САЛЫҚБАЙ МЕРГЕН ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

Oinet.kz 05-09-2020 1003

Screenshot_3.jpg

1930 жылдың 7 ақпанында басталған Созақ көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі әрі Сұлтанбек хан Шалақұлының оң қолы, бас мергені болған Салықбай Аралбайұлының тіршілікте көрмеген азабы жоқ. Жан жарының сүйегі Ақтеңіз жағалауындағы (Беломорканал) каналда қалды.

Қаншама еңбекте көзге түсіп, түрме әкімшілігінің алғысына ие болған анамызды елге қайтаруға мүмкіндік туғанымен, бұл туралы Созақ еліне сұрау салынғанда ағайын-туыс та, сол кездегі аудан прокуратурасы да жылы нышан танытып жауап қатпады. Ақыры аяулы ана елді аңсай-аңсай, екі көзге жас толып, сүйегі орыс елінің батпақты орманында қалды. Қолы қысқа Салықбай мерген «өлгенімше сүйегіңді елге әкеліп бір жерлермін» деген алдамшы үмітпен пұшайман күй кешті.

Сұлтанбек ханның ғұмыры Қытайға барып тірелді. Біреулер сексен жеті жыл, енді біреулер тоқсан үш жыл өмір сүрді деседі. Енді оның анығын Алла біледі...

Баяндап отырған әңгімемізге оралсақ, кейін өзі де итжеккенге айдалған Салықбай мерген біраз жыл Кеңес өкіметінің түрмесінің дәмін татып қайтты. Елге әупіріммен аман-есен оралған Салықбайдың түрмеде беделі зор болыпты деседі. Мергендігі мен адалдығы арқасында, әрине. Кесімді мерзімін өтеп жүріп-ақ тайганың ну қарағай орманында түрме қызметкерлеріне ормандағы елік-бұғыларды атып беріп, үлкен марапатқа ие болып жүреді. Мына орыс жұрты балыққа да құмар халық қой. Теңіздің солтүстік бетінде судың бетіне ыршып шығып, азғантай ғана күн сәулесіне ойнақ салып, қайтадан сүңгіп кететін балықтың бір түрі бар екен. Бір жағы мергендігін сынап, екіншісі сорпасын ішеміз деп Салықбайды түрме басшылары қайықпен теңізге алып шығады екен. Бір қолындағы кісен қайық жақтауына байлаулы. Сонда Салықбай мерген жалғыз қолымен-ақ шоршып секірген балықтарға атқан оғын дәл тигізеді екен. Салықбайды көз мерген деп емес, қол мерген деп атағаны содан болса керек. Басында түрме қызметкерлері бір қолы үнемі қайық жақтауында болатын Салықбай мергеннен «мынау қайықты төңкеріп тастамас па екен?» деп сескенеді екен. Олар адал да аңқау мергенге кейін барып сенген. Салықбайдың адалдығына тәнті болғаннан кейін түрменің бастықтары да имандылық танытқан.

Түрмеден түрліше мақтау қағаздарын арқалап Салықбай Аралбайұлы да елге, Созағына оралған. Жеткіншек елді мекенінде отбасын құрып, мал бағып, түтінін түтеткен көптің бірі боп күн кешіп жатты. Жан жарасы жазылмаса да қотырланып, оқта-текте солтүстік өлкеде қалған әйелінің сүйегін әкелудің амалын таппай, қу қаражат та қолды байлап бұйығы күй кешіп, іштей алай-дүлей сезіммен арпалысып жүрген.

Халық жүрегіне Созақ қасіреті аяусыз дақ салса да, тарих доңғалағы бірсыдырғы айналып жатты. Қой үстінде бозторғай жұмыртқаламаса да, соғыстан кейінгі жаймашуақ өмір басталған.

...Түн жамылған белгісіз екеу Жеткіншектегі Салықбай мергеннің қоржын тамының есігін сындырардай дүрсілдете ұрды.

– Әй, Салықбай, есігіңді аш! Ол заманда қай қазақ есігін кілттеуші еді. Салықбай есікке орай ішке тартылған жіпті ағытқан. Кемпірі майшамды жағуға оқталды.

– Шам жақпай-ақ қой! – Екеудің бірі даусы таныс, гүр ете түсті.

– Дереу киін, облыстан уәкіл келіп тұр. Жауап алады.

Азғана тіл қатысу осымен тәмамдалып, қараңғыдағы екеу қарттыққа бой ұрған Салықбайды дедектете жөнелді. Салықбайдың білгені екеудің бірі жоғарыдан келген тергеу органы адамы, арыз тексере келіпті. Екіншісі – ауылдың шолақ белсендісі, қуаяқ жандайшап. Құдайдың құлағын ұстағандай едірейіп тұр.

Жеткіншектің шетіндегі тастақтың сайында Салықбайды сүйрелеген екеу мергенді атып кетуге әрекет ете бастады. Бұған әбден көзі жеткен Салықбай:

– Жігіттер, мұрсат берсеңдер, бір ауыз датым бар? –деп қиыла өтініш қылды.

– Тірлікте қаншама тауқымет көрдім, алайда, ешкімнің ала жібін аттамап едім. Жазығым ел үшін елмен бірге көтеріліп қызылға қарсы оқ атқаным. Болса да сұраусыз кетіп бара жатырмын, амалым не?! Өлер алдында ең болмаса қараңғы түн болса да, екі рәкәт намаз оқып алайын, соңғы рет Созағыммен қоштасайын, бақұлдасайын.

Итжеккенге айдалып, сонау Солтүстік өлкеден де аман келген Салықбай, кешегі 1930 жылы оқ пен оттың ортасынан да бір жеріне қылау түспей аман өткен Салықбай, 1941–1945 жылғы соғыста тылдағы еңбекке қарқын беріп, белі бүгілмеген Салықбай, тоқ етерін айтсақ, бүкіл өмірі тозаққа айналғандай болған Салықбай мерген қараңғыда отты жарқылымен шаңқ еткен наган даусынан кейін құбылаға қараған бойы ақырын жантая түсті...

Осылайша бір кездері Созақ жұртына аты аңызға айналған Салықбай мерген бақилыққа аттанып, жаны жай тапты.

Ертесі, таңсәріден сиыр айдаған таманың әйелдері:

– «Салықбай жәкемді атып кетіпті!» – деп ұлардай шулап үйді-үйге қашты... Өмір бойы «Созағым!» – деп өткен есіл ер сұраусыз кетті.

Егер біз туған ел тарихын қадірлейтін болсақ, Салықбай мергенге болмағанда Шолаққорғаннан бір көшенің атын алып берер едік-ау.

Салықбайдың Салықбай екендігін дәлелдеу үшін қандай ақиқат керек? Шын ақиқат іздесеңіз жазушы Өтеш Қырғызбаевтың «Салықбай мерген» атты кітабына жүгініңіз. Өзім дырау есіктердің қайсысына бас сұқсам да нәтиже шығара алмадым. Азаттық үшін басын бәйгеге тіккен арда азаматтың ерлік істерін дәлелдей алар ел азаматтары қашан шығар екен? Жоқ, Салықбай мергеннің әруағы күңіреніп жата бере ме?!

Созақ көтерілісі – ол біздің кешегі қанды тарихымыз. Бүгін ұрандап жүрген рухани жаңғыру дегеніміздің өзі төл тарихымызды құрметтеу, кешегіден сабақ алу, оны бүгінгі ұрпақтың жадына сіңіру емес пе?! Осы тұрғыдан келгенде, көтерілістің тарихи мәнін ашып, ондағы ерлерді тарих сахнасына шығаратын уақыт әбден жетті деп ойлаймын. Осы базынамызды Созақ аудандық әкімдігі мен Созақ аудандық мәслихаты ескерсе, қанеки.

Ал, қолына тәспісі оралып, құбылаға жүзін бұрып жатқан Салықбай мерген өлер сәтте не ойлады екен?..

Тұрысбек ШЫЛМАМБЕТОВ,

Балдысу ауылы, Созақ ауданы.

Әзілхан Нұршайықов. ҰЯТ — ең қымбат қасиет!
«Жалған патшалар» оқулыққа неге енгізілмеген..?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу