Құй сен, құй сенбе! Қаржы министрінің былтырғы табысы 10 863 000 теңге

Oinet.kz 28-10-2010 1025


Screenshot_5.jpg

Шынын айту керек, біздің шенеуніктердің табыс декларациясына көз тастасаңыз, олардың иеліктерінде тасбақа түгілі тас та жоқ екеніне куә боласыз. Әсіресе, әкімдер айлықтан айлыққа әрең жетіп, тиын санап жүргендей көрінеді. Ал, бірақ ел арасынан «пәлен зауыт ана әкімдікі екен, түген базар анау шенеуніктікі екен» деген әңгімелерді естіп жатамыз. Сондықтан ел әкімдердің табақтай табыс декларациясында толтырылған жалғыз жалақысымен және бірді-екілі жылжитын-жылжымайтын мүліктерімен жан бағып отыр дегенге еш сенбейді. Бұл көзбояушылықты шенеуніктердің өздері де сезеді ғой деймін, «Нұр Отан» партиясы көтерген осынау бастамаға елп ете қалған шенеуніктерді көргеніміз жоқ. Басқа-басқа «Нұр Отанның» облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі бұл мәселеге салғырт қарайтындай ма қалай? Оның жеке блогында облыс әкімі болғанға дейінгі 2008 жылғы дерек тұр. Дәлірегі, әкімдік қызметке тағайындалған кездегі қолма-қол 20 мың АҚШ доллары,  «Халық банкідегі» 477 274 теңге. Асқар Исабекұлы «елдің ішінде жүрмін ғой, ең бастысы елім аман болсын» деп өткен жылы жалақысыз жұмыс істемеген шығар, сірә. Тек облыс әкімі жеке блогындағы ақпаратты жаңартуға немқұрайдылық танытып, қат-қабат шаруадан қолы тимеген болар. Әйтпесе, табыс декларациясында әкім кезінде көпшіліктің «көзі өтіп» кететіндей тосын жаңалықты жариялап  таңдандыра қоймас.

Әрине, біреудің қалтасындағы ақшасын санап, қандай дүниесі бар екеніне қызығушылық таныту бір жағы «бі-іртүрлі» көрінетіні рас. Бірақ, президент «шенеуніктер шынының ішінде отырғандай бар тірлігі жариялы түрде болуы керек» деп нықтап айтты емес пе?! Жариялылық -- халық пен биліктің арасын жақындата түседі. Соңғы кездері «пәленшенің табысы қанша екен?» деген сұрақтар көбейе бастаған соң интернеттегі сайттарды әрі парақтап,  бері парақтаған едік. Айталық, Қаржы министрі Болат Жәмішевтің 2009 жылғы табысы 10 миллион 863 мың теңгені құрапты. Бұл дегеніңіз 73 мың доллар. Жәмішевтің меншігінде Астанадағы 4 бөлмелі пәтердің бір бөлігі мен Алматы қаласында 6 сотық жер телімі тіркелген. Білдей министрдің, тағы анау-мынау емес, қаржы министрінің бүкіл жиған-тергені бүтін емес, жарты үйге жетіпті. Бұған сену, сенбеу әрине, Сіздің өз еркіңізде. Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова ханымның жағдайы Жәмішевке қарағанда әлдеқайда жақсы екен. Рас, министрмен салыстырғанда жалақысы төмендеу, бірақ Құдайға шүкір, бүтін үйде тұрады. Бұл лауазым иесі жылдық табыс декларациясында 8 985 000 теңгені көрсеткен және Астананың төрінде төрт бөлмелі пәтері мен екі гаражы бар.  

Дәл осы министрлікке қарайтын салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің табыс декларациясындағы мәлімет: 8 122 000 теңге. Ерғожиннің меншігінде Астанадағы үш бөлмелі пәтер ғана емес, бір компания капиталының 50 пайызы, Ақмола облысындағы 10 сотық жері бар.  

Жәмішевтің жылдық табысы  декларацияда 10 863 000 теңге деп көрсетілгенімен бұл тек жариялы түрдегісі саналатынын, бұдан әлдеқайда артық екенін де  ішіміз ептеп сезеді. Бұл енді Жәмішевтің жеке шаруасы. Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бізге де беймәлім былтырғы табыс декларациясы оқырмандарды да қатты қызықтыратыны даусыз. Бәлкім, оқырмандардың сұранысына орай облыс әкімінің өзі...

Енді Өзбекәлі Жәнібековты өгейсітсек жетіскен екенбіз
«Шымкентке жылу әзір берілген жоқ, күтіп отырмыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу