ҰБТ – өмір емтиханы емес

Oinet.kz 04-12-2017 944

Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов баспасөз мәслихатын өткізді. Мәслихатта басқарма басшысы білім саласында атқарылған нақты жұмыстар жөнінде баяндады:

– Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, соңғы бес жылда облыс мектептеріне 40285 дана компьютерлер сатып алынған. Бұдан бөлек, мектеп оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің kundelik.kz пилоттық жобасы өңірдегі 710 мектепте ендіріліп, жұмыс жүргізуде. Бұл облыстағы мектептердің 69 пайызын құрайды, - деді басқарма басшысы.  

Screenshot_8.jpg

Сонымен қатар мектептерді электронды білім беру контентімен қамтамасыз ету мақсатында «Bilimland» білім беру платформасына қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаға 1021 мектепті қосуға республикалық бюджеттен 2017 жылға 222,2 млн. теңге қаралып, нәтижесінде білім мекемелері электронды білім беру контенттеріне толық қосылған.

Брифинг барысында басқарма басшысы латын әліпбиіне көшуге байланысты өз ойын білдіре кетті:  

– Латын әліпбиі біздің оқушыларға таңсық емес. Олардың WhatsApp қызметі арқылы бір-біріне жіберіп жатқан жолдамаларына қарасаңыз, оның 60-70 пайызы латын әріптерін қолданады. Олар телефонда қазақ, орыс пернетақталарын ауыстырып әуре болып жатпайды. Қазақша сөздерді де, орысша сөздерді де латын әріптерінде жазады. Менің ойымша, балалар латын әліпбиін тез меңгеріп кетеді. Себебі, зейтнеткерлік жасқа жақындаған біз де еш қиналып жатқан жоқпыз. 

Латын әліпбиіне көшу жүйелі түрде енгізілетін болады. Әуелі 1-ші сынып оқушыларына, одан кейін 2-ші сынып оқушылары бірте-бірте латын әліпбиіне көшеді.  Кем дегенде 7-8 жылда өтетін болғандықтан ешқандай қиындық тумайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда алфавиттегі символдар бойынша талқылаулар болып жатыр. Бір нәрсені талқылау үшін алдымен жобаны бекітіп алу керек. Дәл қазір сіз, сіздің балаларыңыз үлкен бір тарихи кезеңнің куәсі болып отырсыздар. Осы тарихи кезеңде жаңалықты енгізуге ат салысатын кейіпкер болып отырсыздар. Сондықтан да, біздің жастарымыз да, біз де бақыттымыз. Себебі, бұл ана тіліміздің, мемлекетіміздің мәртебесін көтеретін үлкен төңкеріс, үлкен бетбұрыс. Осыған орай, біз кемшіліктерді сынамай, керісінше, мына жерін былай түзесек қалай болады деп ұсынысымызды білдірсек, біз тарихи кезеңде тарихи рөлімізді ойнаған болар едік. 

Сонымен қатар, Исатай Өмірзақұлы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты ең бірінші психологиялық тұрғыдан бастау керектігін айтты: 

– Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық тек оқушы емес, ата-ана-бала-мұғалім арасында болу керек деп ойлаймын. Ең бастысы, баланы тестілеуге психологиялық тұрғыда дайындауды күшейту керек. ҰБТ – өмір емтиханы емес. Осыған баланы философиялық көзқараспен дайындасақ, суицид секілді жайттар мүлдем орын алмайды және бала тестілеуде өзін еркін сезініп, білетін сұрақтарынан жаңылмайды.Бұл үшін мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты реттеу керек. Оқушы мұғалімді «2» деген баға қоятын жазалаушы ретінде емес, білім беретін жан ретінде көргені абзал.   

Және басқарма басшысы түймедейді түйедей етіп кемшілік іздей берген жөн еместігін хабарлады. Оған көптеген арыз-шағымдар директор бойынша түсетін көрінеді. Яғни, «бұрынғы директор жақсы еді, қазіргі директор бізді қудалап жатыр» деп шағымданатындар өте көп. Мұны жүйелі түрде жоймаса, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже болмайтынын айтты. Сондықтан да, Исатай Өмірзақұлы мектеп директорларын жария түрде тағайындау жүйесі жөн екенін айтты.  

Қаржы пирамидасынан сақ болыңыз!
Алаңда болған көп қыз-жігіттердің тағдыры әлі күнге белгісіз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу