Бізден сізге не керек? Бизнес-тренерлер нені көздейді?

Oinet.kz 20-11-2019 2237

Screenshot_10.jpg

Жұртты бизнеспен айналысуға шақыратын және оның жолдарын үйрететін бизнес-тренерлер алғаш капитализм орталығы – АҚШ-та пайда болды. Тренингтерде ірі корпорация басшылары жұртпен өз құпияларын бөлісті. Бизнесте неден қашық болып, неге жақын болу керек, соның ара-жігін ажыратып берді. Бизнес-тренерлер абыройға ие болып, ел арасында сүйкімдері артты. Мұндай тренингтерге барушылар саны жылдан-жылға арта берді. Кейіннен бұл тенденция әлем елдеріне тарай бастады. Қазіргі таңда елімізде бизнес-тренерлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейтіп кетті?

Жақында көптеп көріспеген досыммен сөйлесіп қалдық. Қыза-қыза әңгімеміз жеке кәсіпке келіп тірелді. Осы сәтте оның көңіл-күйі күрт өзгеріп сала берді. Неге екенін сұрап едім, ол басынан өткен оқиғасын айтып берді:

- Алматыда университет қабырғасында жүргенде жұмыс іздеп көрдім. Ақшадан қысылмадым, тек, жұмыс істеп көргім келді. Жора-жолдастарымнан сұрастыра жүріп таптым. Кеңсесі қаладағы орташа деңгейлі бизнес орталықта орналасқан бір сауда фирмасына SMM-менеджер болып жұмысқа орналастым. Менің негізгі міндетім – тауарды әлеуметтік желіде жарнамалау. Тәп-тәуір басталған жұмысым қожырай бастады. Себебі, мен уақыт өте келе кеңсені тазалап, жүк тасушы, пошташы секілді қара жұмыстарды қатар атқардым. Бұл маңызды емес. Бір күні бастық бізді жинап: «бизнес семинарға қатысасыңдар» деді. Қуанып қалдық. Дегенмен, оған 5 мың теңгеден жинайды екенбіз. Семинар ақылы болып шықты. Әлгіндегі қуанышымыз су сепкендей басылды. Бармасақ болмайды. Қинап апарды. Сөйтсек, бизнес-тренер басшының досы көрінеді. Бизнес-тренер орталықтағы акт залын жалға алып, семинар өткізді. Ұзын-ырғасы 50-ге жуық адам жиналыпты. Ойланып қалдым. Әрқайсысы 5000 теңгеден (алдыңғы қатардағылар 10 мың теңге) өткізсе, онда мына бизнес-тренер кемі 250 мың теңге табатын болып тұр ғой. Соншалықты не айтады екен деп сыни көзбен зейін қойып тыңдай бастадым. Қысқасы, 3 сағатқа созылған семинарда түк те айтылмады. Мысалы, әлгі бизнес-тренер былай деп әңгімесін бастады:

«Бұрын коммуникаия деп телефон, интернет секілді байланыс құралдары көз алдыма елестейтін. Сөйтсем, коммуникация деген қарым-қатынас екен. Екі адам бір-бірімен ақпарат алмаса ма, міне, бұл коммуникация! Мен бүгін сіздермен коммуникация орнатқалы тұрмын. Өйткені, әрбіріңізде баға жетпес ақпарат кені жатыр. Соны бір-бірімізбен өзара бөліссек...».

Мен таң қалдым. 3 сағатта мен білетін, жалпы көпшілік білетін нәрселер айтылды. Бизнес бастау үшін кәсіпкер ештеңеден қорықпау керек. Қиыншылықтарға қарамай алған беттен таймау керек. Тек еңбек ету керек, т.б. Былай қарасаңыз, осы ақыл-кеңестерді ақша төлеп тыңдаған қаншалықты оң шешім? Бұл ақпараттарды ашық ресурстардан оп-оңай табасыз ғой? Семинарға менің көңілім мүлдем толмады. Әйтсе де, өзге қатысушылар ауыздарын ашып, аһ ұрып отыр. Себебі, әлгі демагог тренер манипуляцияны меңгерген екен. Майға батырған қасықтай сөйлейді. Ол жаттанды ақыл-кеңестерін түрлі мысалдар

арқылы жеткізіп, аудиториямен тығыз байланыс орнатуға тырысты. Тойдағы тамада іспеттес.

Ең қызығы, coffee break уақытында болды. Өте қымбат киінген, шаштарын гельмен қайырған 30-дар шамасындағы екі жігіт:

Қанша тренингке барып жүрмін. Дегенмен, ешқайсысынан дәл бүгінгідей әсер алмаппын. Бұл кісі нағыз гуру екен, - деп бір-бірімен сөйлескен болып, әлгі тренерді бізге естіртіп мақтай бастады. Мен бірден сездім. Бұлар – бизнесмен рөлін сомдап жүрген әртістер. Бұрындары алик,малик,шарик секілді ойындарға клиент тарту үшін біреуді жалдап, оны ұтқызып, небір құйтырқы іс-әрекеттерге барушы еді ғой. Бұл жігіттер бизнес-тренерге деген сенімді ояту үшін, яғни, жұртқа «бұл тренерге өте дәулетті кісілер де барады екен ғой» деген ой қалыптастыру үшін жүрген жалдамалы жандар.

Жалпы, мен кез-келген жайтқа сыни көзбен қарап үйренгенмін. Сапасыз семинар өткізген сол бір қызыл сөз шеберінің кесірінен бизнес-тренерлерден мүлдем көңілім қалды. Бәрінен бұрын жұртқа таң қалдым. Көпшілігінің көздері ашық емес екен. «Аңқау елге - арамза молда» демекші, осындай біз секілді аңқау халық аман болса, тәуіптер, бизнес-тренерлер өлмейді.

Және сол оқиғадан соң көп өтпей жұмыстан шығып кеттім. Себебі, мен 3 ай бойы жүйелі маркетингпен айналысып келіппін.

Досым осылай деп ауадан ақша жасайтын алаяқтар көбейіп кеткеніне ренішін білдірді.

Бизнес-тренер неге көбейіп кетті?

Сонымен, неге жылдан-жылға бизнес-тренерлер бұрынғы абыройларын айрылып жатыр? Біз бұл сұраққа жауап іздеп көрдік. Бүгінде бизнес-тренерлер 4 топқа бөлінеді екен: Теоретик-тренер, философ-тренер, шоумен-трнер және практик-тренер.

Теоретиктер – жоғары білімді азаматтар. Дегенмен, бизнес саласында ешқандай тәжірибесі жоқ. Олар да көпшілік секілді бизнес тренингке барып, сондағы естіген нәрселерін ойларына түйіп, қайталап айтып береді. Сонымен, оларға тек ақпарат таратушы деп қараған жөн. Олар айтқан нәрсені сіз кітаптан оқи аласыз.

Философтар – қарым-қатынасты жоғары деңгейде меңгерген психолог тренер. Олар халықты өз болмыстарымен, «неге өзге ұлт өкілдері бай болуы керек? Неге қазақ жастары базарда арба айдауы керек?» деп өздерін ұлтқа, тілі мен діліне жаны ашитын патриот ретінде көрсетіп, көпшілікті өз жағына шығарып алады. Зейін салсаңыз, олар семинарда іліп алар ештеңе айтпауы мүмкін. Дегенмен, сіз оған, оның сізге деген жылы ниетіне арбалып, оның семинарына тағы қатысқысыңыз келіп тұрады.

Шоумендер – халықты семинарға түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастыру арқылы шақырады. Әлеуметтік желілерден, теледидардан, газет-журналдардан, баннерлерден түспейді. Ине-жіптен жаңа шыққан костюм киіп, қымбат көлік ішінде отырып, әлдеқандай бір корпорацияның, компанияның президенті ретінде сұхбат беріп, өздерін әжептеуір жетістікке жеткен бай етіп көрсеткісі келеді. Ал, шындығында олар мол табысты компаниядан емес, бизнес семинарлардан табады.

Практиктер – бизнесте тәжірибесі бар жандар. Олар – табысы мол «тірі» компанияның президенттері яки басшылары. Дегенмен, мұндай практик-тренерлер өте сирек. Тіпті, жоқ деуге болады. Себебі, кім өзгелерге өз байлығының құпиясын айтады? Ірі кәсіпкерлер ел аралап, әркімді бизнес жолына баулығанша, өз бизнесін одан әрмен дамытқанды жөн көреді.

Бәрі бір-ақ мүддеге жұиыс істейді: сенім. Егер олар халық сенім білдірсе, аш қалмайды.

Естеріңізде болса, 1990 жылдары алмағайып кезеңде жұрт жаппай қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалғанда ТМД елдерінде Дейл Карнеги есімді кісінің кітаптары жаппай сатыла бастады. Оның кітаптарында бай болу, көшбасшы болу жолдары айтылған. Екі қолға бір күрек таппаған жұмыссыз жұрт Дейл Карнегиді оқыды. Себебі, ол маркетингті мықтап меңгерген еді. Оның кітабын сатып алған адам өзін жуық арада байып кететіндей сезінетін. Дегенмен, бәрі сіз ойлағандай бола бермейді. Д.Карнеги де өз кітабының бір бөлімін ешқандай ақыл-кеңесті қажетсінбейтін кәсіпкер досына арнаған. Осыдан-ақ көп нәрсенің беті ашылып тұрғаны анық. Кейіннен Д.Карнегиді ел ішінде манпипуляция шебері деп айыптап, оны қудалай бастады. Д.Карнеги бейресми деректерге сүйенсек, өз-өзін өлтірген.

2000 жылдарға қарай Қазақстан экономикасы аяқтан тұра бастағанда шетелден бизнес-тренерлер көптеп келе бастады. Өз семинарына атақты кәсіпкерлер, жұлдыздар, спортшылар қатыстқан деп жарнамалап және ең сорақысы «адам өмірде 3-ақ жағдайда өзгереді: 7 жастан соң, өте қиын жағдайға тап болғанда және семинар, тренингтерде» деп қайта-қайта айтумен болды. Яғни, олар клиент жоғалтпас үшін тренинг деген өте маңызды деген ойды келтірді. Көпшілік фактчекинг жасамай (жарнамадағы ақпараттарды тексермей), жаппай қатыса бастады. Ресейлік статистикалық деректерге сенсек, құнына аспандағы айды сұрайтын ақылы семинарларға өздері айтқандай кәсіпкерлер емес, көбіне жұмыссыздар, студенттер қатысады екен. Міне, парадокс. Ал, кәсіперлер мұндайға күліп қарайтын көрінеді. Себебі, өз саласында белгілі бір деңгейде жетістікке жетіп отырған ірі кәсіпкерге бизнес-тренер не үйрете алады? Мысалы, сіз ауыл шаруашылығының немесе мейрамхана, баспасөз саласының кәсіби маманысыз. Сізге аталған саланың қыр-сырын білмейтін адам нендей кеңес беруі мүмкін?

Әрине, сұраныс болмаса ұсыныс болмайды. Сұраныс мол болғасын, қазіргі таңда елімізде бизнес-тренинг дамып келеді. Жұмыс таппаған жандар немесе жұмысын тастап кеткен жандар оңай олжаға кенелгісі, мол байлыққа тез батқысы келеді. Осыдан жүйелі маркетинг, қаржы пирамидасы шыққан еді. Енді пысықай бизнес-тренерлер «1 айда миллион теңге табу жолдары», «40 күнде миллионерлер қатарына қосылыңыз» атты тақырыпта семинарлар өткізе бастады. Бір қызығы, аталған семинарға қатысу тегін. Бірақ, ерте қуанбаңыз. Бизнес-тренер сізге жаны ашып, кіру ақысын тегін қылған жоқ. Бар болғаны, бұл жарнама мақсатында. Мысалы, семинарға 100 адам қатысса, кем дегенде 10 пайызы әлгі бизнес-трененерге қайта оралады. Себебі, тренер семинар барысында «егер менің курсыма қатыссаңыз, сізді 3 айда миллионер қылып шығарамын» деп қайталай береді. Әрине, оның курсы арзан емес. Бір айда 12 рет қатыссаңыз, оның әр курсына 100-500 доллар төлейсіз. Сонда 3 айда 36 рет қатыссаңыз, онда «ұстазыңыздың» қалтасына қанша теңге санап беретініңізді ойша есептей беріңіз.

Мысалы, жақында Брайан Трейси есімді американ қариясы Алматыда семинар өткізді. Билет бағалары қанша деп ойлайсыз? Білмесеңіз, айтайық. Ең арзан билет – 100 мың теңге болса, ең қымбат билеттер – 1 миллин 400 мың теңгеден сатылды. Содан біз оның семинарларын интернеттен іздеп, қарап көрдік. Жарнамасы ғажап демесеңіз, асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Көбіне бизнеске қатысты афоризмдері айтумен шектеледі. Бизнесті жүргізудегі нақты технологияны ұсынбайды. (Семинарда ұсынбайды. Курста ұсынуы мүмкін) Көпшілік секілді мына қағидаларды айтады:

1. Кәсіпті ашу үшін білім жинау керек; 2. Ашу керек; 3. Ары қарай жүргізу үшін жарнама жасау керек, т.б.

Егер сіз бай болғыңыз келсе, онда бір істі бастап көруіңіз керек. Ары қарай жүргізіп жатқан ісіңізді қалай дөңгелетуге болады, кірісті қалай арттыруға болады, оның бәрі тәжірибемен өзі-ақ келеді. Тек, өз қалтасын ойлайтын тренерлерге шығындала көрмеңіз. Егер қатысатын болсаңыз, онда сол тренер туралы жан-жақты зерттеп алыңыз. Әрине, аларынан гөрі берері көп әділетті бизнес-тренерлер де бар. Егер өз саласында жеткен нақты жетістіктері бар лайық тұлға болса, онда барсаңыз болады.

P.S. Осы жерде бір анекдот еске түседі.

Бір бизнес-тренер «Қалай миилионер болуға болады?» тақырыбында семинар өткізеді. Залға кірген тренер: «менің тренингіме қанша адам жиналды?» деп сұрақ қояды. Залдағылар:

- 1000 адам, дейді. Тренер:

- Билет бағасы қанша? – деп сұрайды.

- 1000 доллар.

- Семинар аяқталды, - деп тренер залдан шығып кетеді.

Абылай Есімбай

Өтініштерді қараудың өз тәртібі бар
Заманауи хиджаб. Бұл Исламның үкімі ме, әлде сән бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу