Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
1871 жылы ағылшын ғалымы Чарльз Дарвин “Адамның шығу тегі және жыныстық сұрыпталу” атты еңбек жазып, «Адам жануарлар әлемінің эволюциялық дамуы нәтижесінде пайда болды…» деп әлем назарын өзіне аударды. Онда ғалым адамның шығу тегін маймылмен байланыстырады. ХХ ғасырда бұл идея Құдайды жоққа шығарған коммунистік елдерде, соның ішінде Кеңес үкіметінде үлкен қолдауға ие болды. Дарвин ілімі мектептерде ғана оқылып қоймай, жалпы халық арасында кең көлемде насихатталды. Тіпті адамның бассүйегі мен маймылдың жақ сүйегін қолдан біріктіріп, Дарвин ілімінің дәлелі ретінде көрсеткісі кеп, өтірік жаңалық ашқан ғалымдар болды.
Бүгінгі мақаламызда Дарвин ілімінің қалай пайда болғанын, қалай ғылыми ортаға таралғанын, Дарвиннің дінге сенген, сенбегенін, теологтардың бұл ілімге қандай баға бергенін зерттеп көріп, өздеріңізге ұсынып отырмыз.
Чарльз Дарвин деген кім? Ол қандай ортада тәрбиеленді?
Чарльз Дарвин 1809 жылы 12 ақпанда айналасына белгілі ғалымдар отбасында дүниеге келді. Әкесі бойы екі метрге жуық, еңгезердей Роберт Дарвин көрнекті тұлға болатын. Ол өз аймағында дәрігер болып істеді және айналасындағылардың құрметіне бөленген жан еді. Атасы Эразм Дарвин де ғылыми ортаға танымал медик және натуралист болды. Дарвиндер отбасы ауқатты ғұмыр кешті. Балалық шағы туралы Чарльздің өзі: “Балалық шағымнан еміс-еміс суреттер ғана есімде. Анам мен сегізге толған, 1817 жылдың шілдесінде қайтыс болды. Ол туралы қара барқыт көйлегі мен жұмыс үстелі, өмірден өтерінде жатқан төсегінен басқа ештеңе есіме түсер емес. Оған анамыздың өліміне қатты қайғырған, оның өлер алдындағы ауыр жағдайын көрген әпкелерімнің ол туралы сирек айтулары себеп болса керек.
Осы жылдың көктемінде Шрусберидегі мектепке бара бастадым. Оған дейін Каролина әпкем мені үйде өзі оқытты. Бірақ олардың айтуынша, қарындасым Кэтринге қарағанда үлгерімім төмен, тәртібім нашар болыпты. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап коллекция жинауға қызықтым. Әртүрлі өсімдіктердің атауын білуге құмарттым, бақалшық, тиын, тастың түрлері секілді жинауға болатын дүниенің барлығын жинадым. Он жасымда үш апта Плас-Эдвардста болып, көбелектің небір түрлерін, қою қызыл түсті жартылай қатты қанатты жәндікті көріп, қатты таңырқағаным есімде. Әпкелерім тірі жәндіктерді коллекция үшін өлтіру қатыгездік болатынын түсіндіргеннен кейін, өлі күйде табылған өзгеше жәндіктердің барлығын жинап алдым. Мектеп бітіретін жылы ағам құрал-саймандар тұратын сарайды зертханаға айналдырып, химиялық тәжірибелер жасап жүрді. Менің де химияға қызығушылығым артып, түннің бір уағына дейін сол сарайда жүретінмін. Бұл әрекетімізді мектептегілер біліп қалып, маған «Газ» деген лақап ат таңылды. Бір жолы мектебіміздің директоры доктор Батлер басқа оқушылардың көзінше менің пайдасыз істерге уақытымды көп арнайтынымды нұсқап, «жеңілтек» деп атады. Ол үшін қатты қорланғаным есімде”, — деп жазады “Менің автобиографиям” атты кітабында.
Дарвин неліктен діни білім алды?
Дарвиннің ғылымға бет бұруына бала кезіндегі оқиғалардың әсер еткені анық. Роберт Дарвин ұлының өзі секілді дәрігер болғанын қалайды да, 1825 жылы оны Эдинбург университетіне оқуға жібереді. Алайда Эдинбург ауруханасында кішкентай балаға жасалған отаны көргеннен кейін Дарвин ол жерден қашып шығады. Ары қарай мұнда қалғысы келмей, мұндай сабақтың зеріктіретінін айтып, 1828 жылы Кембриджден дінтану саласын оқи бастайды. Ол туралы өмірбаяндық естелігінде ғалым: “Эдинбургте екі жыл оқығаннан кейін әпкелерімнен менің дәрігер болуға ниетім жоқ екенін білген әкем дін қызметкері (священник) болу туралы ұсыныс жасады. Ойымды ретке келтіріп алу үшін біраз уақыт сұрадым. Ағылшын шіркеуінің барлық догматтарына сендім деп айта алмаймын, бірақ ауылдағы шіркеу қызметкері болу туралы ой маған ұнайтын. Дін қызметкерінің оқуына баратыным белгілі болған соң, жеке мұғалім жалдап, мектептен бері бетін ашпаған грек, латын тіліндегі кітаптарды оқи бастадым. Солай 1828 жылдың басында Кембридж университетіне дін оқуына келіп түстім. Кембриджде өткізген үш жыл Эдинбург пен мектепте өткізген жылдарым секілді босқа өткен уақыт болды. Мұнда да сабаққа жөнді қатыспадым. Тек ботаникадан беретін профессор Генслоудың дәрістерін тыңдап тұрдым. Аптасына бір рет жаратылыстануға қызығушылығы бар университет студенттері үшін ол үйінде ашық қабылдау өткізетін. Кейін Фокс арқылы үйінде жиі болып тұруға шақырту алдым. Арада көп уақыт өтпей, профессормен жақын қарым-қатынас орнатып, Кембридж ауласында күнделікті ұзақ уақыт бірге серуендеп тұратын болдық. Колледж мүшелері мені «Генслоумен қыдыратын адам» деп атайтын болды. Профессор Генслоудың ботаника, этномология, химия, минералогия және геология саласындағы білімі телегей теңіз еді. Зерттеулері, одан кейінгі талдауларынан оның ақылының да ерекшелігін байқауға болатын. Ол сабырлы, мейірімді, сыпайы жан еді. Кембридждегі соңғы жылымда Гумбольдтың «Личное повествование» атты еңбегін үлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Осы туынды мен Дж.Гершельдің «Введение в изучение естествознания» атты кітабы табиғаттану ғылымына үлес қоссам деген ниетімді арттырды. Бұл кезге дейін дәл осы екі кітап секілді әсер еткен шығармалар болмаған еді. Жазғы демалысымды қоңыздар жинап, кітап оқып, экскурсияларға шығумен өткіздім. Күзде Вудхаус пен Мэрде аң аулайтынмын. Жалпы алғанда, Кембриджде өткізген үш жылым өмірімнің бақытты күндері болды деп айтуға келеді”, — деп еске алады.
Ақыры не керек, Генслоу Дарвинді геология саласында білім алуға шақырып, осы салада зерттеу жүргізуге бара жатқан профессор Седжвикке қосып жібереді. Осылай Дарвин Бигль кемесімен натуралист ретінде ғылыми экспедицияға аттанады.
“Бигль” кемесімен саяхатқа шығу
«Бигль» кемесі 1831 жылы 27 желтоқсанда жолға шығады. Теңіз флотының гидрографы, капитан Бофорт бастамасымен ғылыми экспедицияға Оңтүстік Америка жағалауларындағы түрлі аралдардың бойлығын өлшеу мен топографиялық көрінісін сызу тапсырылады. Алғашында екі жылға жоспарланған экспедиция соңында бес жылға созылады. Бұл сапар туралы Дарвин өз кітабында былай жазады: «Бигльмен» жасаған саяхатым болашағымды айқындаған, тағдырымды шешкен, өмірімдегі ең маңызды оқиға болды. Болған барлық аймақтарыма геологиялық зерттеулер жүргіздім. Екінші айналысқан шаруам – кездескен барлық жан-жануарларды, жәндіктерді коллекцияма қосып, оларға қысқаша сипаттама беріп отырдым. Сурет сала алмайтыным мен анатомиядан жеткілікті білімімнің жоқтығы кей жинаған дүниелерімнің пайдасыз екенін кейін білдірді. Күнімнің бір бөлігін көргендерімді егжей-тегжейлі жазып отыратын «Күнделігіме» арнадым. «Күнделігімнің» кей бөлігін достарым мен туыстарыма хат жазғанда пайдаланатынмын, кей бөлігін мүмкіндік туған сәтте Англияға жіберіп отырдым. Бес жыл бойғы саяхатта оқығаным мен ойлағанымды іс жүзінде көріп, жазып отырудан шаршамадым. Осы қасиеттер менің ғылымдағы жетістігіме көмектескеніне сенімдімін. Өткенге көз жүгірте отырып ғылымға деген махаббат осы кезден басталғанын түсіндім. Алғашқы екі жылы коллекцияма қажетті аңдарды аулауға өзім де кірісіп кетуші едім, кейінгі уақытта жұмысыма кедергі келтіретін болғаннан кейін қаруды қызметшіме жиі ұстататын болдым. Осы саяхатым арқылы ақыл-ойымның да дамығаны сөзсіз. Өйткені сапардан оралғанымда мені көрген әкем әпкелеріме бұрылып: «Оның басының формасы мүлдем өзгеріпті ғой!» деп қатты таңданған еді. Саяхат кезінде Қасиетті Елена аралдарындағы жұмыстарымды сүйіспеншілікпен еске аламын. Галапагосс аралдарында болғанда көзім көрген жануарлар мен өсімдіктердің әртүрлілігі де мен үшін жаңалық болды. Саяхат кезінде өзімді аямай жұмыс істедім және онымнан ләззат алдым. Жаратылыстану ғылымына үлесімді қосқым келді. Адал қызмет етуге тырыстым, ғылымнан өз орнымды тапқым келді. Сантьяго аралының геологиялық құрылымы ерекше еді. Сонда жүріп көптеген елдердің геологиялық өзгешіліктері туралы кітап жазу ойыма келді! Қуаныштан жүрегім аузыма тығылды. Ол бір ұмытылмас сәт еді”.
Дарвиннің ғылымдағы жолы осылай басталды. Саяхаттан қайтып келген 1836 жылы ол зерттеулерін жариялайды. Солай әп сәтте жаратылыстанушы ғалымға айналып шыға келген Дарвиндің 1837 жылы Ағылшын геологиялық қоғамының ғылыми комитетіне қабылдайды. Келесі жылы Дарвин жаратылыстану ғылымдарының Корольдік кеңесіне сайланады.
Дарвиннің “Түрлердің шығу тарихы” еңбегі дінге қалай қайшы келді?
Ғылым әлемі Дарвиннің 20 жыл бойы жазып, 1859 жылы жарық көрген “Түрлердің шығу тарихы” еңбегін әлі де жоғары бағалайды. “Өмірімнің басты еңбегі осы кітап екенін ерекше сеніммен айта аламын. Алғашында 1250 данамен шыққан кітап жарияланған күні таралып кетеді де, кейін 3000 таралыммен қайта басылып шығады. Осы күнге дейін (1876) Англия бойынша 16 мың кітап таралған. Еуропа тілдерінің барлығына дерлік, тіпті испан, чех, поляк, орыс тілдеріне де аударылды. Мисс Брэдтің сөзіне қарағанда, жапон тіліне де аударылып, Жапония мектептерінде оқытылады екен”, — деп мақтана жазды, Дарвиннің өзі.
Алайда діни көзқарастырымызға қайшы келетін пікірлер Дарвиннің осы бір ғылыми еңбегінен бастау алған еді. Чарльз Дарвиннің пікірінше, тірі ағзалардың алуан түрлілігі Жаратушының жаратқанына байланысты емес, олар үнемі даму үстінде деген тұжырымды айтады. Әрбір түр тіршілік ету ортасына бейімделеді, сол арқылы дамып, жаңа бір түр пайда болады дегенді айтады. Бұл тұжырым “Бәрін жаратқан – Құдай, ештеңе өзгермейді” деген шіркеу қағидасына сол кезде-ақ қайшы келген еді.
Ғылыми орта Дарвин теориясын қызығушылықпен қабылдады. Ғалымның абырой-беделі де арта түсті. Бірақ көпшілік қауым, әсіресе шіркеу үшін эволюционизм қауіпті дінбұзарлық ағым болып саналды. Өйткені Дарвин жаратылыстың бәрін Құдай жаратты деп білетін Шіркеу ілімінің күлін көкке ұшырды. Көптеген университеттердің кітапханаларында, оның ішінде Кембридждегі Трини колледжі кітапханасында Дарвиннің «Түрлердің шығу тарихы» туралы кітабын ұстауға тыйым салынды. Оксфорд епископы Уилберфорс Дарвиннің қалай адасып жүргенін сипаттайтын сөз таба алмай отырғанын айтады, «өйткені мен қарапайым дін қызметшісімін, ағылшын тіліндегі дөрекі, анайы сөздерді білмеймін, ал «эволюция теориясының атасын» тек сондай сөздермен сипаттауға ғана болады» дейді.
Дарвиннің “адамның тегі — маймыл” идеясының пайда болуы
Дарвин “Түрлердің шығу тарихы” еңбегімен тоқтап қалған жоқ. Ол енді үлкен қарсылыққа қарамастан адамның шығу тегі туралы жаза бастады. 1871 жылы оның үлкен дау-дамай тудырған “Адамның пайда болуы және жыныстық сұрыпталу” атты еңбегі жарық көрді. Адамды маймылға туыс ететін идеяны жалау еткен бұл туындыны көпшілік қауым алғашында қабылдамады. Ең қызығы, Дарвиннің бұл еңбегі ғалымдар тарапынан қолдау тапты. Биология ғылымының кандидаты Айтқали Қалимағамбетов бұл туралы: “Адамдар маймылдан таралған” деген сөзді айтқанда, қарапайым,ғылыми білімі жоқ адамның көз алдында не елестейді, әрине, қазіргікездегі адам тектес маймылдардыңбейнесі – шимпанзе, горилла, орангутанг. Ч.Дарвиннің қорытындысы –қазіргі кездегі адам тектес маймылдарадамдардың ататегі емес. Палеонтологиялық мәліметтер бойынша жер бетінде 30 млн жыл бұрын көне приматтар парапитектер пайда болған. Олардан қазіргі кездегі гиббондар, орангутангтар және құрып біткен дриопитектер тарайды. Дриопитектер үш бұтаққа бөлінеді. Біріншісі – қазіргі кездегі гориллаға, екіншісі – шимпанзеге, ал үшіншісі австралопитекке апарды. Австралопитектен аралық формалар арқылы неандерталь – ежелгі адамдар, кроманьон – саналы адамдар дамыды”, — деген тұжырым айтады.
Ал Дарвиннің өзіне «қазіргі маймылдар неге адамдарға айналмайды?» деген сұрақ қойылған-қойылмағаны беймәлім. Қойылса да, қазіргі Дарвин ілімін қолдайтын ғалымдар секілді: “Қандай эволюциялық процесс, қандай түр болмасын, ұзақ уақытқа созылады, талай мың, миллион жылдар барысында айналады” деп жауап беруі әбден мүмкін.
Дарвин атеист пе?
Дарвиннің тұжырымдарын ақтап, оны Құдайға сенетін адам ретінде көрсеткісі келетін ғалымдар да жоқ емес. Биология ғылымдарының кандидаты Бейбіт Исабеков: “Дүниені жаратқанда Жаратушы бастапқыда біржасушалы ағзалардың бірнеше ғана түрін жаратқан. Осы күні дүниенің сан түрлі болуы – бастапқыда қарапайым болып жаратылған ағзалардың дамуының нәтижесі. Дарвин бұл жерде «Құдай жоқ!» деген сөзді аузына да алып отырған жоқ. Бұл – бір. Ал екіншіден, Дарвин өз ілімін зерттеу барысында «Бигль» кемесімен саяхаты кезінде анықтаған табиғи заңдылықтарды ой елегінен өткізіп, университетте дінтану факультетінде оқыған білімімен салыстыра қарағанда көптеген айырмашылықтардың барына көзін жеткізеді. Яғни Інжілде жазылған деректер мен табиғи заңдылықтар бір-бірімен сәйкес келмеген. Мысалы, Інжілде «Дүниені Құдай алты күнде жаратты» деп жазылған. «Бигль» кемесімен саяхат кезіндегі топографиялық зерттеулер жер қыртысының жылдар бойы қалыптасқанын көрсетіп, дәлелдеп отыр. Дарвин бұдан басқа да көптеген мысалдар келтірген. Олай болса, «Інжілде жазылған көптеген мәліметтер қате екен» деген тұжырымға келеді. «Інжіл Жаратушының айтуымен жазылмаған. Оны жазған – адам. Егер Інжілді Жаратушы жазса, онда бұл қателіктер болмас еді», – дейді. Сондай-ақ «Жаратушы – әділдікті жақтаушы, әділдікті орнататын жоғарғы күш. Ал егер қазіргі тіршіліктегі жануарлар әлемі мен өсімдіктер бірлестіктерін зерттеп қарасаңыздар, онда көптеген әділетсіздіктер бар. Ондай әділетсіздіктер шын Құдайдың жаратуымен болмас еді», – дейді де мынадай бір мысал келтіреді. «Поганка» деген ара бар. Сол ара өз жұмыртқасын тірі ханқызын (божья коровка) шағып, соның денесіне қалдырады екен. Ол жұмыртқа осы қоңызды қорек етіп, соның бойында өсіп-жетіледі. Оны біртіндеп жеп, ақыр соңында ара толық дамып, ұшар уақытта ханқызының тек қаңқасы ғана қалады екен. Дарвин «Бұл әділетсіздік қой. Неге біреу-біреуді жеп қояды?» деп көптеген мысалдарды келтіре отырып, «Мұндай әділетсіздік табиғи заңдылықтардың негізінде қалыптасқан қоғамдастықта ғана болады» деген тұжырымға келеді.
Табиғи заңдылықтың негізгі қағидасы – табиғи сұрыптау. «Ағзалардың дамуы, яғни эволюция қалай іске асты?» дегенде Дарвин: «Оны іске асыратын үш күш бар», – дейді де, оларды былай тарқатады. «Біріншісі – өзгергіштік, екіншісі – өзгерген белгілердің тұқым қуалауы, яғни тұқымқуалаушылық, үшіншісі – табиғи сұрыптау. Табиғи сұрыптаудың өзі тіршілік үшін күресте пайда болады. Тіршілік үшін күрес – кез келген ағзалардың соңында шексіз ұрпақ қалдыруға ұмтылысының нәтижесі. Мысалы, бір пілден тараған ұрпақтары аман-есен жетіліп, ары қарай өсіп-өніп отырса, олардың саны 750 жылда 10 миллион болар еді.
Ал пілдердің миллиондаған жылдар бойы өмір сүруіне қарамастан, қазір олардың саны бірнеше миллион ғана. Неге аз?» – дейді де, оған: «Бұл – тіршілік үшін күрестің нәтижесі», – деп жауап береді. Ол не деген сөз? Жер шектеулі, айталық, ірі бекіре балығы 100 мыңға дейін уылдырық шаша алады. Бірақ оның барлығы жетіле алмайды”, — дейді.
Дарвин ілімі Інжілге ғана емес, Құранға да қайшы келеді. Сұрыпталу, әлсізді күштінің жоюы дегеннің барлығы табиғаттағы Құдай жасап отырған тепе-теңдік емес пе?
Ал Дарвин өзінің атеист екенін кітабында мойындайды. Онда: “Соңғы екі жыл бойына дін туралы көптеп ойлануыма тура келді. «Бигльдегі» саяхат кезінде кез келген істі Інжілге тірейтініме офицерлер күлетін. Кейін 1836-1839 жылдар аралығында «Көне өсиеттің» оқиғаларының өтірік екеніне көзім жетті. Онда жазылған кейбір ақылыма сыймайтын дүниелерге қарамастан, әлі де сенетінмін. Қайта-қайта мені таңғалдыратын бір жаңалықтар шығып қала ма екен деп күтетінмін. Бірақ ақылымды сендіретін дәлел табу күннен-күнге қиындай берді. Жан дүниемде сенімсіздік орнап, ақыры соңында Құдайға сенбейтін адам болып шықтым. Бірақ бұл процесс өте баяу жүрді”, — деп жазды.
Дарвин теориясының қазіргі құны
Дарвин теориясы ғасырға жуық уақыт бойы адамзатты адасуға, соқыр сенімге алып келсе де биология ғылымына қосылған үлкен үлес саналады. Көптеген биолог ғалымдар оның идеясын әлі күнге дейін құптайды. Мүмкін бұл ғалымдардың дінге сенбейтіндіктерінен болса керек.....
Дереккөз: Islam.kz