Мұқасан Шахзадаев: «26 жыл бойы бір-бірімізге шыдап келдік»

Oinet.kz 05-08-2019 1209

Screenshot_12.jpg

Мұқасан Шахзадаев, «Нұр-Мұқасан» тобының әншісі

Өнер жолы қиын деп жатады сол терінің пұшпағын илеп жүргендер. Әсіресе, бірнеше өнерпаздан  құралған топтардың құрамды сақтап қалуы оңай емес. Ел арасында дуэт, трио, квартеттердің ауызбіршілігі мен керісінше кикілжіңдері жиі айтылып жатады. Жыл соңына  таяп қалғанда  еліміздегі танымал біраз топтарға көз тиді ме, әлде сөз тиді ме, қайдам, тарап кетіпті деген сыбыс желдей есті. Әңгіменің бір ұшы «Нұр-Мұқасан» тобына қатысты. Сонау 90 жылдары қазақ сахнасында қос домбырамен жарқ етіп, «Не пайда?», «Сезімді қайтем?», «Құдаша қыз» атты әндерімен халықтың жүрегіне жол тартқан Нұр-Мұқасан дуэті қазақ топтарының алғашқы қарлығаштарының бірі болды.   Салмақты да сырбаз Нұрлан мен қара қастары қосылған Мұқасан кезінде «Бауыржан-шоу» театрында өнер көрсетіп, әртістік қырларынан да танылып үлгерді. Эстрадаға кейіннен қосылған топтардың көлеңкесінде қалып қоймай, жаңа әндер мен заманауи стильдерімен жас пен кәрінің де көңілін таба білген әншілер бәсекелестікке де төтеп берді. Өнер мен өмірде де  достықтары жарасқан топқа биыл 26 жыл толыпты. Аз уақыт емес әрине.  Осынша жыл сыр білдірмей келе жатқан Нұрлан мен Мұқасанның араларынан биыл қара мысық өткен секілді. Дуэт тарайтындығын естіген жұрттың есеңгіреп қалғаны рас. Өйткені нұрмұқасандықтар әсіресе жастарға үлгі болып жүрген еді. Топтың тарайтындығы туралы сыбысты Мұқасан былайша түсіндірді.  

«Нұрлан қазір өз шығармашылығымен, мен өз шығармашылығыммен айналысудамын. Мұны бұған дейін де айттық. Бұл тек Нұрлан екеуміздің арамыздағы әңгіме. Оны жарнамалағым келмейді. 26 жылдың ішінде бір-бірімізді кешірмейтіндей жағдай болған емес, десе де кішігірім түсініспеушіліктер болды. Бір жағынан, 26 жыл бойы қатты кетпей, шыдап келген сияқтымыз. Қазір Нұрлан жайлы ештеңе айта алмаймын. Бейхабармын. Тосын сый әзірлеп жатқан шығар. Бір күні жарқ етіп шыға келуі де мүмкін», - деді ол. 

Мұқасанның бұл сөзінен Нұрланның жеке өнер көрсетуі мүмкін дегенді аңғаруға болады. Алайда бұл топ әрі қарай жұмысын тоқтады деген сөз емес. Мұқасанның бұл тақырыпқа тағы да қосары бар.  «Кейде той-домалаққа барған кезде  Нұрлан болмай қалады немесе мен болмай қаламын. Сол кезде «Мұқаш, Нұрлан бір өлең айтып жіберші»,- десе, «Нұрлан жоқ қой, Мұқасан жоқ қой»,- деп, отырып қалатын кездер де болады. Сондықтан жеке-жеке ән жазып қоюды шештік». Алыпқапша сөздің қайдан шыққаны енді белгілі болды. Бастысы, топ тарамайды, тек солистер жеке ән жаздырып, сахнаға жалғыз шығулары мүмкін.  26 жылдық еңбек жолдарында әншілер жеке ән айтып көрмепті. Ал Нұрлан тіпті, бүгінге дейін тек екінші дауыста ән шырқап келді. Енді, міне, олар тыңдармандарға дауыстарының мүміншіліктерін дәлелдемек. Үкілі домбырасын қолына алмағанына біраз болған Мұқасан бұл тірлікке әлдеқашан білек сыбана кірісіп кеткен секілді. Қазір оның  қоржынында үш ән бар екен. Кім біледі, жеке шығармашылығымызды дамытамыз деп жүріп олар топтың басын қайта біріктіре алмай қалмаса болғаны.

Мұрағаттан, 2016 ж

Гүлнар Сиқымбаева: «Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекет қазынасын тонады дегенге сенбеймін»
Болатбек Нәжметдинұлы: «Қарамағындағылар облыс әкіміне жалған мәлімет береді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу