Спандияр Бекжігітов: «Желтоқсан көтерілісінен кейін мәскеуліктердің көзқарасы өзгерді»
Спандияр Бекжігітов, медицина ғылымдарының докторы:
Жаңғырығы әлі басылмаған, әрі қазағымызға рух беретін Желтоқсан көтерілісіне отыз жыл толып отыр. Алматыда болған оқиғадан түрлі себептермен шет елдерде жүрген азаматтар да тысқары қалған жоқ. Өз пікірлерін ашық айтуға, көзқарастарын батыл білдіруге тырысқандары көп. Осы орайда, сол жылдары Москвада білім мен тәжірибені ұштастыра мамандық меңгерген, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Спандияр Бекжігітовпен сұхбаттасқан едік.
- Спандияр аға, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елге сіңірген еңбегіңіз, медицина саласының дамуына қосқан үлесіңіз жоғары бағаланып, мемлекеттік награда - «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдыңыз. Құтты болсын! Бүгінде ел болып атап өтіп жатқан, Тәуелсіздігіміздің бастауы болған Желтоқсан көтерілісі туралы ақпаратты қалай қабылдадыңыз, жалпы осы оқиғадан кейін жергілікті халықтың сіздерге, яғни мәскеуліктердің қазақ жастарына деген көзқарасы қандай болды?
- Рахмет! Еңбек бағалануымен де құнды. Халықтың денсаулығын нығайту, аурудың алдын алу, науқастарды емдеп еңбекке белсенділігін арттыру әрдайым жауапкершілікпен қарайтын басты міндетіміз. Иә, мен Москваға қиын уақытта бардым. Қай тұрғыдан алып қарасақ та, өзіндік ерекшелігі мол кезең болатын. Бірақ жаспыз, білімге, мамандықты меңгеруге деген ынтамыз зор болғандықтан өзімізге деген салқын да шовинистік көзқарасты елемеуге, қиындыққа мойымауға тырыстық. Желтоқсан оқиғасы болған 1986 жылы Москвадағы академик Д.И.Чазов басқаратын бүкілодақтық кардиологиялық ғылыми орталыққа клиникалық ординатураға қабылданып, қазан айынан бастап сабаққа қатыстым. Менімен бірге академиктердің, сол кездегі денсаулық сақтау министрі, Орталық комитет хатшысы сынды лауазымды қызметтегілердің балалары оқыды. Ғылым академиясының жатақханасында Кеңес одағының барлық 15 республикасынан келген, аспирантура, ординатура, докторантурада оқитын студенттер тұрды. Желтоқсан оқиғасын кешкі жаңалықтан естідік. Алматыда нашақор, маскүнем жастар алаңға шығып машиналарды өртеп бұзақылық жасады деп хабарлады ақпарат құралдары. Бәріміз де ойланып қалдық. Біржақты ақпаратқа сенбедік те, ақиқатын білгенше асықтық. Қазақстанды басқарып келген Д. Қонаевтың қызметінен кетуі туған елден жырақта жүрген біздің де көңілімізді түсіріп, ойға қалдырды. Елдің ертеңіне, алаңға шыққан жастардың тағдырына алаңдадық. Беріліп жатқан ақпараттар қазақ жастарын қаралау бағытында болды, байланыс бүгінгідей дамымаған тұста шынайы жағдайды білу өте қиын-ды. Москвада жүргенімізбен бар ой-санамыз Алматыда еді. Желтоқсан оқиғасының екінші күні жатақханамызға келген бейтаныс қазақ жігіті елдегі жағдайды еске салды да, әдебиетшілер үйінде өтетін ақын М.Шахановтың поэзия кешіне шақырды. Соған қатысайық, қолдайық деп. Мен жігіттерді ұйымдастырып алып бардым. Бұл 1986 жылы желтоқсан айының 19 күні болатын. Желтоқсан көтерілісіне байланысты кешті өткізуге жоғарыдан рұхсат берілмегенін кейін білдік. Евгений Евтушенко жүргізген сол кешке 600-ден астам жерлестерімізден басқа, көптеген қонақтар жиналды. Көпшілік Мұхтар Шахановқа өлеңдері үшін алғыстарын жаудырып, құрмет көрсетті, сұрақтар қойылды. Жиналған жастар Алматыдағы көтеріліс туралы, көбірек мағлұмат алғысы келгені анық. Студенттердің бірі еңбегі елге сіңген Д.Қонаевты қызметінен алып, еліміздің тілін, әдет-ғұрпын білмейтін азаматтың неліктен тағайындалғаны жөнінде сұрады. Осы арада кешті жүргізіп отырған Евгений Евтушенко студенттердің қойған сұрақтарын тереңдетпей М.Шахановтың бұл мәселеден хабарсыз екенін айтып түсіндірумен болды. Біз поэзия кеші алдында арамыздан ой-тілегімізді мүдірмей жеткізе алады деген жігітті сахнаға шығып сөйлеуге дайындап қойған болатынбыз. Кеш аяқталып жатқан тұста әлгі жігіт сахнаға шығып сөйлейін деп еді оны милиция ұстап алып кетті. Кешке келген қазақ жастары көтеріліп кетеді деп қауіптенсе керек әдебиетшілер үйін торуылдаған милициялар көбейді. Сахнаға шығып сөйлеуге мүмкіндік ала алмаған әлгі жігітті апарып тергеді. Кейін оны әрең шығарып алдық.
Осы желтоқсан көтерілісінен кейін москвалықтардың бізге көзқарасы өзгерді, салқындық пайда болды. Оны өз басымнан өткіздім. Жұмыста ала көзімен қараушылар, теріс айналушылар көбейді. Қоғамдық орындарда да астамшылдықты, салқындықты сезіндік. Екі айдан кейін Алматыда өткен дәрігер-ғалымдардың бүкілодақтық симпозиумына барған Агапов деген аға ғылыми қызметкердің қазақ жігіттерінен таяқ жеп ауруханаға түсуі де маған деген көзқарастың салқындай түсуіне әсер етті. Мені тіпті жау көрді бәрі. Каронография жасатып, тамырдың өту қабілетін тексеріп, күретамырға стенд қою жұмыстарына мені жақындатпай, шеттетті. Бұл жаңа инновациялық тәсілдер бойынша операциялар жалғыз сол бүкілодақтық кардиологиялық ғылыми орталықта ғана жасалатын. Кеңес одағы бойынша. Басқа республикаларда ондай әдіс те оны жасайтын мамандар мен жабдықтар да жоқ. Бүкіл одақ көлемінен науқастар айлап-жылдап кезекке тұрып, қалтасы көтеріп, аяғы жеткендер ғана барып жасататын. Қаржысы бар науқастар шетелге барады, яғни жылына миллиондаған қаржы шетелге кетіп жатты. Ал қаржылық мүмкіндіктері жоқтар о дүниелік болып жатты ғой. Бақуаттылар Москваға барып жасататын. Осындай емдік тәсілдерді үйреніп-меңгеруді мақсат еткен маған кедергі көбейді. Мен де табандылық танытып, қайтпадым. Ғылыми жетекшіге барып мән-жайды айтып, каронография, стендттеу сынды күрделі жұмыстарға қатысуға қайтадан мүмкіндік алдым. Сөйтіп, бір аптада үйреніп, меңгердім. Осы тәсілдерді меңгерген алғашқылардың бірімін. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі мәскеуліктердің әлгіндей салқын қабағына қарамай, медицинадағы жаңашылдықты үйрендім, елдегі науқастарға көмектесуді мақсат еттім.
-- Еліміз тәуелсіздік алғанда шет елдерде, оның ішінде Мәскеуде жүрген қазақ жастарының қуанғаны заңды да, дегенмен ел тарихындағы өзгерісті қалай қарсы алдыңыздар?
- Желтоқсан көтерілісінен кейін көп өзгерістер болды ғой. Демократия, жариялылық туралы көбірек айтыла бастады. Ресейдің өзінде саяси жағдай өзгерді, билікке қатысты оппозициялық күштердің пікірлері, сыни көзқарастары жария етілді. Мәскеу өзге республикаларға билігін күшейте түскісі келетінін жасырмады. Көшелерде билікке қарсы саяси плакаттар көбейді. Бар мақсатымыз медицинаны меңгеру болып жүрген біз де саяси дүниетанымымызды кеңейте бастадық. Осындай өзгерістер әйгілі тамыз бүлігіне алып келді емес пе. Мәскеудегі 1991 жылы 18-19 тамыздағы «путч» кезінде мен оқиғаның ортасында болдым. Ақ үйдің алдындағы алаңға жиналдық. Айнала қираған техника, өртенген көліктер. Танк үстіне шығып Б.Ельцин ұрандатып, тоталитарлық жүйеге қарсы сөз сөйледі. Біз тура сол танктің маңында «Ельцин! Ельцин!» деп қолымызды сілтеп, айқайлап тұрдық, қолдап. Негізі Ельцинге қолдау көрсетіп митингке жиналғандардың басым көпшілігі мен секілді сырттан барғандар. Москвалықтар барған жоқ ол жерге. Себебі, ол кезде мәскеуліктердің тұрмысы жақсы еді. Бүкіл одақ болып бар өнімін, тауарын Москваға төкті емес пе? Дүкендерде азық-түліктің барлық түрі толып тұрады. Әрі арзан. Біздерде жоқ ол кезде. Бүкіл Москва облысының тұрғындары электричкамен келіп, артынып-тартынып қайтатын. Әлеуметтік тұрғыдан да жағдайлары жақсы. Осындай жақсы тұрмыстық жағдайда тұратын мәскеуліктер төңкерістің, яғни өзгерістің бола қойғанын қаламаған сияқты. Тамыз бүлігінің қалай аяқталғаны, нәтижесі елге мәлім ғой. Егер сол кезде «путч» ұйымдастырушылар мақсатына жетіп, жеңіп кеткенде республикалар тәуелсіздік ала алмас еді. Яғни, кеңес дәуіріндегі жүйе жалғасып, бодандықтың қамытынан қайта киер едік. Желтоқсан көтерілісіне Мәскеуде болғандықтан қатыса алмасам да Одақтың ыдырауына септігі тиген тамыздағы көтерілістің бел ортасында жүріп, ел тәуелсіздігіне тамшыдай үлесімді қостым деп ойлаймын. Еліміз тәуелсіздік алғанда қатты қуандық. Үлкен оң өзгерістерден, ұлттық құндылықтарымыздың, рухани мұраларымыздың жандануын қаладық, үміттендік.
