Шәкизада Шанасұрова, әнші: «Ұлым аш қалмасын деп бөтелке өткізген де күнім болды»
Шәкизада Шанасұрова, әнші
- Жақында Оңтүстікте осы өңірден түлеп ұшқан игі жақсылар бас қосты. Сіз де қатыстыңыз. Кездесуден қандай ой түйіп қайттыңыз?
- Біріншіден, әр сала майталмандарының басын қосқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлына және халқыма алғыс айтамын. Жерлестермен кездесіп бір жасап қалғанымыз рас. Бәріміз де осы Оңтүстікте өсіп-өндік. Сондықтан туған жер, киелі топырақ алдында қайтарар парызымыз бар. Басқосудың мәні осы болатын. Өңір басшысы туған қаламыздың өсіп-өркендеуіне қандай үлес қоса алатынымызды сұрады. Біздер, яғни өнер адамдары қайырымдылық кешін өткізу арқылы халыққа пайдамызды тигізе аламыз. Мен осы орайда қайырымдылық кешін ұйымдастырып одан түскен қаражатты әкімдікке беруге ұсыныс жасадым. Яғни қаражатты тиісті мамандарға тапсырсақ олар әрі қарай ақшаның жұмсалуын қадағалайды. Мүмкін мектеп құрылысына жұмсар, не болмаса көп балалы, көмекке мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлар. Бұл ұсынысымды әріптестерім қуана-қуана қолдап отыр. Жалпы өз басым қайырымдылық жасаудан қашпаймын. Жеке концертімді өткізіп болған соң Арыс қаласының тұрғындары үшін кешімді өткізіп, түскен қаражатты түгелімен балалар үйіне тапсырамын деп өз-өзіме уәде берген болатынмын. Алла қаласа сол уәдемді орындамақпын.
- «Біткен іске сыншы көп» деген. Өнер жолындағы 30 жылдық мерейтойыңызға арналған шығармашылық кешіңіз қалай өтті?
- Елдің сөзіне қарағанда өте жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Өйткені концерттен кейін көптеген тыңдармандарым, құрбы-достарым өзге концерттерге ұқсамайтын ерекше кеш болғанын айтып жатты. Сахнада немерем Кәусардың тұсауын кескен болатынмын. Бұл көрініс те ел аузында көп айтылғандықтан халықтың көңілінен шыққан секілді. Сахнадағы 30 жылдық белес оңайлықпен келген жоқ. Мен өнер жолына қосылғанда жалпы халықтың ахуалы, тұрмыс-тіршілігі нашар болды. 90-жылдары ұлым аш қалмасын деп бір литр сүт сатып алу үшін бөтелке өткізген күнім де болды. Қиыншылықтың бәрін көріп өскен адаммын. Анам «есектің артын жусаң да ақша тап» деп үнемі айтып отыратын. Міне, сол өсиеттің, еңбектің арқасында бүгінгідей дәрежеге жетіп отырмын. Сондықтан бұл шығармашылық кеш мен үшін өзге концерттерімнен бір төбе болғаны анық.
- Талғаммен киінетін әншілердің бірісіз. Сән жағынан сізге ақыл-кеңес беретін көмекшіңіз бар ма?
- Ешқандай көмекшім жоқ. Тек қана өз таңдауыма сенемін. Бала күнімнен киім тігуге құмар болып өстім. Анамның көйлектерін қырқып тастап өзіме лайықтап, сәндеп көйлек тігіп алатыным есімде. Сол құмарлығымның пайдасы осы күнге дейін тиіп жатыр. Сахналық киімдерімнің көбісін өзім пішемін. Шын ықыласпен, беріліп тіккен көйлектерім кейде қымбатқа сатып алған көйлектерімнен әдемі шығып жатады. Өз қолымнан шыққан дүниелерге әпке, сіңлілерім, келіндерім «құда түскіш» болып келеді. Қолымнан дизайнерлік те, сурет салу да келеді. Жалпы болашақта егер өнер жолынан кететіндей жағдай болып жатса дизайнерлікпен айналысатын шығармын.
- Қандай енесіз?
- Баяғыда үйде екі жеңгем болатын. Анамның келіндерімен қарым-қатынасын, сыйластықтарын көріп өстім. Уақыт шіркін зымырап, өзім де ене болғанымды байқамай қалдық қой. Ұяда көрген тәрбием бойынша келініме де үнемі ақылымды айтып отырамын. Ұлдан кейін қызды аңсаған аналардың бірімін. Ләззат келін болып түскенде қатты қуандым. Оны өз қызымдай көремін. Бірақ оған «сен менің қызымдай болғаныммен үйге келген қонақтардың, дос-жарандарымның алдында келінсің. Сол себепті келіндік парызыңды есіңнен шығарма» деп отырамын. Қазіргі жастар бір-екі баламен шектеліп жатады ғой. Осыған алаңдап келініме әзіл-шыны аралас «маған көөөөп немере сыйла. Оларды қалай өсіп-жетілдіремін деп уайымдамаңдар. Мен әрдайым сендерге қолдау көрсетемін» деп қоямын. Алла қаласа екінші рет «әже» атануға дайындалып жатырмын.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Шынымды айтсам концерттен кейін әлі демалған жоқпын. Жаңа жылдан кейін өзіме демалыс жарияламақпын. Демалыстан кейін қайтадан шығармашылығыма кірісемін. Қазір Қайрат Нұртас екеуміз дуэтке дайындалып жатырмыз. Тыңдармандарға «Сағына күтемін» деген әнімізді тарту етпекпіз. Тағы бір жаңалығым жеке өмірім суреттелетін «Сен мені жоғалтып алма» атты ән жаздырып жатырмын. Сондай-ақ балдай тәтті немереме арналған «Кәусарым» әніне бейнебаян түсірмекпін.
Мұрағаттан, 2016 ж