Онлайн курстың қандай пайдасы бар?
Карантин режимі әлем жанарын еленбеген жаңалықтарға бұрды. Осы уақытқа дейін аз сұранысқа ие сервистер өзектілікке ие болды. Көптеген маман иесі жұмыстан босап қалды. Жаһандану кезеңінде заманына сай адам болу оңай емес. Тәуекел мен шешімталдық сезімі көп қажет. Мысалы, Daryn.online білім беру платформасында наурыз айына дейін 15 мың қолданушы болған. Карантин режимінде білім беру платформасы тұтас қазақстандық оқушылардың көмекші құралына айнала білді. Бірақ платформа 1 күнде жасалмады, 2018 жылдан бастап контентін қалыптастырды. Онлайн-бәсеке адамдардан әмбебап болуды талап етеді. Назарларыңызға Шымкент қаласындағы тұлғалық дамытушы курстардың онлайн режимдегі формасы жайлы ақпар ұсынамыз!
Онлайн курс ― бос уақыт вакуумын тиімділікке толтырады
Адамзат өзі дағдыланған кеңістіктен шығуға қиналады. Содан да болса керек карантинде үйде отырып онлайн мүмкіндіктерді бірден қолдана қоймады. Әлемдік, халықаралық дәрежедегі түрлі ресурстар онлайн форматта тегін қолданысқа енді. Онлайнның «шапағатына шарпылғандар» азшылықты құрады. Елдің қамы ― 42 500 болды. Әттеген-айы сол, азаматтар мен азаматшаларда тіпті банктік жеке есепшоты болған жоқ. Басым бөлігі жеке есепшот аштырумен әлектенді. Ұялы телерфонмен аз уақытта жасалатын әрекетке, таңнан қара кешке дейін кезек күтіп зорға ілінді. Сол сәтте әлемге көзі ашық адам болудың маңызы аса байқалды.
Шымкент қаласы облыс көлемінде оқу курстарының көптігімен ерекшеленетін. Пандемия кезінде онлайн жүйеге көшу курстар үшін оңай болған жоқ. . Мысалы, Қазақстанның бірнеше қаласында жұмыс іститін «Аякен» тігін курсы онлайн және оффлайн форматта курстар жүргізіп келген. «Аякен» тігін курсының Шымкент қалалық филиалының директоры Айдана ханымның айтуынша, карантинде оффлайн курстар тоқтатылған. Курс еш қиындықсыз онлайн режимге басымдық берген. Түлкібас, Жетісай аудандарынан арнайы келіп білім алатын шәкірттердің сабағы карантин режимінің күшейтілуіне байланысты кейінге шегерілген. Бірақ курстың тігінді жаңадан бастаған қыз-келіншектерге арнаған онлайн сабақтарына қатысушы талапкерлердің саны артқан. Арнайы видеоматериалдарға қызығушылардың санының артық болуын филиал директоры курстың қарапайым, түсінікті тілде екендігімен байланыстырады. Клиенттердің көбею факторын әйелдерде бос уақыт вакуумы пайда болғандығымен сипаттайды. Курсқа instagramm әлеуметтік желісі арқылы тіркелушілер көп. Айдана ханым сапалы парақша жасау үшін ешқандай маман жалдамай, контентті өзі дайындайтынын айтты. Бұл салада аудиторияны зерттеуге, курс пакетін сатуға оффлайн курстан жинаған тәжірибе сеп болған.
Оқуға жұмсаған қаржы еселеп қайтқан
Іздеу жүйесінде Шымкент қаласында көптеген қолөнер, аспаздық, этика, салон шебері, тіл үйрету курстарының барын білдік. Жаңа заман сұранысына сай кәсіптер өркендеп жатыр. Адамдар сол салаларға мамандануды бастап қойған .
Суретте Алмас Жасұзақ
Сапалы парақша жасауға көп талпынатын сауда белгілері арнайы SMM мамандарының қызметіне жүгінеді. Нарық заңында сұранысы бар тауар ғана өндіріледі. Қазір әлем онлайн бизнеске көшті. Өйтпесе, бизнесі күйрейді. Бизнес пен интернетті байланыстыратын ― социалды медиа маркетинг. SMM кеңістігінде: видеограф, фотограф, дизайнер , сатылым мәтінін жазатын адамның копирайтер деген аты бар. Шымкенттік видеограф Алмас Жасұзақ өз карьерасын 2018 жылы онлайн курстарға қатысып бастаған. Қызығушылығының негізінде әр түрлі танымал видеографтардың онлайн курстарын оқып, осы саладағы білімін жетілдірген.
Алмас видеограф болғанға дейін кітап саудасымен айналысқан. Алғашқы кәсіби камерасын базарда қауын-қарбыз сатып тапқан қаржысына алған. Барлық жерде жұмысқа тұруға кемінде бір жыл тәжірибе сұрауы Алмасты жаңаша ойлауға жетелеген. Жұмыс жоқтығынан оффицант қызметін атқарып әр түрлі ресторандарға видеоларды тегін түсіріп шығармашылығын жетілдірген. Карантин кезінде ауылда болғандықтан мектеп бітіруші түлектерді суретке түсіріп шығармашылығын қаржыландырған. Талапты видеограф қазірде білім беру орталықтарының онлайн сабақтары мен жарнамалық роликтер түсіреді. Кезінде онлайн сабаққа жұмсаған шығыны қазір еселеп табысына айналуда.Мысалы, соңғы 2 аптада 200 мың табыс тапқан. Басқа жұмыс көздері жабылса да, күннен күнге тапсырыс саны артуда. Бұл саланың тиімділігін ұққан видеограф жақын досы Нұрисламмен бірге жаңа жобалар дайындап жатыр екен. Қазақстандық кәсіби видеографтар 1 минуттың жобадан 5 миллион теңгеге дейін табыс табады.
Қоғамдық бәсекеге оқушылар да дайын
Жасанды интелекттер көптеген мамандықта жұмысшы күшіне айнала алады. Креативтілікті талап ететін шығармашылық мамандықтарда ғана роботтармен бәсеке азырақ болады. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі тұрақты критерийлердің аясында нақтыланады. Қоғамдық бәсеке тұрақтылықтан тыс. Стандарт, тенденция барлығы аумалы-төкпелі. Мектеп оқушыларының бағдарламаны онлайн игеруіне байланысты сын көп. Онлайн ресурс бағдарламадан тек іріктелген қажет мағлұматтарды алуға көмек береді. Білім беру орталықтары онлайн режимде жұмыс жасауы ― балалардың тез үйрену дағдысын қалыптастырады. Болашақта мұндай адам мамандық ауыстырудан еш қиналмайды. Шымкенттік оқушылар онлайн курсқа қатысуды уақытты тиімді басқару деп біледі. №80 мектеп-лицей оқушысы Ақбота Нұржанқызы қазірде Айжұлдыз Адайбекованың «DAMU 4» онлайн-марафонына қатысуда. Ақботаның айтуынша, марафон уақыт жоспарлауды дағдыға айналдыруына себеп болған. Жасөспірімдерде болатын комплекстерден арылу, тығырыққа мүмкіндік ретінде қарау, өзіңмен ішкі диалог құру секілді тұлғалық дамуға жетелейтін әдет қалыптастырған. Мектеп бағдарламасынан тыс дамуға ұмтылатын оқушылардың бар екендігі көңілге медет. Бірақ қаржылай қиындығы бар балалардың бұл үдерістен қалыс қалу мүмкіндігіне қапаландық. Шымкенттік «Meyirim» волонтерлік ұйымы zoom бағдарламасы арқылы балаларға тегін ағылшын, орыс тілі, математика курстарын жоспарлауда екен. Төлемі 5 мың теңгеден басталатын курс қаражаты кей ата-ананың қалтасына ауырлық қылады. Білім жетілдірудің тегін мүмкіндігінің болатынына шын қуандық.
Індет пен міндет
Потенциалын мамандығымен байланыстырмайтын адам өзі қызмет атқаратын кеңістіктен оңай ығысады. Жұмыспен қамтылуда қандай да бір мәселе туындаған жағдайда жүйкесін босқа шаршатпайды. Барбара Оакли славян тілдерінің маманы ретінде армия құрамында қызмет атқарады. Кейіннен инженерия саласына бет бұрып, ЖОО профессоры дәрежесіне жетеді. Қазірде Барбара үйренуді үйрену онлайн курс платформасын жасаған. Өмір мен өзін өзгертуге ешқашан кеш еместігін реал оқиғасымен дәлелдеген маман онлайн оқу тиімді екенін айтады.
Әлемде тараған індет адамдарды үмітсіздікке салмауы тиіс. Абай Құнанбайұлы : «Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер» деп рухты күйрететін факторды нақты көрсеткен. Тәннің ауруы сәт сырқайды. Білімсіздік көлеңкесін тұтас ғұмырға түсіреді. Шымкенттік онлайн курстарға тұрғындар тарапынан сұраныстың жоғарылығы ― көпжақты тиімділік.
P.S. Мобильді қоғам адамның керегі мен қажетсіз дерегінің шекарасын бұзуда. Ойын бір нүктеге шоғырландыра алмау шешім қабылдауда қиындық туғызады. Онлайн курстар арқылы дағды үйрену адамға ғаламтор ресурсын дұрыс пайдалану, ақпараттық диета ұстау секілді әдет қалыптастырады. Нарық сұранысын қанағаттандыра білетін жұмысшы бар қоғамға керек. Әлем мойындаған алпауыт АҚШ-та Ұлы депрессия кезінен кейінгі ең үлкен жұмыссыздық деңгейі індет кезінде тіркелген. Демократияға қайшы деп карантин режимін аса сақтамаса да, шағын және орта бизнес құлдыраған. Freedom house халықаралық құқық қорғау ұйымы рейтингінде жыл сайын ЖІӨ көрсеткішімен көш бастайтын елде 40 миллион адама жұмыссыз қалған. Бұдан шығар қорытынды, бүгін бар нәрсенің ертең сақталуы екіұдай. Сондықтан бастысы жоқтан бар жасап үйрену керек. Шымкенттіктердің жаңа күнге құлшынысы жоғары. Оның дәлелі ― білім саласындағы бәсеке.