Нұржан Құлшынбаев: «Өмірімді «Шаншарсыз» елестете алмаймын»

Oinet.kz 21-07-2011 2059

Screenshot_6.jpg

Оңтүстіктің атын шығарып, көпшілікке күлкі сыйлап жүрген «Шаншар» әзіл-сықақ театры дегенде жұрт бірден Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораевты тілге тиек етеді.  Дегенмен, сахнада өзіндік стилімен, сәтті образдарымен танылып үлгерген Нұржан Құлшынбаевтың да өнерін жоғары бағалайтындар аз емес. 

- «Шаншар» театрына қалай, қашан келдіңіз?

- Шымкентте саз колледжін бітірген соң Бақытжан, Марат деген үш жігіт бірлесіп «Ақмаржан» атты трио құрдық. 1996 жылы желтоқсан айында «Шаншардың» концертіне қатысып, ән шырқадық. Сол кезде-ақ театр маған қатты ұнады.  Жасым 19-да. Қызығушылық танытып, Уәкеңе, Уәлибек Әбдірайымовқа концерттерге қатысып тұрсақ қалай болады деп ұсыныс айттым. Ол келісімін берді.  Сөйтіп 1997 жылы наурыз айында театрға қабылдандық. Марат өнерді жалғастырмады, екі жылдан соң Бақытжан да театрдан кетті. 

- Сахнада сомдаған алғашқы роліңіз есіңізде ме?  

- Негізі, бала кездегі арманым - киноактер болу еді. Роль ойнауды өзім ұнатқаныммен кәсіби білімім жоқ қой. Кішкентай кезімнен-ақ қай жерде жүрсем де өзімді киноға түсіп жатқанымдай елестейтінмін. Ағаш жарып немесе қой бағып жүргенде жанымда камера бардай «ей, қойлар, қайтыңдар!» деп өзімше «образға» енетінмін. Өзім Кентаудың маңындағы  Баялдыр деген ауылда туып өскенмін. Бастапқыда  3 жылдай домбыра тартуды  үйрендім. Бірде әкем «баянда ойнағың келе ме?»,  деп сұрады.  Мен келістім. Сөйтіп, 2 жылға дейін әкем баянды арқалап менімен бірге қалаға сабаққа келіп жүретін. Кейін Кентауға көштік. Роза деген өз ісіне берілген керемет ұстазым болды. Тіпті аяғым сынып  жатқанымда үйге келіп үйрететін. Өнер саласына осылайша келдім. Әлі де болса киноға түсуді армандаймын.  Нәсіп болса ол күнге де жетерміз.

«Шаншардағы» ең алғашы ролім – «массовканың» ішіндегі оқушы болды.  Әйтеуір,  сахнаға шыққан сәттен  бастап қойылымның соңына дейін тырқылдап күле беріппін. Жұртқа көрсетпей, күлкіден жарыла жаздап әрең шыдадым. Өйткені Уәкең мен Жүкеңнің актерлық шеберлігіне, іс-қимылына күлмеу мүмкін емес.   Жауапты рольдер кейін келе бастады.  Байқасаңыз көбінесе әйелдердің ролін сомдаған екенмін. Білмеймін, әйелдің жанына жақын болғанымнан ба (күлді). «Құдалық» деген қойылымдағы құдағи әйелдің ролі мен үшін жауапты роль болды. Кәсіби актерлардан көп үйрендім, оны мойындаймын. Уәкең мен Жүкең - менің ұстаздарым, бірі әкем, бірі шешем секілді болып кеткен. Қазір «Алдараспанның» арбасын алға сүйреп жүрген әріптесім Нұржан Төлендиевтен де көп нәрсе үйрендім. Ара-тұра сәтті шыққан рольдерім болған да шығар, дегенмен  әлі де актерлік шеберліктің шыңына жеткен жоқпын. Өйткені менің сомдай алмайтын рольдерім бар.   

- Өзіңізге қай роліңіз ұнайды?   

- Өзім еркін, рахаттанып ойнайтын ролім - «Айтыс» деген қойылымда  шай құюшы  қыздың образы. Сол жынды қыздың ролін рахаттанып ойнадым, сахнада олай да, былай да жүгіресің. Кәсібилік жағынан аса жоғары емес те шығар, бірақ өзіме осы роль керемет ұнайды. 

- «Шаншарда» жүргеніңізге 15 жылға жуықтапты. Аз уақыт емес. Басқа салаға немесе өзге театрға кететін ойыңыз болған ба еді?  

