Татьяна Бурмистрова: «Тіл үйрену үшін қазақ поэзиясын оқу керек»
Татьяна Бурмистрова, дәстүрлі әнші
- 70-ші жылдары сахнаға жарқ етіп шығып, бүкіл Кеңес одағын қазақ әуенімен әуелеткен едіңіз. Тыңдармандарыңыз көбейген сәтте өнерді орта жолдан тастап кеттіңіз. Араға жылдар салып, қолыңызға домбыраны қайта алып, ел аралап концерт бердіңіз. Мұндай өзгерістердің себебі неде?
- Жастайымнан қазақтың ән-күйіне, домбыраға ғашық болдым. Мені өнерге жетелеп әкелген де осы құштарлық. Әйтпесе осы күнге дейін нота білмеймін, яғни музыкалық сауатым жоқ. Негізгі мамандығым – дәрігер екенін ел біледі. Кезінде екі Татьянаның басын қосып, әйгілі трионы құрған өзім едім. Бір кездері ән салуды тоқтатып, дәрігер болып қызмет еткенім рас. Сонда бір ақсақал маған былай деп еді: «Сен адамдардың тәнін емес әніңмен жанын емде». Сонда халықтың мені дәрігер емес әнші Татьяна ретінде жақсы көретінін, іздейтінін сездім. Содан бастап шығармашылығымды қайта қолыма алдым. Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларында творчествалық кештерімді өткіздім. Ал қазір Алматыда «Ұлттық өнер» деген орталығым бар. Білесіз бе, бұрынғы жылдарға қарағанда қазір шақыртулар көп аламын. Мұның бірден бір себебі халық дәстүрлі өнерді сағынды. Еліктегіш қызыл дүние өтті. Енді жұрт төл туындыларын, ұлттық мұраларын іздей бастады. Сондықтан мен секілді дәстүрлі әншілерге қазір жалқаулықты қойып, бас көтермей жұмыс істеу қажет. Сахнада жарқырап жүріп, ұлттық өнерді насихаттайтын нағыз уақыт келген секілді.
- Сізді қазақтың салт-дәстүрін мықты ұстанады дейді ғой...
- Оныңыз рас. Менің туған жерім алақандай Алғабас ауылы нағыз қазақтың қаймағы бұзылмаған өлке. Ауыл балаларымен ойнап жүріп қазақ тілін үйреніп, үлкендерден дәстүрді бойыма сіңіріп өстім. Көптеген өзге ұлттың өкілдері «біз де сіз сияқты қазақша таза, жүйрік сөйлегіміз келеді. Қалай үйренсем болады?» деп сұрап жатады. Менің қазақ тілін үйренгісі келетін жандарға айтарым қазақ поэзиясын оқу керек. Себебі поэзияда сөздің сұлулығы тұнып тұр. Бірде гастрольдік сапарда бір кісі «мен сіздің тұрақты тыңдарманыңызбын. Мүмкін болса немере қызымның тұсауын сізге кестіртейін деген едім» деп өтініш жасады. Сонда мен «Кешіріңіз, біздің ауылда қыз баланың тұсауын кеспейді. Егер кессе кезбе болып кетеді деген ырым бар. Бүгін сіздің өтінішіңізді орындасам ертеңгі күні қызыңыз аяғына тас байлап қойса да үйде отырмаса қайтемін? Одан да жолымды басқаға берейін» дедім. Расымен де өскен ортамнан көрген салт, ырымдарды үнемі ұстанып жүремін. Және де білгенімді өзгелермен бөлісіп жүргенді ұнатамын.
- Сіз саханаға оралғалы бері ел көкейінде баяғы атағы дүркіреген үштік қайта құрала ма деген үміт пайда болды...
- Менің де, халықтың да қалауы осы еді. Бірақ Полтавская мен Мартыненко өнерден қол үзді. Турасын айтқанда ән салғылары келмейді. Дегенмен 2013 жылы араға бақандай 30 салып Алматыда үшеуміз бас қосып, ел алдында концерт бердік. Өткен-кеткенді еске алып, бір жасап қалғанымыз анық. Әттеген-ай бұл біздің соңғы концертіміз еді. Ендігі жоспарым өзге ұлттың қыздарын жаныма ертіп жүрсем деймін. Осы ретте айта кетейін, қазақша ән салып жүрген таланттардың құлағына алтын сырға, егер маған шәкірттікке ұмтылған жастарға ұстаз болуға дайынмын. Себебі мені де ертең іздейтін, үлгі тұтаны ізбасарлар қажет. Сондықтан алдағы күндері сахнаға Татьяна болмаса да Наташа, Светалармен бірге шығып қалуым мүмкін.
- Жаңа 2017 жылға халыққа айтар тілегіңіз болса, мархабат...
- Барлық отандастарымның шаңырағына бақ-береке, ынтымақ тілеймін!
Мұрағаттан, 2016 ж