«Мұндай үкімге келіспеймін»: Жанболат Мамай
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыпталған оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамайды сот алты жыл шартты жазаға кесті. Сот үкімі 10 сәуірде шықты.
Шартты жазадан бөлек, сот Жанболат Мамайдың қоғамдық-саяси іспен, журналистикамен айналысуына, әлеуметтік желі арқылы хабар таратуына, партия, қоғамдық ұйым құруына да алты жылға тыйым салды. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарап – Алматы қаласы әкімдігіне 600 мың теңге көлемінде метериалдық шығын өтеуге міндетті.
«Азаттықтың» хабарлауынша, Жанболат Мамайға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды», «билік өкілін қорлады», «жалған ақпарат таратты» деген айыптар тағылған. Жанболат Мамай үкімге келіспейтінін және апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
«Кінәсіздігіме бұлтартпас айғақтармен дәлел келтірдік. Сотта ондаған куәгер менің тәртіпсіздікке шақырмағанымды толық растады. Сіз бұған қарамастан, осындай үкім шығарып отырсыз. Бұл үкімнің саяси астары бар. Мұндай үкімге келіспеймін», – деді Мамай судьяға қарата.
Ал бұған дейін сотта айтқан соңғы сөзінде ол билік өзін саяси себеппен қудалап отырғанын айтып, тергеу органдарының заңсыз әрекеттеріне тоқталған болатын.
«Елді 30 жыл тонағандар неге жауапқа тартылмайды? Қамалғандар арасында неге есепшотында миллиард доллары бар жемқор жоқ? Неге олардың бірде-бірі жауапқа тартылған жоқ? Неге екені белгісіз, Назарбаев айналасындағы шенеуніктер мен ұры-қарақшының жемқорлығын әшкерелеген мені соттап жатыр», – деді Мамай.
Сондай-ақ ол елдің сот жүйесіне сенбейтінін, сөзінің соңында әділ үкім сұраудан да мән жоғын айтты.