«Жалған патшалар» оқулыққа неге енгізілмеген..?
Әдетте Есім хан тұсындағы мемлекет тарихына көз жүгіртсеңіз жиырма жылға созылған қазақ-бұхар соғысын, ойраттармен қақтығысты және Тұрсын ханның бүлігі туралы оқисыз. Алайда сіз «Жалған Әбдіғаппар» туралы естіп көрдіңіз бе?
Тәуекел ханымыздың Орта Азия жорығы бәрімізге жақсы таныс. Бұхара түбіндегі ұрыста ауыр жараланған хан хәл үстінде Ташкентке жеткізіліп, сонда бақилық сапарға аттанды. Ағасының қайғысынан қан жұтқан Ес-Мұхамед әскердегі билікті өз қолына алды.
Сонымен, Мәскеуде Борис Годунов, ал Түркістанда Есім хан таққа отырды. Алайда артынша бес-алты жылдан кейін Годунов дүниеден өтіп тақты оның ұлы II Фёдор иеленді. Бірақ бұл жас жігіттің тағдыры трагедиямен аяқталып, билігі бірнеше айларға ғана созылды. Бір қызығы осы тұста екі мемлекетте де «жалған патшалар» пайда бола кетті.
Соғыс әлі жүріп жатты. Ал билік басына келген Есімнің алдында қордаланған мәселелер көбейді. Шығыста ойраттар ұдайы қауіп төндіріп тұрды, Еділ мен Жайықтағы жұт, ноғайлардың қазақтан бөлініп көшіп кетуі. Енді міне Бұхар тағына жайғасқан Бақи-Мұхамедтің әскері қазақ жеріне келе жатыр. 20 жылға созылған қазақ-бұхар соғысының алғашқы эпизодтары осылай басталған еді.
Бұхар әмірі жайдан-жай шабуылға шыққан жоқ. Бұл Бақи-Мұхамед деген адам сарай төңкерісінен кейін билікке келген. Жастығына қарамай біздің Тәуекел ханымызға айтарлықтай қарсылық көрсетіп, қамалын қорғап қалғаны және бар. Бұхарда шайбанилер әулеті жойылып, енді жаңа әулет, аштарханилер (орыстар Астраханды жаулап алғанда қашып келген хандар тұқымы) билігі орнады. Бақи-Мұхамедтің үкілі үміті бар еді. Әміршінің бұл үміті үй ішіне үй тігуге әрекеттенген қарақалпақ билеушісі «Жалған Әбдіғаппар» болатын. Әйтпесе, кеше ғана ойсырай жеңіліп, Бұхараға қашқан өзбектерде қазақтарға қарсы жорыққа шығатын әлеуетті күш жоқ еді.
Арасы бірнеше жыл ғана айырмашылығы бар демесеңіз, Ресейде «Жалған Дмитрий», ал Қазақ хандығында «Жалған Әбдіғаппар» пайда болды. Бұл уақытта екі мемлекет гүлдену шағына аяқ басқан-ды. Ресей айналасындағы шағын княздықтарды біріктіріп, Қазан, Астрахан мен Сібірді жаулағанда, Қазақ хандығы ру-тайпалардың басын қосып, қарақалпақ, қырғыз бен ноғайды, Сібірден бөлінген қазақ руларын енді қол астына біріктірген тұста осындай шырғалаңға тап болды.
Сонымен «жалған патшалар» алтын таққа қонжия кетті. Жалған Дмитрий Мәскеуді, ал Жалған Әбдіғаппар Түркістанды биледі. Ал қарапайым халық заңды патшаның кім екенін түсіне алмай дал болды. Жалған патшалардың халықты өзіне сендіре білуі ойын жүрістерін мүлде шатастырып жіберді. Әбдіғаппар деген бұл адам қарақалпақ ортасынан шыққан, Сыр бойындағы ұсақ билеушілердің бірі еді. Жергілікті халыққа өзін Шыңғыс ханның ұрпағымын деп таныстырған ол жалғыз Түркістанды емес, Ташкентпен қоса Сайрамды да қаратты. Ал Есім хан өзіне тиесілі билікті ала алмай, бар уақытын сыртқы жаумен күресуге жұмсады. Есімнің сыртқы жаулармен күресуге күшін сарп етуі Жалған Әбдіғаппардың жанына майдай жақты.
Осылайша Мәскеу мен Түркістан сарайы «жалған патшалар» мекеніне айналды. Енді қайтпек керек деген ой екі елді де мазалады. Осыны пайдаланған көрші елдер қауіп төндіре бастады. Ресейге Польша қысым көрсетсе, Қазақ хандығына Бұхар әскері басып кірді. Есіңізде ме, осыдан 17 жылдай бұрын Тәуекел ханның немере інісі Ораз-Мұхамед орыстарға тұтқынға түсіп, Мәскеуге жөнелтілген еді ғой. Міне, сол ханзадамыз жат елде таққа көтеріліп, Қасым қаласының ханы атанды. Есім хан қазақ жерінде «Жалған Әбдіғаппармен» күресіп жатса, немере інісі Ораз-Мұхамед Ресейде Жалған Дмитриймен арпалысты. Тағы да ұқсастық па?
Самарқаннан ауыр әскермен шыққан өзбектер Ташкентке беттейді. Бұл кезде Ташкентте қазақ сұлтаны Келді-Мұхамед билік етіп отырған-ды. Ташкент әміршісі қалың елді шақырып үлгермейді немесе қажет деп таппаса керек. Өзіне тиесілі қазақ, құрама, қырғыз бен қатағаннан әскер жинап соғысқа әзірленді. Екі жақтың әскері Айғыр-Жар деген жерде кездесіп, Бұхар әскері тым-тырақай қашты. Өкшелей қуған қазақ қосындары Самарқанға дейін төпелеп, үлкен олжамен Ташкентке қайтып оралады. Бұл жиырма жылға созылған қазақ-бұхар соғысының тек бастамасы болатын.
«Мені құм басады, су шаяды деп қорықпа. Егер сен расымен жақұт болсаң, түбі жарқырайсың»
Шығыс даналығы
Арада бірнеше жыл өтпей жатып қарапайым халық шынайы жақұтты көріп, ал «жалған патшалардың» беті ашыла бастады. Есім хан Жалған Әбдіғаппардың далалық қосына басып кіріп, қылышпен шауып өлтірді. Арада бір жыл өтпей жатып өзін IV Иванның кіші ұлымын деп таныстырған Жалған Дмитрий де ажал құшты. Ресейде кейіннен бірнеше Жалған Дмитрийлер болғанымен олар ресми таққа отырмады. Қазақ ордасына қайтадан Орда-Ежен, ал Ресейде Романовтар әулеті билік басына келді. Осы оқиғадан кейін Арал мен Сырды мекендеген қарақалпақтар Есім ханға толық тәуелділікке түсті. Бұл біз келтірген бір ғана оқиға.
Ойлап қарасаңыз, мектеп оқулықтары «КСРО» мен «большевикке» толып тұр. Оған апарып, бітпейтін «пленум-сезъді» жабыстыра бергенше, аш баладай жәутеңдеген хандық кезеңнің кеміс-құтығын түгендейтін кез келген сияқты.
Бұл біздің, қазақтың тарихы. Бұл үшін ешқандай мемлекет бас қатырмайды. Әлде сол баяғыша әркімге бір телмеңдеп, «шетелдік ғалымдар не дейді екен» деп солардың аузын бағып жүрміз бе?
Рысбек Рамазанұлы