Елеусіз қалған 10 батыр... Мақтаралда неге құрметтелмейді?
Соғыс қашанда құрбандықсыз өтпеген ғой. Ұлы Отан соғысы да солай болды, бізге жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Адам шығынын айтсақ, тұла бойымыз түршiгедi. Бұл соғыста бәрi батыр болды, қасиеттi елiн, жерiн жау табанынан қорғау үшiн аянбай күрестi. Бiрақ соның арасында асқан қаһармандық, ержүректiк көрсеткендер болды. Ерлiктерi ескерiлiп, оларға Кеңес Одағының батыры деген құрметтi атақ берiлдi. Олар барлық жерде заңды түрде мойындалды. Солардың қатарында Мырзашөл өңірінен майданға аттанғандар да бар. Біз сол жерлестеріміздің ерліктерін талай жылдардан берi мақтанышпен айтып та, жазып жүрмiз. Бірақ, мәселе оларда емес, бізде болып тұр. Өйткені әлі күнге дейін Мақтаралдан қанша батыр шыққанын анық білмейміз.
Елбасымыз қатысқан ауданның 70 жылдық мерейтойында сол кездегі Мақтаралдың әкiмi И.Үмбетаев «10 Кеңес Одағының батыры бар» деп едi, кейiннен «Мырзашөл ардагерлерi» деген кiтапта 11 деп атын атап, түсiн түстептi. Жетісайдағы «Даңқты азаматтар аллеясында» 11 батырдың аты-жөні жазылыпты. Сосын анығы осында болар деген үмiтпен барлық саладан мәлiмет беретiн «Оңтүстiк Қазақстан энциклопедиясын» ақтардық. Бірақ ол энциклопедия батырларымызды 7-еумен доғарыпты. Асығыстығы ма, атүстiлiгi ме? Қалай десек те, олар таппаса, өзіміз түгендейік, ендеше...
Абылай Әлiмбетов – Кеңес Одағының Батыры. Екiншi дүниежүзiлiк соғыста №69 Қызыл тулы Севск атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысқан. Ол Брянск және Украина жерлерiнде болған шайқастарда сан рет батылдық пен тапқырлық үлгiсiн көрсеткен. Днепр үшiн шайқаста сержант Әлiмбетов өзеннiң оң жағасына өтiп, қолма-қол ұрыста 15 фашисті жер жастандырды.
Соғыстан кейiн Мәскеудегi әскери-саяси академияны бiтiрiп, полк командирiнiң орынбасары болып iстедi. Полковник Әлiмбетов Қызылорда, Алматы, Атырау облыстарында ДОСААФ комитетiн басқарды. Ленин, 2-дәрежелi Отан соғысы ордендерiмен және медальдармен марапатталған. Шардара ауданында оған ескерткiш қойылған.
1973 жылы Батыр ағамыз жұмыс сапарымен барғанда Мәскеуде кенеттен қаза болады. Өзiнiң өтiнiшiне сәйкес бұрынғы Киров ауданының орталығына (қазiргi Асықата кентi) сүйегi әкелiнiп, орталық демалыс паркiне жерленген.
Петр Константинович Жуков – Кеңес Одағының Батыры. Соғыстың алдында бiрнеше жыл Мақтарал ауданында тұрған. 1943 жылы қараша айында 318 атқыштар дивизиясының гвардия капитаны Жуковтың батальоны Керчь бұғазынан өтiп, Эльтиген ауданы үшiн шайқаста асқан ерлiк көрсеттi. Жаудың екi взводының үнiн өшiрiп, мина алаңдары мен тiкендi темiр қоршауларын бұзып өттi. Екi тәулiк бойы немiстердiң шабуылына төтеп бердi. Эльтиген ауданын жаудан азат етудегi жанқиярлық ерлiгi үшiн Жуковқа Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi. Ленин, 2-дәрежелi Отан соғысы ордендерiмен, медальдармен марапатталған.
Тоғанбай Қауымбаев – Кеңес Одағының батыры. Ол 1943 жылы Днепр өзенін жалдап өтіп, жау бекінісіне бірінші болып атой салғаны үшін батыр атағына ие болған жауынгерлердің бірі.
Иван Семенович Решеткин, Федор Трофимович Нижурин – соғыс ардагерлерi.
Нұрлыбаев Жолдыбай – Кеңес Одағының Батыры.
Мырзашөл тарихын бүге-шiгесiне дейiн ақтарып жүрген журналист Мырзантай Жақып «Мырзашөлiм – мырза елiм» деген кiтабында: «Еңбекке «Мақтаралда» жүргенiнде араласып, интернатта оқып, буындары осында бекiген Игорь Воровенко мен Михаил Егоров ұшқыштардың арнайы училищесiн бiтiрген соң фашистерге қарсы күрестiң бел ортасынан табылды. 1943 жылы оларға қаза тапқаннан кейiн Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi» деп жазады.
Ал аудан орталығындағы аллеяда батыр деп аты жазылған Маханов Қадырбек ағамыздың өмiрдеректерiн кездестiре алмадық. Оны аудандық iшкi саясат, мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi түсiндiре жатар деген үмiттемiз.
Келесi батырымыздың аты-жөнi Төлеген Әбдiбеков екенi даусыз. Ол туралы зерттеушiмiз Мырзантай Жақып жоғарыдағы кiтапта тайға таңба басқандай былай дейдi: «Осынау майдангерлердiң қатарында шаруашылықтың мақта бригадасының жетекшiсi Төлеген Әбдiбеков те бар едi. Соғыс кезеңiнде атағы әйгiленген Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның құрамында шайқасып, мерген Төлеген Әбдiбеков 325 фашистiң көзiн жойып, оған Кеңес Одағының Батыры құрметтi атағы берiлдi. Өкiнiшке орай, ол жеңiстi көзiмен көре алмай, майдан даласында қаза тапты» делiнген.
Ендi Мухажир Уммаев ағамызды көп адам бiле бермеуi әбден мүмкiн. Аға лейтенант 1922 жылы Жоғары Балкария селосында (Кабардино-Балкария) туылады. Педучилищенi бiтiрген соң 1941 жылы әскерге алынады, сол жылы жаяу әскерлер училищесiн бiтiрiп, 1942 жылы соғысқа кiрiседi.
Мухажир 1944 жылы Украина майданына қарасты 179 атқыштар полкында атқыштар ротасының командирi болады. Сол жылы сәуiрде Одесса түбiнде қырғын соғыс болып, Уммаевтың ротасы жаудың 200-ден астам офицер мен солдаттарының көзiн жояды, 18-iн ұстайды. Оның 10-нан астамы Уммаевтың еншiсiнде екен. Осы ерлiгi үшiн Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Алайда атақ берiлмейдi. Соғыс жылдары оның отбасы да Отанға опасыздық жасады деген тiзiмге iлiнiп, бұрынғы Киров ауданы Киров атындағы жүзiм совхозына жер аударылады.
Батыр 1946 жылы әскерден босап, әке-шешесiнiң артынан келiп, бiрге тұрады. Ауыр жарақаттың әсерiнен 1948 жылдың 18 ақпанында қайтыс болып, сол жерге жерленедi. Дегенмен, оған КСРО Президентiнiң 1990 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы атағы берiледi. Сондай-ақ Ленин, Қызыл Ту, Александр Невский, 1-дәрежелi Отан соғысы ордендерiмен, медальдармен марапатталады.
Осылайша, әрбiрiмiз әртүрлi санды айтпай, батырларымызды түгендеп, бiр жүйеге түсiрiп алатын уақыт жеттi.
Енді бір айта кетерлігі, Мақтарал ауданында Мақтаралдан шыққан 10 батырдың бiрде-бiреуiне аудан орталығында, кент, ауыл әкiмдiктерiнде ескерткiш қойылмаған. Тек Ұлы Жеңiсiмiздiң 70 жыл толуына орай Мырзакент кентiнiң орталық алаңында Ж.Нұрлыбаевтың ескерткіші бой көтердi. Оны батырдың ағайын-туыстары өздерi қаржы жинап жасатты. Қиян-кескi ұрыста көз жұмып, жерленген жерi Польшаның Пила деген ауылына барып, топырағын әкелдi. Әйтпесе, ескерусiз қалар ма едi.
Батыр Уммаевтың аты ауылдағы бiр көшемен шектелген. Елеп, ескерiп жатқан ешкім жоқ сияқты. Әйтпесе, сүйегi жатқан ауылда екi мектептiң аты орыстың ғарышкерлері Ю.Гагарин мен Г.Титовқа берілген. Олар алыс ауылдағы бiздiң құрметiмiзге зәру де емес. Мақұл, саясат үшiн Гагарин қалсын-ақ, Титовты Уммаевпен өзгертсек ешкiм өкпелемес.
Ал, Тоғанбай Қауымбаевты облыстың бас кiтабында Отырар ауданында туылған дептi. Шамасы жаңсақ кеткен-ау, олардың атақонысы ол жақ емесi тарихи шындық, барлық өмiрiн осы өңiрде өткiзгенi белгiлi. Тiрi кезiнде мектепке атын берсек деп жүргендер, пәниден озған соң дауысы шықпай қалды. Неге үнсiз? Батырдың атын аудандағы басы бос мектептердiң бiрiне берiп жатсақ, бiздi ешкiм кiнәламас. Оның оқушыларды отансүйгiштiк, патриоттық рухта тәрбиелеуге оң ықпалы тиер едi деп ойлаймыз.
Мәселе атын беруде емес, тәрбиеде жатыр. Әйтпесе, батырларымыздың халық жүрегiнде мәңгi қалары хақ.
Жолбарыс ТIЛЕУҰЛЫ,
Мақтарал ауданының Құрметтi азаматы