Гүлнар Сиқымбаева: «Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекет қазынасын тонады дегенге сенбеймін»
Гүлнар Сиқымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
- Гүлнар ханым, халықтың алдына күн сайын шығып, жалықтырып жіберетін әншілердің қатарынан емессіз. Дегенмен соңғы уақыттары концерттер мен «көк жәшіктен» көрінбей кеттіңіз. Тыңдармандарыңыз сізден көз жазып қалған секілді, қайда жүрсіз?
- Осы сауал соңғы уақыттары алдымнан жиі көлденең шығып жүр. Қазіргі таңда шығармашылығымда кішкене тоқырау болып тұрғаны рас. Мұның бірден бір себебі ұстаздық жолға ауысуым. Бүгінде он мың студентке білім беріп отырған көп жылдық тарихы бар Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінде жастарға вокалдан дәріс оқып жүрмін. Аға оқытушы деген атағым бар. Оқу орнындағы өнер және мәдениет факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты әрі әнші-сазгер Гүлнұр Өмірбаевадан «қыздарға музыка саласынан сабақ берсеңіз қайтеді» деген ұсыныс түскен болатын. Бұл әрине, үлкен жауапкершілік. Ойлана келе келісімімді бердім. Әкем негізі менің мұғалім болуымды қалаған болатын. Асқар тауымның тілеуі осылайша енді ғана орындалды. Оның үстіне елдегі дағдарыс та қалтамызды қаға бастады. Бұрынғыдай тойда да ән салуды сиреттік. Сондықтан ұстаз болып жүрген жайым бар. Мұндағы жұмысым көңілімнен шықты. Қазақтың қарапайым, инабатты, ұяң, талантты қыздарымен жұмыс істеу қызықты әрі жағымды. Сол аруларға жол көрсетіп, өнерге баулығым келеді. Алайда бұл менің өнерден біржолата кеткенімді білдірмейді. Киелі сахнаға шықпай қалсам өмірімнің мәні жоғалар еді. Келесі жылы қазақ эстрадасында өнер көрсетіп жүргеніме 36 жыл толады екен. Егер қаржы жағы реттеліп жатса ел алдында есеп беру де жоспарымда бар.
- Кезінде атағы дүркіреген «Гүлдер» ансамблінің құрамында болып, ел ықыласына бөлендіңіз. Сол ансамбльдің бүгінде қарқыны басылып қалған секілді. Неліктен?
- «Гүлдерде» 1985 жылдан бастап қызмет еттім. Бiрлестiктiң арқасында шетелге шығармашылық сапарларға шықтық. Ұжыммен бірге ыстыққа да, суыққа да төзіп, ән салдық. Сондықтан қара шаңырақтың тағдыры мені әрқашан алаңдатады. Бұрынғы «Гүлдермен» қазіргіні әрине, салыстыруға келмейді. Өйткені қазір жұртты, әсіресе жастарды таңқалдыру қиын. Сол себепті «Гүлдерге» жаңашылдық жетіспейтін шығар. Жалпы ансамблдің негізгі бет-бейнесі бишілер ғой. Ұжымда бүгінде талантты биші, әнші ұл-қыздар жеткілікті. XXI ғасырдың талғамы жоғары көрермендері мен тыңдармандарын қазір шетелдің дүниесінен гөрі қазақтың ұлттық киімдерін киген бишілердің қимылы қызықтырып отырғандығы әрине қуантады. Бірлестіктің бишілері де көрермендер талғамына сай керемет ұлттық киімдерімізді дәріптеп жүргендері құптарлық іс. Әнші, композитор Арман Дүйсенов басқарып отырған ұжымға тек шығармашылық табыс тілеймін.
- Сіз Қазақстан ғана емес сонымен қатар Қырғызстанның да еңбек сіңірген әртісісіз. Қырғыз ағайындармен қазір де шығармашылық байланысыңыз бар ма?
- Сұрақты жанды жеріме қойғандай болдың ғой. Кезінде Мұхтар Шаханов ағамыз елші болып тұрғанда және көрші елдің президенті Асқар Ақаевтың тұсында қазақ пен қырғыз өнері бір-бірімен тығыз байланыста болды. Мұхтар ағамыз қазақтың бетке ұстар өнерпаздарының басын қосып Алатаудың арғы жағында жиі концерт өткізетін. Ақаев мырза дауысымды ұнатушы еді. «Бізге келіп ән салып берсең қайтеді?» деп шақырып тұратын. Қырғыз ағайындардың да қошеметі ерекше болды. Қазір сол күндерді сағынғаннан кейде көзге жас келеді. Себебі бүгінде бәрі тып-тыныш. Қабырғалас республикаға жақын болса да бара алмай отырмыз.
- Белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловтың істі болғанынан хабарыңыз бар шығар. Тұңғышбай ағамыздың ғана емес жалпы қазақ мәдениетіне түсіп отырған дақ туралы айтар ойыңыз қандай?
- Тұңғышбай ағамызбен дастархандас болып, етене араластым деп айта алмасам да қазақтың мақтанышына айналған тұлғаның басына үйірілген қара бұлтқа менің де жаным ауырды. Себебі бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы. Сондай біртуар азаматты мемлекет қазынасын тонады дегенге өз басым сенбеймін және сенгім келмейді. Өйткені өнер жанашырының қаншама жыл қасықтап жинаған атақ-абыройын бір күнде төге салуы мүмкін емес. Өзі мойындап отырғанымен халық бұл жағымсыз ақпаратқа иланғысы келмей отыр. Алла ол кісіге сабыр берсін. Бәрі оңынан шешіледі деген үміттемін.
- Кейінгі кездері жас әнші, актер, спортшылардың саясатқа бет бұра бастағаны байқалады. Сахнаны жұмсақ креслоға айырбастағысы келетіндерге не айта аласыз?
- Кеңес Одағы кезінде бізді ұлтжандылыққа пионер, комсомол болу арқылы тәрбиеледі. Сол секілді бұл үкіметтің жастарды алға сүйреп, серпін беру үшін жасалып жатқан әрекеті деп білемін. Жастарды елін, жерін, Отанын сүюге осылайша бағыттап жатқан болар. Әйтпесе, мәселен Қайрат Нұртас сахнаны креслоға ешқашан айырбастамайды. Осы секілді арқасы бар, ән айтпаса тұра алмайтын таланттар саясатқа түбегейлі араласып кете алмайды. Өйткені нағыз өнерпаздар сахнаға шықпаса ауырып қалады.
- Әншілер де мемлекетке салық төлеуі тиіс деген талапты естіген боларсыз? Сіз ше, салық төлеп жүрсіз бе?
- Әншілерден бұрын-соңды салық алынбағандықтан бұл ақпаратты естігенде шошындым. Әріптестерімнен тойға шықпас бұрын осы мәселені сұрастырып алатын болдым. Дегенмен бұл талаптың нақты жүзеге асқанын әлі байқай қойғаным жоқ. «Төлеп жатырмын» дегендерді де әлі көрмеппін. Әйтсе де «ставкалары» жоғары, бір тойдан 10-15 мың АҚШ доллар пайда түсіретін әншілерге салықты салуға болатын шығар. Сонда да дағдарыс кезінде елдің қалтасын қақпаған абзал деп ойламын.
- Сізді «Дүбәра» атты фильмге түсті деп естіп едік. Соған қарағанда киноға түсуге шақырту алған сияқтысыз.
- Ия. Бұл шақыртудың өзі қызық болды. Бірде бір мерекелік кеш ұйымдастырушылардан шақырту келіп түсті. Қолым бос болғасын қуана келістім. Жасырып қайтейін, сол кезде үйде көлік те бұзылып қалған болатын. Қаланың шетіне таксимен жетуге тура келді. Әупірімдеп жарты жолға келгенде әлгі адам қоңырау шалып «Гүлнар апай, ыңғайсыздық үшін кешірім сұраймын, болды келмей-ақ қойыңыз» деді. Адамды сонша әурелегенге ызам келді. Онсызда айтылған жерге жетіп қалған едім. Кері қайтпай ақыры жолығайын деп шештім. Содан есіктен кіре сала ұйымдастырушыға айғай салып, ұрыстым. Сол кезде сырттан бақылап тұрған режиссер Хамза Көксебекке адуынды келбетім ұнап қалса керек, кейінірек фильм түсіргелі жатқанын, қатал мектеп директорының образын сомдайтын актрисаға іздеу салып жүргенін айтты. Фильмнің мақсатымен танысқан соң келісім бердім. Кино жайлы айтатын болсам режиссердің айтуынша сюжеті өмірде болған оқиғаға негізделген. Дүбәра есімді жас та, сүйкімді қыздың тәлкекке түскен тағдыры жайлы баяндалады. Түсірілім барысында аса қинала қойған жоқпын. Себебі менің «Ұят болмасын» бағдарламасында жинаған тәжірибем бар. Халықтың көзайымына айналған бағдарламада марқұм Бақытжан Жұмаділовтың үш жылдай «жұбайы» атандым ғой. Сол кездегі ұжымнан, әріптестерден үйренерім көп болды. Баяғы тұйық мінезді Гүлнар ашық-жарқын жанға айналды. Бірақ әлгі киноны өзім әлі көре алмай жүрмін. Алдағы уақытта тағы да фильмге түсуге ұсыныстар түсіп жатса бас тартпас едім.
- Отбасыңызға ойыссақ. Осы Гүлнар Сиқымбаева жалғыз ұлына жар іздеп жүр дейді ғой. Қалай, келініңізді таба алдыңыз ба?
- Келін іздеуді әлі тоқтатқан жоқпын. Ұлым 27-ге келді. Кезінде ұшқыш боламын дегенде келісімімді бермеп едім. Бекер-ақ істеген екенмін. Алматыда Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінде халықаралық қатынастар мамандығын алып шықты. Магистратураны да бітірді. Енді қолына ақ құсын қондырса арманым жоқ еді. Жүрген жерімде келін іздеп жүретінім рас. Тіпті, Тайлақтың анасы Тана шешейге ұқсап көшедегі танымайтын бір қызға «айналайын қызым тұрмыс құрғансың ба, күйеуге шыққың келе ме?»,- деп тікесінен сұраған кезім де болды. Алла бұйыртса ұлым үйленіп жатса бірінші кезекте халықтан сүйінші сұраймын деп отырмын.
- «Әркімнің өз жері жұмақ» демекші, туған ауылыңызға барып тұрасыз ба?
- Әрине барып тұрамын. Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Майбұлақ ауылындағы қара шаңырақта әкем, бауырым түтінін өшірмей отыр. Қанша тығыз шаруа болса да жылына жеті-сегіз рет ауылыма барып тұрмасам сағынамын.
- Сахнада 35 жылдан бері сыр бермей өнер көрсетіп келесіз. Кейде еңбегім тиісті деңгейде бағаланбай жатыр деген ой келмей ме?
- Атақ-абыройдан құралақан емеспін. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі деген атағым бар. Ептілер әйтеуір жанталасып, атаққа жармасып жатады ғой. Мен табиғатымнан тәубешіл адаммын. Ең бастысы халықтың ыстық ықыласын, ризашылығын алып келемін. Маған одан асқан кошемет, құрметтің қажеті жоқ. Сонда да пендеміз ғой, кейде сый-сыяпат алсам деп дәмеленіп қаламыз. Бірақ өзім қимылдамасам маған атақты кім жәйден жәй бере салады дейсіз?!
Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай,
Мұрағаттан, 2016 ж