Батырды елжіреткен балдырған кім?
Көнерген фотосурет қолымызға кездейсоқ келіп түсті. Уақыт сыны сарғайтып, тозығы жеткен фотосуреттегі жүзінен мейірім шуағы төгілген батыр Бауыржан Момышұлын бар қазақ жазбай танитыны түсінікті. Ал Баукең елжіреп, құшағына басқан балдырған кім?
Суретті жұрт көзінен жасыра тұрып, біледі-ау дегендерден сұрау салғанбыз. Сонымен бала күнінде Бауыржан Момышұлымен фотоға түскен, бүгінде елге танымал өнер иесіне айналған – Толқын Забирова. Батырдың шаңырағында түсірілген осы фососурет – ол үшін аса қымбат һәм қадірлі бұйымдардың бірі. Бойтұмардай сақтап жүрген қастерлі дүние. Үлкейтіліп, әдемі фотожиекке салынған фотосурет қазір Толқын Забированың шаңырағының төрінде ілулі тұр.
Толқын Забирова: «Сол кездер есіме түссе, көзіме жас келеді. Ол кездегі адамдардың шынайы көңіліне, бір-біріне деген ықылас-пейіліне таңғаламын. Әжемнің Баукеңе арнаған өлеңін үйде ұмытып кеткенін менен көріп, ұрысқан сәтін сағынамын. Бауыржан атамыздың қаталдығы, сұсты адам екендігі туралы көп айтылады. Бірақ мен үшін жұмсақ мінезді, мейірімді адам сияқты. Бұл фотосурет мен үшін ғана емес, бүкіл қазақ үшін де ыстық деп ойлаймын», деді.
Арнұр АСҚАРОВ