алып келді. Онысы да ескі екен. Енді не істейміз? Оқу жылы басталып кетті ғой»

Редакцияға Шымкент қаласынан қоңырау шалған азаматша осылай деді.   Жасыратын не бар, оқулықтың жайын қозғағанда кешегі кеңес мектебінің партасын көрген мынау сіз бен біз бақытты екенбіз-ау деген ой келеді. Тәуелсіз Қазақстанның білім саласын қаржыландыру соңғы он жылда 7,5 есеге артып,   білім беруді дамыту индексі бойынша 129 елдің ішінде төртінші орынға шықты (министр Б.Жұмағұловтың үлкен мінберлерде айтқан мәліметтері).  «Елбасының тапсырымасымен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында жаңа типті мектептер салынды, білім ұялары заманауи қондырғылармен жарақталып, оқушылар қашықтан білім беру жүйесімен дәріс алып жатыр» деп бөркімізді аспанға атып жатқан кезде шәкірттер кітапқа жарымай, екеуара кезектесіп оқиды дегеніңіз кісі күлерлік жағдай емес пе?!

Әйтеуір жаңа оқу жылының қарасы көрінгеннен кітап саудасымен айналысушы алыпсатарлардың құдайы беріп жатыр.  Кітаптың бағасы қымбат. Мәселен Шымкенттегі «Әсел» базарында сатылып жатқан оқулықтың алды мың-мың жарым теңге. Ұсталған кітапты да саудагерлердің сөресінен таба аласыз. Оның құны шамамен 500 теңге. Әрине, нарықтың аты нарық. «Неге кітап сатасың, неге қымбат саудалайсың» деп біреуді жазғыра алмайсың. Базарда кітапқа деген сұраныс бар ма, онда ұсыныстың болуы да заңды. Бар мәселе ата-ананы базарға жалтақтатып қойған өзімізде ғой.

«Биыл 4-6-11 сынаптарға тегін кітап беріледі екен» деген әңгімені біздің де құлағымыз шалған. Бірақ оқу жылының басталғанына екі аптадан асса да тегін оқулыққа қарық болған оқушылардың қатары аз.  Тіпті мұндай жылы жаңалықтан ата-ананың өзі де бейхабар екендігі таңқалдырды. Шымкенттегі мектептердің бірінде 6 сыныпта оқитын ұлы бар досымызбен (аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінді) хабаласқанымызда:

--Жаңа оқу жылы басталған кезде үйдегі ұлымды базарға алып барып, оқулығын түгендеп бергенмін. 10-12 кітабы шамамен 8-10 мың теңге болды. Ал алтыншы сыныпқа оқулықты тегін береді екен дегенді естіп отырғаным осы. Тегін кітапты түсімізге де кірген жоқ қой,--деді аң-таң болған ол. Осыған қарағанда тегін кітаптың жуық арада уысқа түсе қоймайтынына ұстаздардың өздері де сенбей тұр-ау. Бұдан кейін олар ата-анаға «биыл кітап сатып алмаңыздар, мектеп  береді» деп қайдан айта қосын. Ертең кітап жетіспеушілігінен білімнің сапасы төмендеп кетсе, таяқтың бір ұшы сол ұстаздың өзіне тиеді емес пе?!

«Қобыланды келеді сайменен» дегендей, әні-міне келеді деп, ата-ананы да, оқушыны да зарықтырған тегін кітап білім ұяларына қашан түседі? Елдің ертеңгі болашағы деп үміт артқан жеткіншектің оқулығы қашан бүтінделеді?  

Оқырманның сауалына байланысты алдымен  облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Сәуле Жарқынбековамен хабарласқан едік.

--Үкіметтің қаулысына сәйкес мектептегі оқулықтар алдымен жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылардың балаларына таратылып беріледі. Бүгінгі күні облыста аталған категорияға жататын оқушылар тегін кітаппен  100 пайыз қамтамасыз етіліп отыр. Бұдан артылған оқулықтар қалғандарына таратылып беріледі. Жетпегенін бөлшек саудадан сатып алады. Биыл білім беруді дамытудың бағдарламасына сәйкес 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен оқушыларды тегін оқулықпен қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Биыл 4-6-11 сыныптар кітаппен 100 пайыз тегін қамтылуы тиіс. Осыған орай жергілікті бюджеттерден бұл мақсатқа 821 миллион теңге қарастырылған. Өкінішке қарай, қаржы толық бөлінбей жоғарыда аталған сыныптардың оқулықтары 100 пайыз болмай отыр,--деді ол.

Иә, рас жуырда өткен облыс ұстаздарының тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасының бастығы Альбина Елшиева 2011 жылы 4, 6, 11 сынып оқушыларын 100 пайыз тегін оқулықпен қамтамасыз етуді Мақтарал, Отырар аудандары мен Арыс, Түркістан қалалары ғана орындап, басқа аудан, қалалар тиісті қаржыны өз деңгейінде қарастырмағанын айтқан болатын.  

--Осыған орай жақында өткен Үкіметтік селекторлық мәжілісте Оңтүстік Қазақстан облысының аталған тапсырманы толық орындамағаны аталып өтілді. Аудан, қала әкімдеріне бұл талаптың толығымен орындалу қажеттілігін ескерткім келеді,--деп еді ол.

Бірақ сол талап әлі күнге толық орындалмай отырғаны басшылардың білім саласына деген немғұрайлығынан ба, әлде шарасыздығынан ба? Мұны бекер айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені бөлінуі тиіс қаржы қомақты.  Мәселен 4-6-11 сыныптарды тегін кітаппен қамтамасыз етуге миллиард-миллиард бюджеті бар Шымкент қаласының шамасы жетпейді екен.

Қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиеваның жуырда қалалық әкімдікте өткен жиынында облыс орталығындағы мектептерде жалпы оқушылардың  98 пайызы тегін кітаппен қамтылып, қалған 11 пайызы бөлшек сауда желісі арқылы сатып алынатынын жеткізген болатын. Ал, 2011 жылы  4,6,11 сынып оқушыларын әлеуметтік жағдайына қарамай 100 пайызға қамтуға және “Өзін-өзі тану» оқулығымен қамтамасыз етуге қажетті 163,5 млн тенге қаржыны  облыстық бюджеттен бөлуге сұраныс жасалған. Облыстық білім басқармасының басшылары Шымкент қаласының сұранысына сәйкес облыстық мәслихаттың бюджеттік комиссиясына ұсыныс берілгенін айтып отыр.

Облыс орталығындағы жағдай осы болғаннан кейін аудандардағы жағдай нешік? Шынын айту керек, осы сұрақпен үш-төрт аудан әкімінің білім саласына жауапты орынбасарларымен байланысқанымызбен, жартымды мәлімет ала алмадық. Көпшілігі бұл мәселеден бейхабар екенін аңғартты. Бірі білім бөліміне, бірі «қаржыны бөлетін солар ғой» деп экономика бөліміне сілтеді. «Жыл соңына дейін шешілетін шаруа ғой» деп, арқаны кеңге салып отырғандары да бар. Бірақ жыл соңына дейін білім саласында шешілетін шаруалар онсыз да шаш-етектен емес пе? Білім министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2015жылы базардағы кітап саудасы сап тиылып, барлық шәкірт оқулықты мектептен алуы тиіс. Осыған байланысты 2012 жылы жоғарыдағы тапсырманың келесі кезеңіне қарай, үш сыныпқа тағы бірнеше сынып қосылады деген сөз. Ал бюджетті жоспарлау алдағы қазан айынан басталады. Ал,  Білім министрінің облыстық әкімдікке, облыстық әкімдік аудандық әкімдікке, ал аудандық әкімдіктердің  білім бөлімдеріне сілтеп отырғаны мынау. Ал түптеп келгенде берілген тапсырманың өз деңгейінде атқарылмауынан зардап шегетін қарапайым мектептің оқушысы емес пе?

Бақытжан Әбдірашұлы

Сіз не дейсіз?

Нұрғазы Албаев, Түлкібас аудандық білім беру бөлімінің бастығы:

--Аудан бойынша 4 сынып 100 пайыз кітаппен қамтамасыз етілді. 6-11 сынаптарда оқитын шәкірттердің  11-15 пайызына кітап жетіспейді. Алдағы уақытта сатып аламыз.

--Бұған бюджеттен қаржыны қарастырып қойдыңыздар ма?

--Қаржыны дәл қазір бөлмесек те, міндетті түрде орындаймыз. Бюджеттік комиссияға ұсыныс беріп қойдық. Өйткені бюджетті жоспарлау жылдың басында өтіп кетті ғой. Соншама қардыны бірден бере салу қазынаға қиын болып тұр. Жоғарыдағы сыныптарды оқулықпен толық қамтамасыз ету жылдың соңына дейін шешімін табады.

 

Сейітхан Ақтаев, Төлеби аудандық білім бөлімінің бастығы:

--Оқулықпен 4 сынып--95  пайыз, 6 сынып—93 пайыз, 11 сынып--78 пайызға тегін кітаппен қамтамасыз етілген.  

--100 пайыз қашан болады?

--Қосымша ақша қаралып жатыр. Алдына бөлінген қаржының біразы «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулығын сатып алуға кетті. Аудан әкіміне хат жаздық, көмектесуге уәде етіп отыр. Жылдың соңына дейін үнемдеу жағын қарастырып, қажетті ақшаны тауып береміз деді.

Түркістан қаласы, Түлкібас, Созақ аудандарында ауыз су мәселесі шешілді ме?
Бастарбек Пірімбетов: «Театрдың табысы рухани құндылықпен өлшенеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу