Арман Әлиев: «Манежге шығуды армандаймын»

Oinet.kz 13-07-2019 1277

Screenshot_9.jpg

Арман Әлиев, «Оңтүстік-цирк» мекемесінің директоры

-Жақында көрермендер «Оңтүстік-цирктің» бесінші маусымашарына куә болды. Цирктің бес жылдығына тағы қандай тартуларыңыз бар? 

-Маусымашар өте жоғары деңгейде өтті деуге болады. Мәскеуден келген әртістер мұз үстінде өнер көрсетіп көрерменді тәнті етті. Жалпы бес жылда жас ұжымның бағындырған белестері ауыз толтырып айтарлықтай. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен цирктің 5 жылдығына орай желтоқсан айында бес елдің өнерпаздары қатысатын жаңа бағдарлама ұсынатын боламыз. Ал қараша айында Шымкентте бұрын соңды болмаған шоу өтпек. Алғаш рет біздің манежде Мәскеуден келген әлемдегі қолға үйретілген жалғыз керік пен 5 тонналық мүйізтұмсық өнер көрсететін болады. Мен «Оңтүстік цирк» ұжымы көрерменді тың дүниемен қуантатынына уәде беремін. 

-Шымкент зообағы сыйлаған кішкентай абадандардың манежге шығатын күні алыс емес шығар?

-Зообақта осыдан екі ай бұрын жыртқыш аңдардың саны екі абаданмен толыққан еді. Сүйкімді жыртқыштарды бізге сыйлаған зообақ басшысы, депутат Нұрғазы Бұхарбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Шири мен Тано (абадандардың есімі) қазір жаттығуды бастап кетті. Сондай-ақ  зообақ директоры үш пони мен жолбарыстың баласын беремін деген болатын. Цирктің болашақ «жұлдыздарын» үйретуге, әрине, біраз уақыт қажет. Олар манежге шыққан күні халықтан міндетті түрде сүйінші сұраймын. Жалпы, біздің ұжымға әлі көп тәжірибе жинақтау қажет. Сондықтан елден бізге түсіністікпен қарауын сұраймын. 

-Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда цирктің өз шапитосы болады деп едіңіз...

-Жылжымалы циркке әне-міне қол жеткізгелі тұрмыз. Жалпы шапито Қазақстанда Алматыдағы циркте ғана болатын. Қазір оның тозығы жетті ме екен, әйтеуір ел алдына шығып жүрген жоқ. Ал қазір Шымкентте жеке кәсіпкер жігіттің «Рингостар» деп аталатын ұжымымен шығып жүрген Чехияда жасалған кішігірім шапито бар. Біздің жылжымалы цирк қазақстандық зауытта жасалынып жатыр. Ісмер қазақ жігіттеріне «Біздің шапитодан қазақтың иісі аңқып тұрсыншы. Ұлттық оюлармен өрнектеп киіз үй формасында жасаңдаршы. Төбесіне көк туымызды желбіретіп қояйық. Шапитоны алыстан көрген жұрт «мынау қазақтықтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстіктің циркі ғой дейтіндей болсыншы» деп өтініш жасаған болатынбыз. Бұйыртса келесі жылдың наурыз айында аудан, ауылдарды аралап акробаттардан бастап, аңдарға дейін  өнер көрсететін боламыз. Бұл шапито Қазақстандағы бірден бір кәсіби деңгейде өнер көрсететін жылжымалы цирк болғалы тұр. 

-Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде цирк мамандары оқытылады деген бастама көтеріліп еді. Аяқсыз қалған секілді...

-Мамандық ашу, маман даярлау бір күнде біте салатын шаруа емес. Сондықтан бұл бастама әзірге тоқтап тұр. Есесіне цирк жанынан студия ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл іске Мәдениет басқармасы мұрындық болып отыр. Биыл біз балалар арасында  «Әуесқой көркемөнерпаздар байқауын» ұйымдастырған болатынбыз. Сонда ауылдардан келген небір керемет жас акробаттардың барына көз жеткіздік. Міне, осындай балаларды әлгі студияда цирк өнеріне баулығымыз келеді. «Ел іші - өнер кеніші» дегендей ел арасынан әлі де талантты балаларды іздестіріп жатырмыз. Бұл цирктің болашақта мамандарға зәру болмайтындығының айғағы. 

-Қазіргі балаларды таңқалдыру, қызықтыру өте қиын. Технология дамыған заманда олардың интернеттің құрығына түсіп отырғаны жасырын емес.  Осы орайда сіз цирк өнерінің болашағын қалай елестетесіз?

-Технология қанша жерден дамыса да жандылық деген ұғым басым тұрады. Мысалы циркті экраннан тамашалағаннан сіз ешқандай әсер ала алмайсыз. Ал шынайы көрсеңіз кәдімгідей жаныңыз жадырап, демалып қаласыз. Театр, цирк өнерінің өміршең болуы осыдан. Сондықтан жанды өнер ешқашан өлмейді. 

-Жеке шығармашылығыңызға көңіл бөлмей кеткен секілдісіз. Әлде уақыт тапшы ма?

-Бос уақытым жоқ деу жәй ғана желеу. Шынын айтқанда циркке деген махабатым жеке шығармашылығымнан басымырақ түсті. Қазір тек қана циркпен тыныстап, циркпен қуанып, циркпен қайғырып жүрмін. Күндіз-түні осы бір өнер ордасының ішінде жүре бергім келеді. Өзім де өзге әртістер секілді манежге шығуды армандаймын. Тіпті кейде цирк отбасымның алдына шығып кетеді. Жұмыс деп үйге түнделетіп келетін кездерім болады. Осындай сәттерде аяулы жарым түсіністікпен қарап, маған үнемі қолдау білдіріп жүреді.

-Балаларыңыз циркке қызықпай ма?

-Ұл-қыздарымның бойынан әзірге ондай құштарлықты байқамадым. Егер олар өнер жолын таңдаса қарсы емеспін. Мен отбасымда еркін өскен ұлмын. Сол секілді балаларыма да  қалаулары бойынша өмір сүруге тәрбиелеудемін. Мамандық таңдауды өз еріктеріне қалдырамын. 

Сұхбаттасқан: Айнұр Асанқызы, 

«Рейтинг» газеті №38, 6 қазан 2016 жыл

Ақерке Тәжібаева, қобызшы: «Жасауымның көбісін шетелден әкелдім»
Құдірет Топаев: «Өнердегі жетістігім Жетісай театрынан басталды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу