Бастарбек Пірімбетов: «Театрдың табысы рухани құндылықпен өлшенеді»
Бастарбек Пірімбетов, Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының директоры:
Облыс қана емес, қазақ сахна өнерінде қарашаңырақ атанған Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры 78-ші маусымын Ұлы Абайдың, қарама-қайшылыққа толы Абай заманының шындығын көрсете білген Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» атты қойылымымен ашты. Жаңа маусымның осындай классикалық туындымен ашылуы тегін емес. Театрдың бас режиссері Ерғали Оразымбетов қойған бұл рама бұған дейін талай байқауларда үздік деп танылып, көрерменнің ыстық ықыласын, мамандардың жоғары бағасын алған болатын.
Театр ұжымының биылғы репертуарында қандай жаңалық бар? Көрерменге жаңа маусымда не ұсына алады? Осы сауалдарды біз театрдың директоры Бастарбек Пірімбетовке қойған едік.
--Бастарбек Пірімбетұлы, театр осы аптадағы сәрсенбінің сәтінде премьера өткізді...
--Иә, жаңа қойылым --татар драматургі Туфан Минулиннің «Іздеп таптым сені» деп аталатын екі актілі мелодрамасы. Қойылымдағы өлеңдерді қазақ тіліне аударған Иран Ғайып. Сахналаған театрымыздың бас режиссері, Халық әртісі Ерғали Оразымбетов. Қойылымдағы оқиғалар негізінен екі басты кейіпкер Нурсина және Рақымжанның арасындағы диалог арқылы өрбиді. Нурсина есімді бойжеткен кезінде атақты спортшы болған, бірақ тағдырдың жазуымен екі аяғынан айырылған, жүре алмайды. Қоларбаға еріксіз таңылғанымен оның ішкі жан дүниесі ғашықтық, махаббат іздеп аласұрады. Сондай күндердің бірінде ол құрбысына телефон шалып отырып, қателесіп Рақымжанға түседі. Қыз бен жігіт арасындағы ғашықтық сезім осылай өрбиді. Келе--келе екі жас бір-бірімен тілдеспесе, бір-бірінің даусын естімесе тұра алмайтындай халге жетеді. Ақыр аяғында Нурсина сүйіктісіне өзінің мүгедек екенін, жігерлі де, өмірге құштар жас жігітке жар болуға тең еместігін айтып, ағынан жарылады. Алайда осыдан кейін телефонда өмірге құштар Рақымжанның да кезінде біраз жетістікке жеткен, бірақ ол да тағдыр-талайымен жарымжан болып, аяғына протез кигенін мойындамасқа амалы қалмайды. Түптің түбінде бәрібір махаббат жеңеді.
Осындай қойылымның қазіргі жастарға берер тәрбиелік мәні зор. Тақырыптың өзі өмірден алынып отыр. Бүгінде жастар арасында «Осы мен кімге керекпін?» деген оймен түңіліп, өткінші қиындықтарға шыдамай, өз-өзіне қол салып жататын жайттар жиілеп кетті. Мүгедектігіне қарамастан өмір үшін, өзінің махаббаты үшін күресе білген Нурсина мен Рақымжанның тағдыры көпшілікке ой салады деп ойлаймын.
Биылғы маусымда театр репертуарында «Жанпида», «Мұхамед Хайдар Дулати», «Ұлы көш», «Бозторғайдың ұясы», «Ана көз жасы», «Түнгі көбелектер», «Сыған серенадасы», «Бала мен қайыршы», премьерасын күні кеше ғана өткізген «Шәмшінің сағынышы» және бүлдіршіндерге арналған бірнеше қойылымдарымыз бар.
--Әрине, әрбір қойылым қайталанбас дүние, көрерменіне берер тәрбиесі, жеткізер ойы бар. Алайда есеп берер кезде кейде жоғарыдағы басшылар «театрға көрермен аз келеді, қойылымдардың тәрбиелік мәні жоқ, кеткен шығынын ақтамайды» деп жатады. Бұған не айтасыз?
--Өз басым осындай пікірлерге келіспеймін. Бізде ғана емес, өркениетті елдердің бәрінде театр мемлекеттің қамқорлығында. Театр табыс табатын мекеме емес, оның табысы рухани құндылықтармен өлшенуі тиіс. Оны жұртты арзан күлкіге қарық қылып, табыс тауып жүрген әзіл-сықақ театрларымен салыстыруға болмайды. Театрымызға көрермен келіп жатыр. Ол көрермен сахнаның қадірін білетін, өнердің бағасын түсінетін азаматтар. Театрдағы қойылып жатқан дүниелердің мазмұнын, көркемдік жағын салмақтайтындар де солар. Мәселен театрымыздың репертуарындағы «Мұхамед Хайдар Дулати», «Ұлы көш», «Шәмшінің сағынышы» қойылымдары халқымыздың ұлы тұлғаларының өміріне арналған. Солардың өмірінің тағылымды тұстарынан, қым-қиғаш тағдырынан сыр шертеді. Оның тәрбиелік мәні жоқ деп кім айта алады?!
--Жасыратыны жоқ, осыдан біраз уақыт бұрын «Театрдағы зейнеткерлік жастан асқан әртістерді жұмыстан шығарылып, олар өздерінің рөлдерін тек келісім-шарт арқылы ойнайтын болыпты» деген әңгімелер республикалық телеарналардан айтылып жатты. Осы әңгімелердің анық-қанығы қайсы?
--Сондай әңгімелердің болғаны рас. Білуімізше, облыстағы бірқатар театрлар осыдан кейін қарияларымен хош айтысқан көрінеді. Бірақ біз ешқандай әртісімізді жұмыстан шығарған жоқпыз. Өнер ордасын зейнеткерлікке шыққан азаматтардан тазарту тәжірибесі бұған дейін Алматыдағы академиялық театрда қолданылған. Директор атақты Асанәлі Әшімнен бастап жасы келген әртістерді жұмыстан шығармақ болып, оның ақыры дауға ұласқан. Ақыры директордың өзі қызметінен кетіп тынған.
Театрда ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан әртістердің әрқайсысы өнер әлемінде өзінше бір тұлға. Олардың ішінде бар ғұмырын сахнаға арнаған, тіпті «сахнада жүріп өлсем» деген ниетке бекінгендері де көп. Олардың бұл ниетін теріс дей алмайсыз. Қайта театр осындай өнерге шын берілген жандарға зәру.
Жалпы, зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарды жұмыстан шығару мәселесі қиындау. Нақты бір шешімге келген жоқпыз.
--Театрдың қазіргі материалдық, әртістердің әлеуметтік жағдайы туралы не айтасыз?
--Көштен қалып жатқан жоқпыз. Ал, әртістердің әлеуметтік жағдайы туралы білгіңіз келсе, пәтер жалдап тұратындары жетерлік. Оларға филармонияның жатақханасынан пәтер беру туралы өтініш жасап жатырмыз. Шешіліп қалатын шығар деген үмітіміз бар.
--Егер есіңізде болса 2000 жылы—«Мәдениетті қолдау жылында» Шымкентте бір топ өнер азаматтары пәтерлі болды. Шығармашылық қызметкерлерге деген осындай қолдау сол «Мәдениетті қолдау жылымен» жылы жабылып қалған сияқты...
--Иә, 2000 жылы қалада 178 өнер қызметкері пәтерлі болды. Олардың ішінде әртістер де, әншілер де, ақын-жазушылар, журналистер де бар еді. Ұйымдастыру, пәтер алушылардың тізімін сарапқа салу жұмыстарының басы-қасында облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай, облыс әкімі аппаратындағы бөлім меңгерушісі Құлбек Ергөбек және мәдениет басқармасы бастығының міндетін атқарушысы қызметіне отырған мен өзім де жүрдім. Сол жылдары облыстағы барлық театрларға бір-бір микроавтобустар берілді. Жасыратыны жоқ, өнер адамдарына, өнер мекемелеріне деген осындай қолдаудың артында сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сарпарбаев тұрды. Ол кісінің талабы қатты, бірақ қолдан келген көмегін аямайтын.
Жалпы, мәдениет қызметкерлеріне деген жанашырлық көбіне облыс басшыларының өнерге деген көзқарасына барып тіреледі емес пе?! Облыс әкімі Асқар Мырзахметов, оның мәдениет саласына жауапты орынбасары Әли Бектаев, мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекова да хал-қадірінше өнерді өрге сүйреуге жанашырлық тантып жүргендеріне ризамыз. Мәселен, жуырда талдықорғандық әріптестер келіп кетті. Олардың бір ғана сапарына бес миллион теңге қаржы бөлініпті. Осында қонақ үйде жатып, өнерлерін елге танытып кетті. Енді Қазақстанның шығысын, солтүстігін араламақ. Биылғы гастролдік сапарларына 18 миллион теңге бөлініп отыр екен. Бұдан бөлек облыс әкімдігі гастрольге алып шығатын автобусын да жаңалап берген. Мұның бәрі кімнің арқасы? Ол Алматы облысын күні кешеге дейін басқарған өнер жанашыры Серік Үмбетов деген азаматтың арқасы. Жамбылдық әріптестер де ол кісі туралы жылы пікірлерін жиі айтады.
--Ал, қазіргі облыс басшысы Асқар Мырзахетов облыстың мәдениет саласына қандай жаңалық алып келе алды? Мәдениет саласында ұзақ жылдар басшылық қызметтерді атқарған сіз бұл туралы не айтасыз?
--Асқар Мырзахметов облысқа келгелі мәдениет саласына қаржы миллиардтап бөлініп жатыр. Опера театрының, филармонияның құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Түркістанда этнографиялық орталық ашылды. Шымкентте цирк ғимараты салынып жатыр. Кітапхана құрылысы басталмақ. Жуырда Отырардан руханият оталығы ашылмақ. «Шәмші әлемі», «Неке сарайы», Дендрбақтағы атқарылған жұмыстар облыстың мәдени өміріне үлкен серпіліс әкелді деп білемін.