Жалпыұлттық деу - жалпақшешейлік емес пе?
«Уақтысында айтылмаған сөздің атасы өледі» депті бұрынғылар. Бүгінде көп айтылып жүрген мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасы, жалпы- адамзаттық және ұлттық құндылықтар, халықты топтастырып, алға ұмтылдырушы мақсат-мүдде жайында біз де өз пікірімізді жұртшылықпен бөлісуді жөн көрдік. Әуелі аздап шегініс.
Қоғам және ұлттық мүдде
Кешегі Кеңес өкіметі тоз-тозы шығып, құлап, әр ел өз тізгініне ие болған тұста балапан басымен тұрымтай тұсымен дегендей, қай бағытта қалай жүрерімізді білмей абдырап қалғанымыз рас. Бұрынғы қызыл империяның қылбұрау ноқтасынан басқа жаққа бұра алмаған басымызды енді бұлтақтамай ала қашып, идеология деген түсінік-ұғымды тәрк еттік. Оның біздің санамызға жағымсыз симптом ретінде сіңіп қалғаны соншалық, экономикалық, материалдық игіліктерге қол жеткізуді ғана көксеп, идеология деген нәрсенің тіпті керегі жоқтай болып көрінді. Осы екі арада қоғамдық ой-пікір, халықтың санасында бос кеңістік өз еліміз ішіндегі және алыс шетелдердегі әртүрлі көзқарастағы діни ағымдардың, елдің мұрат-мүддесімен мүлдем қабыспайтын жат пиғылды жандардың – әлеуметтік топтардың нысанасына айналды. Оның назардан тыс ұя басып, ұрық шашып, әр жерде байқаусыз тамыр жайып өсіп-өнгендігінің салдарын кейінгі бірсыпыра келеңсіз оқиғалар көрсетіп отыр. Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме...
Тақырыптан ауытқымай, енді өзіміз діттеген мәселеге көшейік. Идея – әрбір адамның зерде-санасының дамуы арқылы туындайтын, соның айшықты көрінісі екендігін ескерсек, ұлттық идея дегеніміз тұтас ұлттың ақыл-ойының өрісі ретінде қабылданатыны рас. Әр адамның пікірі оның жеке көзқарасы болып саналатындықтан ол ұлттық идея бола алмайтындығы сондықтан. Ал, әлеуметтік пікір жеке пікірге қарағанда белсенді қимыл-әрекетке бастайтын сипатқа ие. Дегенмен, ол да әуелі белгілі бір тұлғаның ой-санасында туындап, әлеуметтік мазмұнға ие болған соң ғана барып белсенді әрекетке айналып, үдеріске енетінін ескеруіміз қажет, әрине. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы тарапынан әбден екшеліп, сараланып Қазақстандағы қоғам дамуының өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, кезекті міндеттермен бірге халқымыздың арман-мүддесін, ұлы мұратын айқындайтын «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының ұсынылып отырғандығы тектен-тек емес. Алайда, осы ұлттық идеяны қалың бұқараның қабылдап іске асыруы жолында оның саяси сипатынан гөрі ішкі мән-мазмұнын дәл айқындап, дұрыс бағалауымыз қажет.
Ұлы мұрат және ұлттық идея ұғымы
Сан ғасырлық тарихи тәжірибе идеялардың жасампаздық және бұзғыншылық сипат алып, үнемі өзара күресте болатындығын көрсетеді. Жасампаздық идеясы – әрдайым адамды ұлықтап, оның бойына қанат бітіріп, алға ұмтылдырып отырады. Ал, бұзғыншылық идеясының шовинистік, фашистік, нигилистік, діни фанатизм, лаңкестік, тағы басқа көзқарастар мен іс-әрекеттер арқылы қоғамның дамуына керағар әсер ететіні түсінікті. Сол себепті адам мен қоғамның қандай идеяны ұстанып, руханиятын нендей қайнармен байытып, неден қуат алатындығы аса маңызды. Адамдардың ақыл-ойы мен сезімін жаңғыртып, өзіне бейімдеу үшін күрес бүгінгі жаһандану үдерісінде кең өріс алып отыр. Әлбетте, демократиялық қоғамда бірнеше идеологияның қатар өмір сүре беруі мүмкін. Мәселен, әртүрлі әлеуметтік топтардың немесе саяси партиялардың идеялары плюларистік тұрғыда пікірлер мен көзқарастардың әртүрлілігі сипатына ие болғанмен тұтас бір ұлттың басты идеясына айнала алмайтындығы анық. Бірқатар белгілі философтар мен саясаттанушылардың пайымдауынша, олардың ең бағалылары ғана барша халықты алға ұмтылдырып, жетелейтін ізгі пікірлер жүйесі- ұлттық идеяны жан-жақты толықтырып, күшейтуге қызмет етеді.
Бұл ұғымды әлемдік өркениет контексінде қарастыратын болсақ, ұлттық идея дегенде бір ұлттың ғана шеңберінде қалып қою деген түсінік тумауы тиіс. Ол елімізді мекендеген барлық этностың мүдделерін және қоғам дамуының заңдылықтарын терең әрі кең көлемде қамтитынын есте тұтқан абзал.
Мемлекетіміздегі ондай бүгінгі басты идея – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы! Ал, осы стратегиялық мақсатқа жету жолында тактикалық іс-әрекет тәсілі мен тетігі болып табылатын ұлттық идеологияны аса ыждағаттылықпен жүргізу қажеттігіне көзіміз жетеді. Әлбетте, ұлттық идея да, идеология да аз уақыт бедерінде пайда бола қалмайды, ұзақ уақыт қалыптасып, дамиды. Мәселен, бұрнағы жылы біз Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде тойлап, атап өттік. Бұл сан ғасырлар бойы бабаларымыздың аңсап өткен арман-мүддесінің іске асқандығын айқындайтын, елдігіміздің мемлекетіміздің тұтастығын танытатын тарихи елеулі оқиға болды. Енді осынау бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы ретінде олардың сол ұлттық идеясын одан әрі дамытып, бірлігі берік, мызғымас Мәңгілік ел болуды мақсат етіп отырмыз. Бұған қоса терең тарихи және философиялық негіздерге сүйенген ұлттық идеология тек тәуелсіздік жағдайында ғана іске асатындығын тән алуымыз тиіс.
Мәселенің мәнісі
Ұлттық идеология құқықтық демократиялық қоғамның қозғаушы күші ретінде жүзеге асатындығы себепті еліміздің Ата заңы – Конституцияға сәйкес әрбір мәселеде адамдардың тең құқықтығы, олардың ұлты, діні, жынысы, жасы, тағы басқа жағдайларына қарамай демократиялық құндылықтардың қатаң сақталуына баса назар аударылады. Өйткені, әрбір қоғам мүшесі өзінің ой, қол еңбегі арқылы мемлекеттің нығаюына, Отанның гүлденуіне өзіндік үлес қосады, бұл – түсінікті жайт. Десек те, біз ұлттық идеямыздың, сол арқылы ұлттық идеологиямыздың сипатын анықтауда бір мәселені ескеруіміз керек сияқты. Мұндай репликалық пікір-ұсыныс білдіруіме төмендегіше бірқатар көріністер түрткі болып отыр.
Осы күндері бұқаралық баспасөз беттерінде, теледидар, интернет сайттарында «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы деп жазылып жүргендігін жиі оқимыз. Көшелердегі осылай жазылған жарнамаларды, билбордтарды да жиі көзіміз шалады. Кейбір билік өкілдері тарапынан да осылай деп айтылады. Былайша қарағанда, мұнда тұрған пәлендей ағаттық жоқ секілді болғанымен мәселенің мәніне тереңірек үңілсек, бұлай деп атаудың жөні жоқ сияқты көрінеді.
Мемлекетміздің негізін құрайтын халық – қазақ ұлты екендігі баршаға аян. Сондықтан да мемлекетіміз Қазақстан – қазақ елі деп аталады. Қазақ халқының тарихи таным-тұрпаты, ниет-пейілі, арман-мүддесі мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұранымызда айқын бедерленген. Біздің тарихи жетістіктеріміз де, кейбір кемшін соғып жатқан тұстарымыз да ең әуелі қазақ еліне телінеді. Ұлы мұрат жолындағы күрестің ұйытқысы да, үйлестірушісі де осы мемлекет негізін құрайтын жергілікті титулды ұлт. Бейнелеп айтқанда мемлекетті бір үлкен діңгек ретінде қарайтын болсақ, оның өзегі – сол ұлт. Ал, Қазақстанды мекендеп, оны Отаным деп санайтын басқа да ұлттар мен ұлыстар сол діңгектің тіні, қазақ халқының төңірегіне топтасып, оларды толықтырып тұратын толағай күш. Біз бұл жерде өзге ұлттардың ролін тіпті де кемсітейін деп отырғанымыз жоқ. Кешегі Хакім Абай армандаған кемел адам, Алаш көсемдерінің идеясы, әрідегі Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыз көксеген қайырымды қала – әділетті азаматтық қоғам орнату идеялары біртұтас елдің бірлігі, ынтымағы арқылы ғана жүзеге асып, ырыс-құтқа айналатындығы сөзсіз.
Сондықтан, біз ешқандай тайсалмай, тайсақтамай-ақ «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы! – деп бірауыздан атасақ дұрыс болар еді деп ойлаймын. Тіпті, мұндай ұлы мұратқа жету тек тәуелсіздік жағдайында ғана мүмкін екендігін ескере отырып, «Мәңгілік ел» ұлттық тәуелсіздік идеясы! - деп атасақ та құба-құп болар еді.
Бұл ретте көрші өзбек елінде ұлттық идеяның тарихи, діни, әлеуметтік-саяси түп-тамырының және алдағы міндет шеңберінің ғылыми тұжырымдарға негізделген белгілі бір жүйесі қалыптасқандығынан үлгі алуымыз керек. Әрине, мен оны өзімізге үлгі етіп, талғаусыз көшіріп алу қажеттігін меңзеп отырғаным жоқ. Ал, өкінішке қарай, ондай жүйе бізде әлі қалыптаспаған. Демек, бұл біздегі қоғамдық ғылым өкілдерінің- философтардың, саясаттанушылардың алдында ілкімді ізденістер, соны міндеттер тұрғандығын көрсетеді. Осы орайда Елбасымыздың жақында «Егемен Қазақстан» газеті бетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ұсыныстар мен ой-пікірлер алдағы атқарылар істердің негізгі бағыт-бағдары болып табылатындығы сөзсіз.
Мен Қазақстан азаматы ретінде, ел өміріне қатысты елеулі оқиғалардың әрбіріне бей-жай қарай алмайтын шығармашылық адамы, зиялы қауымның бір өкілі ретінде аталмыш мәселеге қатысты көңілдегі осы бір түйткілдерді көпшіліктің талқысына салғым келді. Мұны қалың жұртшылық қауым дұрыс түсінер деп ойлаймын.
Бекшүкір ДҮЙСЕНСАХЫ
ақын, публицист