Болатбек Нәжметдинұлы: «Қарамағындағылар облыс әкіміне жалған мәлімет береді»

Oinet.kz 05-08-2019 1039

1nO7Haek.jpg

Қайсыбір жылдары ақпарат құралдарынан аты-жөні түспей, қазіргі тілмен айтқанда «хит» кадр атанған Болатбек Нәжметдинұлының  Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, басқарма басшысы қызметін атқарған кезіндегі  барлық іс-әрекеті елдің, әсіресе облыс тұрғындарының назарында болды. Ол  бүгінде өңірлік құрылыс индустриясын құруды қолға алып, ауыл шаруашылығы, логистика саласымен тұрақты айналысып келеді. Еліміздегі, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсы білетін, кей кемшіліктерге қатысты пікірін, көзқарасын үнемі ашық айтып жүретін  кәсіпкерге жолығып, бірқатар мәселелер бойынша сұрақтарымызға жауап алған едік.

- Өңіріміздегі ауыл шаруашылығының ахуалын, өнеркәсіптік өндірістің жағдайын қалай бағалар едіңіз? Қай салада өсім бар, керісінше қай сала құлдырауда? Жоспар мен жүзеге асырылған жұмыстар туралы есептер нақты нәтижеге сәйкес пе? 

- Облыста ауылшаруашылығы саласының ахуалы бұрынғыдан дұрыстау. Себебі қаржылар бөлінуде, мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде.  Дегенмен,  бұл саладағы кемшіліктер де жоқ емес. Елбасы Н.Назарбаев саланы дамыту мақсатында тапсырмалар береді, соның негізінде Үкімет бағдарламаларды қабылдайды, ал жергікті атқарушы орындардың міндеті тұрғындармен тығыз жұмыс істеп, іске асыруға тарту. Ал енді біздің кейбір бастықсымақтар кабинеті, көлігі, телефоны болса болды,  өзін жоғары санап азаматтарды жүре тыңдайды. Көп мәселеде әкімшілік тетікті пайдаланғысы келеді. Жергілікті атқарушы органдардағылардың кейбірінің бірінші мақсаты жоғары жаққа жағыну, көзге түсу. Сол есеппен түбегейлі сараланып, тиімділігіне көзі жетпеген немесе айқындалмаған кейбір жобасын көрсетіп көзге түскісі келеді де жоспарға енгізіп жібереді. Мысалы, облыс әкімдігінің «Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ-ы қарамағында қаншама еншілес мекемелер бар. Әрқайсысының өз міндеті, қызметі бар. Ал енді әрбірінің атқарған жұмысы мен жоспар-жобаларын жекелей қарап шығатын болсаң қарның ашады. Алдын ала осыншама тірлік жасайын деп жатырмыз, осындай тірлік бастап кеттік деп жерия етіп, жарнамалап жатады.  Завод ашамыз дейді, комбайн, трактор, автобус шығаратынын мәлімдейді. Өкінішке қарай, оның бәрі қағаз жүзінде қалады. Сондай уәделерді немесе есептерді тыңдайсың да «осы азаматтар қай жерде, қай заманда тұрып жатыр» деген ойға қаласың. Олардың кейбірінің бір артықшылығы шет елде алған білімі бар. Шетел тіршілігінің шет жағасын біледі. Ал енді жергілікті жердің, экономиканың жағдайын, жоспарлаудың не екенін білмейтін азаматтар атқарушы билікте жүр. Олардың бағдарлама бойынша дайындаған жобаларына жұмсалған қаржы тиімсіз болып жатады. Жүзеге асыру мақсат етіліп, ұсынылған жобалардың барлығына бюджеттік комиссия сараптама жасап, экономикалық қорытынды береді. Облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары төрағасы болып саналатын комиссия құрамында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өкілі, депутаттар және басқа да жауапты азаматтар бар. Міне сол комиссия экономикалық қорытынды жасаған кезде қаралған жобаның мүмкіндігін, әлеуметтік мәселені қаншалықты шешетінін, қаншама азаматты жұмыспен қамтитынын, табысын, өнімін, қысқасы жан-жақты зерделейді. Тек қорытынды беру емес іске асырылу барысына мониторнг жасайды. Әр тоқсан сайын облыс әкіміне және жоғарыға атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет береді. Осы арада мынадай