Папасы да депутат, баласы да депутат...
«Сабақты ине сәтімен» деген... Жыл сайын қыз-келіншектер мейрамының құлағы қылтиғанда билікте жүрген әйел азаматтарды бір түгендеп қоятынымыз бар. Әрине, Оңтүстік Қазақстан облысында қызметтік көлік мінген қыз-келіншектер баршылық. 2006 жылы 9 аудан-қала әкімдерінің орынбасары әйел азаматтар болған екен. Әшімовтің билігінің тұсында әкімдікте жүрген бұл әйелдердің саны қысқарып, бесеуге түсіп қалыпты. Бұдан басқа облыстағы 4 департамент, басқарма мен 7 ауыл әкімшілігінің тізгіні осы әдемі келіншектердің қолында. Халық сеніміне ие болған 15 депутат-әйелдің біреуі ғана облыстық мәслихаттың төрінде отыр. Қалғандары қалалық-аудандық мәслихаттардың мандатын иеленген.
«Нән қызметте нәзік жанды әйелдер неге аз?» деп жоғарыдағыларды жазғыра алмайсың, әрине. Билік деген дастархан басында бір қыз, бір бала болып араласып отыратын жастардың көңілді басқосуы емес. Әйтсе де Түлкібас ауданының әкімі Ерғали Сарманов бұған дейін облыстық білім басқармасын басқарғанда қыз-келіншектермен жұмыс істеуден әбден шаршаған ба, бұл аудан әкімінің аппаратында бірде-бір басшы әйел жоқ екен. Ал, керісінше Ордабасы ауданының әкімі әйелдерді қызметпен жарылқап-ақ тастапты. Бұл аудандық әкімшілікте 6 бөлімнің бастығы осы ұзын етектілер екен.
Айтпақшы, әлгінде айтқан 15 депутат әйелдің қатары жақын күндері тағы толығып қалуы мүмкін. Өйткені 29-наурызда облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына қайта сайлау өтпекші. Соның ішінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер болып «ТИК құрылыс сервисі» ЖШС-інің директоры Қаламқас Қанатбекқызы Досалиева мен «НұрОтан» партиясының атынан ОҚМУ-дың 3-курс студенті Балмаржан Нарбекова бағын сынамақшы. Әрине, жастардың саясатқа араласып, белсенділік танытып жатқаны қуантады. «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деген ән бүгінде тура «НұрОтанға» арналып айтылғандай, мәслихат сайлауында көбінесе «НұрОтан» партиясының атынан түскен үміткерлердің мерейі үстем болатынын көз көріп жүр. Соған қарағанда бұл сайлауда Балмаржанның бағы жанып кетуі әбден мүмкін. Мұны қайбір күні «НұрОтан» партиясының жиналысында сөз сөйлеген облыстың бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімовтің мына сөздері растай түскендей еді. Сол жиында облыс әкімі Балмаржанның есімін ерекше атап, жастарға қарап «енді сендердің мәселелеріңді жоғарыдан қозғап, шешіп отыратын мәслихаттағы өкілдерің болады» деп айтып салды. Ол кезде сайлауға үміткерлерді тіркемек түгілі әлі ұсынылып та біткен жоқ еді. Сонда қалай, әлі саяси дода басталмай жатып, Әшімов Балмаржанның бағы жанатынын қайдан біледі? Әлде «сайлау ешқашан әділ өткен емес, кім өтетінін алдын-ала шешіп қояды» деп дәл осы сайлауға қатысудан бас тартқан 7 партия басшыларының сөздері шындыққа жанаса ма? Сайлау деген қып-қызыл тартыс, бәсеке, басқа-басқа Оңтүстікте бұл додада адам күтпеген нәтижелер болуы мүмкін. Әйтсе де облыс басшысының сәуегейлік танытып, сөз арасында картаны ашып алуы жергілікті биліктің сайлау тағдырын шешіп қойғандығын аңғартса керек. Енді міне, Әшімов ат ауыстырды. Жаңадан әкім келді. Бірақ, әкім ауысқанмен сайлаудың «сценарийі» ауысты ма?
Жалпы бұл жолғы доданың екі ерекшелігі болып тұр. Біріншіден бұл додаға көбінесе өткен сайлауда жолы болмай қалған үміткерлер ат қосып жатыр. Мысалыға «НұрОтан» партиясының облыстағы бірінші орынбасары Шәріпбек Жамалбеков бұған дейін де депутаттық мандаттың майын ішіп, шайын шайқаған жан. Соңғы рет Сенат депутаттығына «көз» салып еді, жолы болмады. Екі жыл бұрын облыстық мәслихаттың депутаттығына бақ сынап ұтылып қалғанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Сол жолғы сайлауда облыстық мәслихаттың депутаты кезінде бірбеткей, тентек мінезімен басшыларды қуырып алатын Қапалбай Тұрдыбеков те қарсыласынан жеңіліс тауып, басқа біреу өтіп кетті. Қалалық мәслихаттың депутаттығына түсіп жатқан Әмірхан Әйменов те бұрын бір рет жеңілістің ащы дәмін татқан. Кезінде Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы қызметінде жүргенде басы дауға шатылып, «НұрОтаннан» қуылып кеткен Ғабит Нысанов та соңғы сайлауда сан соғып қалған болатын. «Жығылған күреске тоймайды» десек те бұл үміткерлер аузы күйгендіктен осы жолғы сайлаудың шәйін үрлеп ішіп, өте сақ қимылдайтыны белгілі.
Екінші мәселе... Әрине, депутаттыққа кім түсемін десе де өз еркі. Әйтсе де соңғы жылдары Оңтүстікте отбасылық депутаттар көбейіп барады. Мысалыға қараңыз:
Әбілқасым Досболов, облыстық мәслихаттың хатшысы, ұлы Айдар Досболов Сайрам аудандық мәслихатының депутаты.
Нұржан Құрманбеков, облыстық мәслихаттың депутаты, қарындасы Гүлнәр Құрманбекова Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.
Бұған дейін облыстық мәслихаттың депутаты болған Тұрсынбек Асамбаев өзі Шымкент қаласынан, ұлы Тимур Кентау қаласынан ат қосып еді, бірақ екеуі де сайлауда ұтылып қалды.
Қапалбай Тұрдыбековтің інісі Бейсенбай Тұрдыбеков те облыстық мәслихатта бағын сынаған.
Енді 29-наурызда өтетін сайлауға қатысатын үміткерлер арасында да осындай жағдайлар кездесіп отыр
Салмахан Зиябеков, облыстық мәслихаттың депутаты, ұлы Мақсат Зиябеков осы сайлауда қалалық мәслихатқа бағын сынамақ.
Рахым Тәңірбергенов, облыстық мәслихаттың депутаты, ұлы Ерқанат Тәңірбергенов Шымкент қалалық мәслихаты депутатығына үміткер болып отыр.
Әңгімеміз әйелдер жайлы әп-әдемі басталып еді, соңы сайлауға ұласып кетті ғой. Тағы да қайталап айтамыз, жалпы билік болсын, қызмет болсын, ала қойды бөле жарудың қажеті жоқ шығар. «Қызметтік көлік мінген қыз-келіншектер көбейіп кетті немесе азайып кетті» деп байбалам салудың бәрі бекершілік. Бәрі бағынан көреді де...
Әйтсе де халық қалаулысы атану - қызметке тағайындала салу емес. Қызмет қолдың кірі, ал, депутат халықтың өкілі, пірі. Шын мәнінде халықтың сеніміне ие болып, аманатын арқалаудан артық ауыр міндет жоқ. Депутаттық кресло өте киелі орын. Ал, біз осы қасиеттердің бәрін ойыншық етіп, депутаттықтың қадірін қатты төмендетіп алған жоқпыз ба? Рас, Кеңес Одағы кезінде қойшы да, сушы да депутат болып, төрде отырды. Бірақ, олар сол төрге ұзақ жылдар бойғы адал еңбегімен, маңдай терімен жетті емес пе? Ал, біз студенттен саясаткер жасағымыз келеді.
Заман басқа, заң басқа десекте, депутаттық лауазым ешқашан да мақтангершіліктің, жалған абырой мен асыра сілтеушіліктің құрбаны болмауы тиіс. Сондықтан отбасылық депутат мәселесі әбден ойланатын нәрсе.
"Рейтинг" газеті