-- Жоғарыда клиникалық ординатурада өзіңізбен бірге ыңғай министр, комитет хатшысы сынды «мықтылардың» балалары оқығанын айтып қалдыңыз. Әкесі ауыл, аудан көлеміндегі жауапты қызмет атқарған, қарапайым отбасынан шыққан сіз сол ортаға қалай қосылдыңыз? Ординатураға, одан кейін аспирантураға қалай қабылдандыңыз?
-- Жасыратыны жоқ, ол кезде де сыбайластық, тамыр-таныстық деген бар еді. Алайда, кеңес заманы адамдарының қазіргілерден тазалығы басым болды. Мен жастайымнан дәрігер болуды аңсадым және көп ізденістің, еңбекқорлығымның, табандылығымның арқасында бүгінгідей дәрежеге жеттім. Медициналық институтты Алматыда 1980 жылы бітірдім. Шымкентке жолдамамен келіп, 2 –ші қалалық ауруханада алты жыл жұмыс істедім. Учаскелік терапевт-дәрігер болып. Сол кездері кардиолог боламын деп шештім. Аспирантураға түсуге талпынып, құжаттарымды тапсырдым. Конкурсқа қатыстым, бірақ 3 жыл мені жібермеді. Ол кезде аспирантураға өңкей бастықтардың академик, профессорлардың, обком, цк-ның балалары түсетін. Министрлікке бардым, құжаттарымның дұрыс, білімімнің талапқа сай екенін, үш жыл бойы өте алмау себебімді конкурстық комиссия айтпағанынжеткізейін деп. Ол кезде Мұқтар Әлиев еді денсаулық сақтау министрі. Соның қабылдауында болдым. Жағдайды, мақсатымды айттым. Ол кісі бұл мәселемен конкурстық комиссия айналысатынын айтып, менімен сөйлескісі келмеді. Есікті нұсқады. Кетпей отырып алдым. Көмекшісін шақырып «алып кет» деп бұйырды. Ашуланып есігін қатты жауып кетіп қалдым. Содан көп өтпей министрлік мені іздеп, Москваға оқуға жіберетінін хабарлады. Менің бағыма орай, сол жылы бір орыстың қызы Москваға бүкілодақтық ғылыми хирургия орталығына түскенімен отбасылық жағдаймен бармайтын болып қалған. Әлгі оның орны «күйіп» кетуі мүмкін. Сол кезде министрдің есіне кабинетінен шықпай отырып алған мен түссем керек. Сөйтіп, Мәскеуге жол тартық. Екі жыл клиникалық ординатурада оқыдым. Сосын сол жерде аспирантураны жалғастырдым. Онда да табандылық танытып жүріп түстім.
Аспирантурада қалғым келгенімен орын бермеді. Өзім қарамағында істеген академик Д.Чазов министр болды. Министрлікке бардым, орын сұрайын деп. Көмекшісі кіргізбейді, Чазовтың қолында оқып, жұмыс істегенімді айтып, кіру себебімді түсіндірсем де. Екеуміз ұстасып айқасып қалдық. Дегенмен, райымнан қайтпадым, сағым сынбады, қайта тезірек аспирантураға қабылдануға талпындым. Орталықта кандидаттық диссертациямды қорғаған соң аға ғылыми қызметкер етіп жұмысқа қалдырған болатын. Интервенциялық кардиологиямен айналыстым. Докторлық диссертация жаздым. Кейінірек Алматыдан Шымкентке келіп 6-шы аурухананың кардиологиялық бөлімшесінде жұмыс істедім. Кардиолог болып, 7 ай істеген соң Москваға аспирантураға түстім. Есімі әлемге әйгілі кардиохирург Акчуринмен бірге жұмыс істедім. Екеуміз дос болып кеттік. Кейін ол Б. Ельцинге операция жасаған кезде мен Шымкенттен Акчуринге бір науқасты алып барған едім. Сөйтіп Б.Ельцинге жасаған операцияға қатысқанмын. 1993 жылы Алматыға кардиология институтына келгенде мен осы саладағы жалғыз маман едім Қазақстанда. Содан бері 2010 жылға дейін институтта басшылық қызметтерді атқардым, ал содан кейінгі жылдары осы кардиоорталықты басқарып келемін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ,
«Рейтинг» газеті №48, 15 желтоқсан