Заманауи хиджаб. Бұл Исламның үкімі ме, әлде сән бе?
Хиджаб жайлы – жұртшылық арасында екі түрлі пікір бар. Бірінші тарап хиджаб кию мұсылман әйелдері үшін үкім етілген десе, енді екінші тарап оны Таяу Шығыс елдеріне тән дәстүр, қазақ қызының табиғатына қайшы келеді дейді.
Жалпы, "хиджаб" деген термин сөз. Арнайы бір киім атауы емес. Ол әйел баласының көпшілік алдында әуеретін қатаңдықпен, байсалдылықпен жаба білуін білдіреді.
Дінімізде айтады: Адам-ата топырақтан, Хауа-ана ерінің қабырғасынан жаратылды. Топырақ жерде жата береді, ескірмейді. Етті орап, арнайы орындарда сақтамасаң тез бұзылады. Сол секілді әйелдің сұлулығы орамалға оралса, жат көзінен тасада болса ғана сақталады. Яғни, мұсылмандық киім –иманның қорғаны.
Адам қалауына шек бар ма?! Қазіргі таңда хиджабтың тағы бір нұсқасы "Заманауи хиджаб" дейтін шыққан. Оны бейнамаз сұлуларымыз да сән үшін тұмшаланып киіп алуға көшті.
"FIRDAUS" хиджаб дүкенінің сатушысы Әйгерім Мумбекованың айтуынша хиджабты тек мұсылман қыздары ғана сатып алмайды.
– Дүкенімізге сұраныс өте көп келеді. Тек хиджаб киетін аруларымыз ғана емес, өзге діннің қыздары мен басқа ұлт өкілдері де сатып алады. Себебі біздегі киімдер қараңғы немесе қою-қанық түсті емес, керісінше заманауи үлгідегі сәнді, әрі түрлі түсті маталардан тігілген. Біздің дүкенге келушілер спорттық, той-думанға ыңғайлы көйлектер де таба алады. Орта есеппен күніне 7-8 көйлек сатамыз. Күн сайын 20 шақты қыздар көйлек алуға келсе, оның жартысы ғана намазхандар, ал қалғаны тіпті орамал да тартпайды. Басқа мемлекеттен де ұсыныс түсіп жатса ғаламтор желісі арқылы байланысқа түсіп жеткізіп бере аламыз, - дейді сатушы.
Бұл жөнінде нақты пікір айту қиын. Хиджабты жақтаушыларды да, кереғар пікір айтушыларды да сөге алмаймыз. Қандай киім кисек те қарапайым болу қағидасын ұстанған абзал шығар.
Жұлдыз ӘМИТ,
ХҚТУ журналистика факультетінің студенті