Жылан үйреткен сабақ. Жылан туралы мысал

Oinet.kz 06-09-2020 787

Баяғы заманда бір патша болыпты. Ол елінің барлық бақсы-балгерлерін жинап алып: «Мен бір түс көрдім. Бірақ ұмытып қалдым. Түсімді табыңдар, әйтпесе, бастарың кетеді», – депті. Бақсы-балгерлер зыр жүгіріпті. Сол қалада жұрт әулие санайтын қарт ғалым бар екен. Бақсы-балгердің бәрі жиналып соған келеді. «Патшамыздың бұйрығы бар еді. Түс көріпті, бірақ оны ұмытып қалыпты. Түсін таба алмасақ бәріміздің басымыз кетеді. Бізге жәрдем ет, зауалдан құтқар» депті. Ғалым: «Мен мұндай шаруамен айналыспаймын, берер жауабым жоқ» депті. Бақсы-балгерлер зар еңіреп аяғына жығылыпты. Амалсыздан өтініштерін қабыл алыпты. Сөйтіп орманның ішіндегі үңгірге оңаша кетіп қалады. Сол жерде дұға етіп, ниеттеніп Алладан жәрдем сұрайды. Екі күннен кейін үңгірге бір жылан келіп адамша сөйлейді: «Алла Тағала дұғаңызды қабыл алды. Мені саған жіберді. Патшаға барып: «Түсіңізге қасқыр кіріпті. Қасқыр көру – дүниеқоңыздық, бұзылудың нышаны. Халық бұзылған екен. Салықты екі есеге арттыр», – деп айт. Патша саған 40 алтын береді. Оның жартысы сенікі, жартысы менікі, келістік пе?» – депті. Қарт ұстаз келісіп, патшаға тартып отырады. Патшаға жыланның айтқанын айтып береді. Патша: «Иә, түсімде қасқыр көрген едім, демек жоруы осы екен ғой», – деп салықты екі есеге арттырып, ұстазға 40 алтын береді. Қарт алтындарды алып үйіне келеді де, «жылан алтындарды не қылсын» деп жыланға берген сөзінде тұрмайды. Арадан біраз уақыт өткеннен кейін патша тағы түс көреді. Бірақ бұл жолы да түсін ұмытып қалады. Бақсы-балгерлерді жіберіп, әлгі қарияны алып келуге әмір береді. «Бір рет тілегін орындадым, екінші рет мұны орындай алмаймын» депті. Бақсы-балгерлер: «Келмесең, патшаға қарсы шыққан боласың, босқа басың кетеді», – депті. Қарт үңгірді бетке алыпты. Бес күн бойы мінәжат етеді. Баяғы жылан келіп: «Дертіңді түсіндік. Патшаңа бар да: «Түсіңде түлкі көріпсің. Бұл халқыңның қулығына ишарат. Салықты ең жоғарғы дәрежеге дейін көтер», – деп айт. Патша саған екі кесе алтын береді. Оның біреуі маған, біреуі саған болсын», – депті. Ұстаз: «Келістік, келістік», – деп шығып кетеді. Патшаға келіп, жыланның айтқандарын баяндап береді. Патша түсін есіне түсіріп, «солай екен ғой» деп салықты ең жоғарғы дәрежеге дейін көтеріп, қартқа екі кесе алтын береді. Қарт арам ойына қайта басып, «жылан бұл алтындарды қайтсін» деп тағы өзіне алып қалады. Арадан тағы біраз уақыт өткеннен кейін патша тағы түсін ұмытып қалғанын айтады. Ұстаз қатты ұялса да, жыланға баруға мәжбүр болады. Сол үңгірде бұл жолы он күн бойы мінәжат етеді. Он күннен кейін жылан келіп: «Патшаңа: «Бұл жолы түсіңде қозы көрген екенсің. Бұл халқыңның түзелгенін білдіреді. Қозыдай болған халқыңның салығын ең төменгі деңгейге түсір», – деп айт. Саған екі қашыр жүгіндей алтын береді. Оның біреуі саған, екіншісі маған» – дейді жылан. Қарт ұстаз  патшаға барып, жыланның айтқандарын баяндап береді. Патша екі қашыр жүгіндей алтын береді. Қарт бірден үңгірге тартады. Жыланға келіп: «Жылан мырза! Сенің алдыңда қатты ұяттымын. Осыған дейін берген сөздерімде тұрмадым. Сондықтан, мына алтынның барлығы сенікі. Бірақ, неге менің бұл қылығыма еш ашуланбадың, ылғи өтінішімді орындап шығарып салдың? – дейді. Сонда жылан: «Қарт ұстаз! Мен жыланмын. Маған алтын мүлде керек емес. Мен тек сені сынадым. Нәтижесінде мынаны түсіндім: бір мемлекетте қоғамның ниеті, мінез-құлқы бұзылса, ұстаздары да бұзық болады екен. Ал қоғам дұрыс болса, ұстазы да түзеледі екен. Бірақ, жұрт білімді адамдарды барлық нәрсеге жауапты деп ойлап, ылғи айыптай береді екен, – депті.

P.s. Мұғалімдер күні БҰҰ мына нәрселерге назар аударып, мықтап ойлануға шақырады:

- Сіздің өміріңізді жақсы бағытқа өзгерткен ұстаздарыңыз туралы;

- Білім саласы қызметкерлері үшін бөлінетін бюджет мөлшері туралы;

- Мұғалімдер алаңсыз жұмыс істеуі үшін еңбек жағдайын жақсарту туралы;

- Ардагер ұстаздар үшін зейнетке шығу жасын төмендету туралы;

- Мұғалімдер өз жұмыс орнында алатын моралдық-психологиялық қысымды азайту және т.б.

P.s.s. Қиссаның ғибратын өзіңіз түйіндей беріңіз. Соғыс кезінде кіршіксіз аппақ қолғап киген генерал болмайды. Заманың қандай болса бөркің сондай болады. Күштік құрылымдарға керемет жағдай жасап, жалақысын қанша өсірсе де, нәтиже өзгере қоймайды. Оқу-білім, ғылым мен жаңа технология, елдің экономикасы мен болашағы бәрібір мұғалімдердің  оқытуы мен еңбегіне тікелей тәуелді. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. Күш те, қуат та – білім мен бірлікте. Мұғалім - қоғамның айнасы. Мұғалімдер қандай болса қоғам да сондай болғаны.

Айшуақ Дәрменұлы, 2019 жыл

Дарвин адамның «маймылдан жаралғанына» әлемді қалай сендірді?
Қазақ халқының тағам ұсыну тәрбиесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу