«Шымкентке жылу әзір берілген жоқ, күтіп отырмыз»

Oinet.kz 28-10-2010 985

Screenshot_6.jpg

Қылышын сүйретіп қыс келеді. Өткен апталарда күннің күрт салқындауы, таулы аудандарға алғашқы қырбақ қардың түсуі «кәрі құданың» қыр астында тұрғын білдірткендей болды. Ауа райы қазір де салқындау. Бірақ Шымкентті орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіп отырған «3-Энергоорталық» тұрғындарға жылу беруге асығар емес. Тұрғын үйлерді қойшы, балабақша мен ауруханалардағы тәрбиеленушілер мен науқастардың жағдайы нешік? Біз кеше Шымкенттегі осындай мекемелермен хабарласып, хал жағдайына қаныққан едік:

Гүлнара Үсенбаева, №100 балалар бақшасының шаруашылық меңгерушісі:

--Балабақша салқындау болып тұр. Қазір балалар жаурап қалмау үшін электрлі жылытқыштар қосып отырмыз. Жылда балабақшаларға жылуды 15 қазаннан кейін бере бастаушы еді. Биыл жым-жырт қой. СЭС-тен келіп тексеріп жатыр. Жылытқыштар қосып отырғанымызды көріп кетті. Жылудың қашан берілетіні туралы әзірге ешқандай мәлімет алғанымыз жоқ.

Ғалымжан Асанов,  жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

--Жылу әлі берілген жоқ. Қашан берілетінін білмейміз. Жақын күндері қосып қалатын шығар. Жылу жүйлері дайындықтан өткізіліп қойылған. Ал, ауруханада жатқан науқстар жаурап қалмау үшін бөлмелерде жылытқыш құралдарын қолдануға рұқсат етіп жатырмыз.

Ғани Үсенов,  ХҚТУ  клиникасы бас дәрігерінің бірінші  орынбасары:

--Жылуды жақын күндері қосып қалады деп күтіп отырмыз. Жылда күннің суғына қарай осы мезгілдерде беріліп қалатын. Осы жөнінде қалалық әкімдікпен сөйлесіп жатырмыз. Өз тарапымыздан қысқа дайындық жұмыстары толығымен жүргізілген. Ал, аурухананың терезелерін қымтап ұстап, бөлмелерге жылытқыш құралдарын қосудамыз.

Ал, облыстық санитарық эпидемологиялық қадағалау департаменті коммуналдық нысандарды  санитарлық қадағалдау бөлімінің бас маманы Жұмабек Ержанов:

-- Негізі норматив бойынша жылдың қай мезгілі болса да бөлмедегі температура 18-20 градустан төмен болмауы керек. Бізге де жылуды еретерк қосу туралы өтініштер түсіп жатыр.  Қалалық әкімдік оны 1 қарашадан береміз деп отыр. Ертең бұл мәселе облыстық әкімдікте өтетін жиында шешіледі. Егер қажеттілігі болса, жылу аталған мерзімге дейін де қосыла беруі мүмкін,--деді.

Облыстық ауа райын болжау орталығының қызметкерлері берген мәліметтерге қарағанда, алдағы қараша жауын-шашынды болады. Ал айдың екінші жартысында ауа температурасы түнде 2-7 градусқа дейін төмендеп, облыстың кей аудандарында қар түсуі мүмкін. «3 Энергоорталық» 1 қарашадан бастап іске қосылғанымен тұрғын үйлерге жылу беру айдың ортасына дейін созылады. Яғни, оған дейін есік-терезеңізді қымтап, электр жылытқыштарын қосып отырудан басқа амалыңыз жоқ. 

Дәл осы жауапты облыстық балалар ауруханасының, Бөбектер үйінің басшылары да айтып отыр. Бәрінің жауабы біреу:--«Жылу әзірге берілген жоқ. Күтіп отырмыз».

Алдағы қыстың қаһары қатты болады деген әңгіме де бар. Қалалық әкімдік қыста тұрғындарға «шемішке шақтырмау» үшін дайындық жұмыстарын қаншалықты жүргізді? Алдын ала тон пішіп, пәлен-түген деуден аулақпыз. Қала басшыларының  «Қысқа дайындықтың бәрі дұрыс» деген сөзіне сенім білдірдік. Жылу маусымына әзірлікті сонау шіліңгір шілдеден бастаған басшылар өздерін ұятқа қалдырмайтын шығар. Әзірге «екі көзі төрт болып» отырған шымкенттіктер жылдағы әдетінен жаңылмай жылудың «жырын» қыс бойы қайталап шықпасын дейік.

Осы сауалды біз Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Салыхан Полатовқа қойған едік.

--Жылуды 1 қарашадан бастап береміз. Бірінші кезекте ол балабақшаларға, ауруханаларға, мектептерге қосылады. Тұрғын үйлер бұдан кейінгі кезекте береміз.

--Ал, егер аталған мерзімге дейін күн күрт суытып кетсе, өзіңіз айтқан балабақшалар, ауруханалар қайтеді?

--Біздің қолымыздан келетін ештеңе жоқ. Бір күнгі суыққа бола жылу орталығын қосып, ертеңіне қайта өшіре алмаймыз ғой. Бұл жұмыстардың өз нормасы бар. Біз соған сай жұмыс істейміз. Жылудың қай кезде қосылуы керектігін анықтайтын СЭС. Бүгінгі күнге дейін олардың тарапынан бізге ешқандай хат түскен жоқ.

--Ал, жылу маусымына дайындық қалай өтті?

--Құбырлардағы қысымдау жұмыстары толығымен біткен.  Дайындықтың бәрі дұрыс.

Құй сен, құй сенбе! Қаржы министрінің былтырғы табысы 10 863 000 теңге
Қызғалдақтың отаны - Оңтүстік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу