Шымкенттегі №8 мектеп жабылды
Шымкент қаласындағы М. Дулати атындағы дарынды балаларға арналған №8 гимназияның бастауыш сынып оқушылары оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталмай жатып, демалысқа шығуына тура келді. Соттың шешімімен білім ұясы белгісіз мерзімге жабылды. Мектептегі оқу процесінің тоқтатылуына өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болып отыр. Күндізгі сағат 11-лер шамасында мезгілісіз соғылған қоңырау үні бүкіл мектепті дүрліктіріп жіберді. Сот орындаушылары мен төтенше жағдай қызметінің мамандары оқушыларды мұғалімдерімен қоса сыртқа шығарып, сынып бөлмелерінің есігіне мөр соғып-бекітіп тастады. Алғашында барлығы да мұны әдеттегідей азаматтық қорғаныс ісі бойынша өткізілетін оқу жаттығу жиынының бірі болар деп болжаған. Бірақ ешкім мектепке қайта кіре алмады.
-Мектептің жабылатыны туралы ешкім ескерткен жоқ. Енді не істерімізді білмей тұрмыз. Сабақ түске жақын аяқталады. Ата-аналары келмей балаларды ешқайда жібере алмаймыз. Бірдемеге ұшарап қалса біз жауап береміз ғой,- дейді шарасыз кейін танытқан бастауыш сынып мұғалимасы Татьяна Гросул
Мектептегі бөлемелердің арасы ағашпен бөлінген. Апат жайлы хабар тарататын дабыл қаққыштар мүлдем жоқ. Терезелер темір торлармен құрсауланып тасталған. Бұл мектептегі өрт қауіпісіздігіне қатысты төтенше жағдай қызметкерлері анықтаған кемшіліктердің негізгілері. Ескерту мектеп басшылығына өткен оқу жылында жасалған. Соған қарамастан ұстазадар балалардың өмірін күні бүгінге дейін қауіп-қатерге тігіп келген. Сот орындаушысы Клара Бекбосынованың айтуынша сот шешіміне сәйкес мектеп басшылығына шілде айында ескерту жасалған. Бірақ содан бері ескертуге ешқандай жауап болмаған. Төтенше жағдайлар қызметінің талаптары да орындалмаған болып шықты. Мектепте сабақ процесін тоқтатылуына себеп болған осы жәйттер. Алайда мектеп басшылығы біз де құр қарап отырған жоқпыз дейді. Ұстаздар қосымша қаржы іздестіріп көрген. Бірақ нәтижесіз. Бұған қатысты гимназия директоры Шолпан Бейсембаева «қауіпсіздік талаптарына қатысты кемшіліктерді жою үшін 743 мың теңге қажет. Бұл қаржы келер жылдың бюджетіне енгізіліп отыр. Мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп айтқанбыз. Не себепті мектепті жабуға асығысытық танытқандарын түсіне алмадым,-деген уәж айтып отыр.
Жалпы Талдықорғандағы болған қайғылы оқиға төтенше жағдай қызметкерлерінің талапты күшейтуіне түрткі болды. Қазір Оңтүстіктегі мекемелердің барлығында өрт қауіпсіздігі ережелері қатаң тексеріліп жатыр.
Ал Шымкенттегі №8 мектепке қарасты бастауыш сыныптарға арналған оқу ғимаратының жабулы тұрғанына бірнеш күн болды. Аяқ-астынан сабақтан қол үзген 800-ге тарта шәкірттің қашан және қай жерде оқуын қайта жалғастыратыны әзірге беймәлім. Белгілісі тап осындай кемшіліктері үшін таяу арада Шымкентте тағы бір балабақша жабылмақ.
"Рейтинг" газеті №37, 16 қазан 2009 жыл