мәселе бар. Өңірде екі түрлі статистикалық мәлімет бар. Біреуі ресми яғни, экономика министрлігіне қарайтын Статистика жөніндегі комитет, екіншісі жергілікті атқарушы органдардың есептік мәліметтері. Екеуіндегі деректер бір-біріне сәйкес келмейді. Қай мәліметке сенуге болады? Статистика жөніндегі комитеттікі дұрыс, өйткені ол еліміздегі өнеркәсіптерден, кәсіпорындардан мәліметтерді тікелей алады. Әр мекемеде статистикалық есеп деген болады. Ол есепте қаншама адам жұмыс істейтіні, алатын айлығы секілді барлық мәліметтер толық беріледі. Соған қарап аудандағы немесе қаладағы жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын біле аласыз. Ал жергілікті  биліктегі азаматтар өздері жасаған экономикалық қорытындыны есебіне негіз ретінде алып, мәлімет беріп жібереді. Яғни, облыс әкіміне жалған мәлімет береді. Өз кезегінде облыс әкімі халықтың және депутаттардың алдында қарамағындағылар дайындаған мәліметтер бойынша жартыжылдық немесе жылдық есебін жасайды. Қанша инвестиция келгенін, бағдарламалар қалай жүзеге асырылып жатқанын, қанша адам жұмыспен қамтылғанын айтады.  Мысалы,  2016 жылдың статистикасын көрген жоқпын, 2015 жылғы статистика бойынша, облыс 255 миллиард теңге субвенция алады екен орталықтан. Онымен тұрмай, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы -2020», «Жұмыспен қамту» сынды бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанына 6-7 жыл. Соңғы үш жылда «Агробизнес- 2020» бағдарламасы іске асырылуда. Яғни, кәсіпкерлерді, ауыл шаруашылығын қолдауға тікелей келіп жатқан қаржылар көп. Оған республикадан мектеп, жол, аурухана салу, газ, сумен қамтамасыз етуге келіп жатқан трасферттерді қосыңыз. Республилық ірі жобалар бар. Осының бәріне қаржы бөлінеді, олардың толық игерілуі, қаншама жұмыс орны ашылуы тиіс. Ал енді қарап отырсаңыз шынайы өмірде осыншама қаржы мен қолдаудың көрінісі соншалықты байқалмайды. Қағазға түсірілген мәліметтер бойынша бәрі керемет. Статистикалық мәліметтерге қарасаңыз біздегі өнеркәсіптің жүгін көтеріп тұрған, табыс тауып жатқан «Казатомпром», «ПетроҚазақстан»  «Химфарм» секілді кеңес дәуірінен келе жатқан алпауыттар және жаңадан қосылған бірен-саран жобалар.  Жалпы қосылды деген мәлімет бойынша үлесі өте төмен. Қалғандарының барлығы «өлік»  немесе «мүгедек».  Осы арада бір дерек келтірейін, ОҚО әкімдігінің жанындағы тексеру комиссиясының 2015 жылғы атқарылған жұмыстардың есебі кітапша етіп шығарылған. Сол есепте бүгінгі таңда ҮИИДБ бойынша 228 миллиард теңгеге инвестиция келгені, 164 жоба іске асқаны жазылған. 13800 жұмыс орны ашылған. Және 2015 жылы осы жобалардың 94 пайызы 90-100 пайызға дейін өзінің көрсетілген қуатында жұмыс істеп тұрғаны айтылады. Ал «Бизнестің жол картасы» бойынша 997 жоба іске асырылған 482 миллиард теңгеге. 16 мың адам жұмысқа алынған дейді. Алайда, бұл деректер статистика жөніндегі комитеттің есебімен сәйкес келмейді. Мен осыншама жұмыс орны ашылды дегенге күмәнім бар. Мүмкін жартысы бар шығар. Көз жеткізу үшін мемлекеттік органнан статистикалық мәліметтердің қалай және қайдан алынғанын көрсет десеңіз мың сылтау айтып көрсетпейді.  Сәйкес келмейтін, күмәнді мәліметтерді халыққа жария етіп, барлық жұмыс жоғары деңгейде атқарылып жатқаны айтылуда. Облыстық кәсіпкерлік, экономикалық және бюджетті жоспарлау басқармалары облыс әкіміне осындай деректер беріп отыр. Жергілікті атқарушы органның асқақ есебін тыңдап немесе оқып таңдана отырып көтерілген көңіл көшелердегі қайыршыны көргенде айниды. Ел алдында айтылған сөз шынайы өмірмен сәйкес болуы тиіс қой.

- Жобалар демекші, халыққа жария етіліп, жарнамаланғанымен жүзеге асырылмайтындары көп. Мысалы, кезінде трактор заводы туралы биік мінберлерде айтылды. Бірақ оның «дыбысы» шықпады, осындай жобалардың іске аспай сөз жүзінде қалуы не себепті? Сондай-ақ, Шардараға әуе қатынасын орнату туралы айтылуда. Бұл жоба қаншалықты тиімді және оның жүзеге асырылуы мүмкін бе?

- Өндірісті оқшаулау деген бар. Мысалы, завод өнімінің заты мен бөлшегінің қанша пайызы жергілікті жерде шығарылады? Ордабасы ауданында шығару көзделген трактордың бірде-бір заты елімізде шығарылмайды. Барлығы Кореядан әкелінеді, әрине оны теңгемен сатып алмайды. Девальвациядан кейін бұл заттар екі есе қымбаттаған. Өзімізде шығарылса, мысалы корпустары, моторы басқа да бөлшектері онда өзіндік құны төмендейді. Яғни, өндірістік оқшаулау (локализация) 40-50 пайыз болса, онда ол басқа елдердің тракторларымен бәсекелес бола алады. Бәрін әкеліп осы жерде құрастыру, ол тиімсіз жоба.  Бадамдағы трактор заводы есіңізде болса 2015 жылы Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде ашылып, өндіріс басшысы жылдың соңына дейін 600 трактор шығарып, 400 адамды жұмыспен қамтамасыз ететінін айтты. Бүкіл елдің көзінше, Елбасының алдында. Бүгін 2016 жылдың желтоқсаны басталды, әлі бір де трактор шығарған жоқ. Кореядан келген дайын техникаларды көрсетті. Құрастырып жатқандай кабинасын шешіп қайта салып, көзбояушылық жасады. Осы мәселені көтеріп, кезінде сынадым, ол сол кездегі облыс әкімінің орынбасары С. Тұяқбаевтарға ұнамады. Биыл осы бір тиімсіз жобаға «Максимум» АИО 800 миллион теңге тағы беріпті. Қаржыны кәсіпкер банктен алса мейлі. Ал «Максимумның» құрылтайшысы ОҚО әкімдігі,  оған қаржы бөлетін де ОҚО әкімдігі, жобаға экономикалық қорытынды беріп отырған экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы мен облыс әкімінің экономика жөніндегі орынбасарының ұсынысы және облыстық мәслихаттағы 50 депутаттардың келісімімен. Ол депутаттарыңыз мәселенің мәнісін зерделеп, зерттеп жатпайды.  

Бадамдағы  индустриалдық аймаққа мемлекет тарапынан 2 миллиард теңгеден астам қаржы берілді, инфрақұрылымын жүргізу үшін. Сол аймаққа жаңағы заводты қосып қойған. Трактор заводының басшысын сынап жатқан жоқпын, өйткені ол оның тәуекелі.  Мемлекеттік менеджер болсам алған міндеттемесінің орындалуын сұрар едім. Орындай алмаса мемлекеттің шығынын қайтаруды талап етер едім. Жалпы барлық жобалар бойынша осындай талап болуы тиіс. Сонда жауапкершілік болады. Мемлекеттік қорытынды берген азаматтарды шақырып алып, сол қорытынды бойынша алған міндеттемелердің неге орындалмағанын сұрап, қаржының қайтарылуын талап ету керек. Өйткені бұл мемлекеттің, яғни халықтың қаржысы. Елбасыға рахмет, жан-жақты мүмкіндік жасап, қолдау көрсетуде.  Ал енді Мемлекет басшысы алдында берген міндеттемесін орындамай, кейбіреулерге кезектен тыс жағдай жасап отырғандар азаматтардан арылу қажет. 

Шардарада ешқашан әуе қатынасы болмайды.  Мемлекеттен қаржы бөлініп, қосылған күннің өзінде шығыннан көзін ашпайтын жоба болады. Айтайын себебін.  Балқаш қаласын білесіз,  әлемге танымал көлі бар және ол жерде «Қазақмыстың» ірі жобалары жұмыс істейді. Сондағы әуежай менің білуімше, түнде қызмет көрсетпейді, жағдайы жоқ.  Ыстықкөлдің әуежайы да минуста, яғни шығында. Ал енді Ыстықкөл, Балқаш пен Шардараны салыстыруға бола ма?! Туризмнің дамуы жағынан. Қай жағынан алып қарасаңыз да. Сондықтан тиімсіз жоба деп есептеймін.  Қағаз бойынша, әрине экономистер жазып береді керемет етіп. Инфрақұрылымын салуға миллиардтаған қаржы қажет, мемлекет дотация беруі керек.  Әуежайды күтіп, талапқа сай етіп ұстау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаншама қызметтер қажет. Күніне 5-6 ұшақ келіп қонуы керек.  Қыста ол жаққа кім қатынайды ұшақпен, түнде не істейді?  Бұл жобаны мүмкін болса тоқтату керек. Ол ешқашан өзін-өзі ақтамайды.  Егер жеке бизнесмен инвестиция әкелемін десе жер бөліп беріп, жағдайын жасаған жөн сияқты. Мемлекет тарапынан қаржы бөлу қателік деп ойлаймын. Мына бір жәйтті айтайын, халқы 16 миллионға жуық Мәскеу агломерациясында көктемде ашылған 4-ші халықаралық «Жуковский» әуежайының жұмысы бүгінде толыққанды жүрмей жатыр. Еліміздің облыс орталықтарындағы бірқатар әуежайлар шығынға батуда, 4-5 әуежай ғана табысқа жұмыс істеп жатқан.

Жоғарыда айтып өткенімдей көптеген жобалар сөз жүзінде ғана қалды. Мысалы, Отырар ауданында 250 миллион долларға күн көзінен электр қуатын алатын қондырғылар орнатылатыны айтылды. Ол қайда? Жоқ.  Москваға 250 миллион доллар инвестиция құйып, индустриалдық аймақ ашамыз делінген еді, ол да жоқ.  Қазығұртта мың гектар жерге жаңғақ егеміз деп былтыр тағы айтты. Қайда ол?! Жоқ. Айта берсең ондай жобалар өте көп.

- Ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Мұқасан Шахзадаев: «26 жыл бойы бір-бірімізге шыдап келдік»
Шәкизада Шанасұрова, әнші: «Ұлым аш қалмасын деп бөтелке өткізген де күнім болды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу