Әкімдерге сын сағат туды

Oinet.kz 06-03-2009 1018

a67e5b5016308033385345cb6d121ecf-e1539837868486.jpg

Дағдарыс – Үкімет үшін ғана емес, облысты басқарып отырған кез-келген әкім үшін де үлкен сын екені даусыз. Мемлекеттік қазынадан келіп түскен қаржыны жаратуға жүйрік шенеуніктер ендігі жерде өз бетінше қаражат тауып, тығырықтан шығар жолды іздеуге  мәжбүр. Бүгінде  әкімдердің қызметі қабылданған «антикризистік» шараларға қарап бағаланатын болды.  Шыны керек, облыс басшыларының басым көпшілігі мұндай шаралар ретінде жауыр болған мораторий мен меморандумдармен шектелуде. Істен гөрі сөз жүзінде ғана күреседі. Әлбетте, бұл халықтың назарынан тыс қалмайды. 

Жуырда әлеуметтанушылар  және саясаттанушылар  республика деңгейінде сауалнама жүргізіп, әкімдердің халық арасындағы беделін анықтауға тырысты. Басты көрсеткіш – халықтың әкімге сену-сенбеуі.  

Әлеуметтік жағдайдың қиындығына қарамастан  тұрғындар әкімдердің дағдарыс кезіндегі әрекеттеріне «орташа» деген баға беріпті. Қазақстан әлеуметтанушылар және саясаттанушылар ассоциациясының мәліметіне жүгінсек, әкімдер өңірлерде қордаланған экономикалық және әлеуметтік  мәселелерді шешуге  шамасы келмей жатыр. Дағдарыстың күшеюі әкімдердің рейтингтік көрсеткіштеріне айтарлықтай өзгерістер алып келді. 2009 жылдың алғашқы тоқсанында әкімдердің көшін Атырау облысының әкімі Берген Рысқалиев пен Қостанай облысының басшысы Сергей Кулагин бастады. Сауалнамаға қатысқан атыраулықтардың 58,1 пайызы Рысқалиевті шаруашылықты жақсы жүргізетін басшы ретінде танып, 41,3 пайызы оның дағдарысқа қарсы атқарған жұмыстарына жоғары баға берді. Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннің рейтингісі өткен жылдың төртінші тоқсандағы көрсеткішімен салыстырғанда 1,6 есе өсіпті. Дағдарысқа қарамастан қостанайлықтардың 61 пайызы Кулагинді білікті әкім ретінде мойындайды.  Ал респонденттердің 40 пайызы дағдарысқа қарсы қабылданған шараларды тиімді деп бағалаған. Таңдаулы әкімдердің қатарына Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов пен  Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев та кірді. Бұл өңірлердің тұрғындары дағдарыс жағдайында Үкіметтен гөрі  әкімдеріне көбірек сенім артатынын білдірді. Сенім көрсеткіші орта есеппен 60-70 пайыз аралығында. 

Орташа баға алған әкімдердің тізімінде  Маңғыстау және Ақмола облыстарының әкімдері  Қырымбек Көшербаев пен Альберт Рауды, сонымен қатар Астананың мэрі Иманғали Тасмағамбетовті байқадық. Көшербаевке деген сенім соңғы айларда біршама артқанымен, азық-түлік бағалары мен тарифтердің өсіп (халықтың 59 пайызы), жалақының азаятынына (30 пайызы) алаңдап отырғандар да аз емес. Альберт Рауды көкшетаулықтардың 39,4 пайызы білікті басшы деп таныса,  43,8 пайызы дағдарыс кезіндегі іс-қимылдарына оң баға беруді жөн көрген. Раудың әлсіз тұсы – баға мен тарифтің өсуін тоқтатуға қарқыны жетпейді.  Иманғали Тасмағамбетовтің рейтингтік көрсеткіші көпшілік үшін күтпеген жағдай болды. Астаналықтардың әр төртінші тұрғыны Имекеңе сенбейді екен.  Сұралғандардың тең жартысы Тасмағамбетовтің қандай әкім екенін әлі біле алмай жүр.  Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің де мақтанатындай жетістіктері аз.

Аутсайдерлердің қатарына негізінен оңтүстік өңірдегі әкімдер ілігіпті. Атап айтқанда Алматы қаласының, Алматы, Жамбыл, Қызылорда  және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдеріне сенімсіздік білдірушілер көп екен. Алматылықтардың тең жартысы қала әкімі Ахметжан Есімовтің дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларын тиімсіз деп санаса, тұрғындардың 34 пайызы әкімді білікті басшы ретінде қабылмайды екен. Олардың пікірінше Есімов халықтың мүддесінен гөрі қарақан басының қамын көбірек күйттейді. Қараша айындағы көрсеткішпен салыстырғанда рейтингісі 2,4 есеге төмендеп кеткен.

Рейтингтің ең соңғы орындары Қызылорда, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарының басшыларына бұйырды. Мұхтар Құл-Мұхамедтің орнын басқан Болатбек Қуандықов Қызылорданың көсегесін көгертпек түгілі әлеуметтік жағдайды тым нашарлатып жіберген көрінеді. Оңбай құлаған әкімдердің қатарына Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембинді жатқызуға болады. Оның рейтингтік көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда екі есе төмендеп кеткен. Жексембиннен Оңтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Нұрғали Әшімов те  алысқа ұзап кете алған жоқ. Былтыр қарашада жарияланған рейтингте біршама  тәуір  көрсеткішке ие болған Әшімов бұл жолы соңғы орындарға қарай сырғыды. Халықтың 60 пайызға жуығы экс-әкімнің тірлігіне көңілі толмайтынын білдірген. Ендігі үміт облыстың жаңа әкімі Асқар Мырзахметовте болып отыр. Оған, басқа да облыс, қала әкімдеріне «тар жол тайғақ кешу» кезеңнен алып шығар іскерлік қарым-қабілет, яғни сын сағат туды.

Жандар Наурызбайұлы   

Папасы да депутат, баласы да депутат...
Бір қолды қарақшылардан айла артылмай тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу