Мұхтар Шаханов аштық жариялауға шақырып жатыр
Екі апта бұрын бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында республикамызда шығатын газет-журналдардың бас редакторлары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, барлығы 124 адам қол қойған, 5 мыңнан астам халық қолдаған «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа, қазақ халқына, республикамыздағы өзге ұлт өкілдеріне Ашық хат жарияланған еді. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы талқылауға ұсынған «Ел бірлігі» доктринасы қабылдануына қарсылық білдірілген болатын. Енді бастамашы топ Ашық хатқа бүгінге дейін 15 мың адамның қуаттап, қол қойғанын жұрттың есіне сала отырып, Қазақстан билігінен нені талап етіп отырғанын қысқаша айтсақ мынадай::
«Егер билік Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы ұсынылып отырған, өзінің түпкі негізін «американдық ұлттан» алатын «ел бірлігі» («қазақстандық ұлт») доктринасына тоқтау салмайтын болса, осы жылдың 20-қыркүйегінде Республика сарайында 4 мың адам қатысқан «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясында билікке қойылған 10 талапты орындауға, оның ішінде әсіресе мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдауға және тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін мемлекеттік тілде телеарна ашуға уәде бермесе, 17-желтоқсанда, яғни, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 23 жыл толған күні, ұлтының, тілінің жойылуына келіспейтін адамдармен бірге аштық жариялаймыз. «Ел бірлігі» доктринасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып отырғандықтан ол туралы пікір айтуға, қарсылық білдіруге бәріміздің де құқымыз бар. Ал аштық жариялау аясындағы менің жеке басыма тоқталар болсақ, екі рет жүрек талмасын (инфаркт) алған адам ретінде маған бұл шара үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ ұлтымыздың жойылғанын көргенше, оған дейін көз жұма салған әлдеқайда жеңіл емес пе?!
Бізбен бірге Бақтыбек Иманқожа бастаған «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінен 30 адам, Бейсенғазы Сәдуұлы бастаған «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінен 20 адам және белгілі тарихшы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов бастаған ғалымдар тобы, Қазақстанның халық қаһарманы желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың анасы Дәметкен Асанбаева мен желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова бастаған аналар тобы да аштық жариялауға отырмақ. Аштық жариялаушылар тізімі 17-желтоқсанға дейін жалғаса бермек» дейді «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, талантты ақын МҰХТАР ШАХАНОВ.