- «Шаншар» менің үйімдей болып қалған. Қайта оның қасында өзімнің тұрып жатқан баспанам екінші үйім болып қалды. Себебі бар уақытым театрда өтеді. Өз үйімде қонақ сияқтымын. Осыдан ба, «Шаншардан» ешқайда кеткім келмейді. Тек 2000-жылдардың басында қаржыдан тым қиналып кеткенімде мектепке ән пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқым келген. Бірақ өмірімді театрсыз елестете алмай, бір аптадан соң қайтып келдім.  Қаржы демекші, «Шаншарға» алғаш келгелі 3 жылға дейін айлық алмай жүрдім. Алғашқы жалақым 4-5 мың теңге шамасында болатын. Бірақ, Алла берекесін беріп, қазір жағдайым жаман емес. Театдың арқасында ел-жұртқа танылдық. Тіпті айлық бермесе  «Шаншардан» ешқайда кетпеймін. Себебі, бұл ұжым – жұмыс орным ғана емес, өмірім десем артық айтпас едім. Уәкең мен Жүкең «Шаншарды» ашылғалы бері сүйреп келе жатыр ғой, лайым әлі талай жыл сүйрер. Солардың ісін болашақта жалғастырсам деген ниетім бар.  15 жыл деген не? «Тамашаның» өнер көрсетіп келе жатқанына 25 жылдан асты ғой.   

Screenshot_9.jpg

- Дегенмен, осыдан біраз уақыт бұрын «Шаншардан» бір топ жас әртістер бөлініп кеткен соң жұрт театрдың  болашағына күмән келтіре бастағаны жасырын емес. 

- Шынымды айтайын, ондай күмән жұрт түгілі алғашқыда өзімізде де болды.  «Шаншар енді құлдырайтын  болды» деген әңгімені көп естідік. Бірақ Аллаға шүкір, театрымыз құлдырамады. Құлдырамақ  түгілі бұрынғыға қарағанда бір саты жоғарылаған секілді. Ұжымға жас талантты әртістер келді. Стиліміз өзгерді. Соңғы екі концертімізде оркестрмен бірге әзіл айтып, сахнада биледік те. Меніңше, «Шаншар» өз биігінде қала бермек. 

- «Алдараспанға» кеткен әртістер сізді шақырған жоқ па?

- Әуеліде олар «біз өзіміз театр ашсақ та болады екен ғой» деп әзілдеп жүрген. Оған аса мән берген жоқ едім. Маған тікелей ұсыныс жасаған жоқ. Жасаған күнде де «Шаншардан» кетпейтінім  анық еді. Жалпы, өнерде өзара жарыс пен бәсекелестік болса да күндестік болмауға тиіс. Бірімізбен-біріміз  өнер арқылы жарысқанымыз  жарасады.   

 - Комедия жанрында жүрген әртістердің көбісі трагедиялық образды сомдағанды  армандайтыны жасырын емес.  

- Мен ешқашан трагедиялық рольді ойнамағанмын, ойнай алмайтын да секілдімін. Басқасын былай қойғанда, көрермен оны қабылдай алмайтын да шығар. Баяғыда Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз «Тамашадан» кейін Әуезов театрында ханның ролін ойнаймын деп сахнада күрделі образға еніп,  жылапты.  Сөйтсе  жұрт ду күліп жатыр дейді. «Тамашадан» соң оған үйрене алмаған ғой. Сол сияқты біз де трагедияны ойнай бастасақ жұрт түсінбей қалар. 

- Имандылыққа бет бұрып, намазға жығылғаныңызды естідік.  

- Мұсылман болған соң намаз оқу, ораза тұту  парызымыз ғой. Мектепте оқып жүргенімізде араб тілі пәніне қатысып, намазды сонда  үйрендік. Студенттік кезде біраз уақыт оқып жүріп, кейін тастап кеттім. Ақыл тоқтатып, бес уақыт намазды қаза қылмай оқуға осыдан үш жылдай бұрын бел будым. Содан бері үзбей оқимын.  Әрі қарай оқи береміз де, парызымыз болғандықтан орындаймыз. Барлық ағайындар намазға жығылып, Аллаһтың намаздың керемет ләззатынан дәм татса екен деймін. Намаз оқитын адам керемет ләззат алады, намаз оқымайтын адам оны түсінбейді.

Құрман Шойынбаев: «Атақ алуыма Елбасының өзі тікелей тапсырма берген»
Түркістан қаласы, Түлкібас, Созақ аудандарында ауыз су мәселесі шешілді ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу