Ақерке Тәжібаева, қобызшы: «Жасауымның көбісін шетелден әкелдім»
Ақерке Тәжібаева, қобызшы
- Ақерке, жақында тұрмыс құрдыңыз. Отбасылық өмір өнеріңізге кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?
- Отау құрғанымда тыңдармандарымды осы сұрақ қатты мазалаған болуы керек, жиі қоятын болып жүр. Күйеуім менің әуел баста музыкант екенімді, сахнаның адамы екенімді білді. Бір-біріміздің жан дүниемізді ұғынысып барып, қол ұстастық. Сондықтан ол өнеріме ешқандай қарсылық білдірген емес. Керісінше «сені елге танытқан, осындай дәрежеге жеткізген ол өнерің, сондықтан қобызыңды тастаушы болма» деп қолдау көрсетіп жүреді. Тіпті, болашақта балаларға қобыз аспабын үйрететін мектеп ашайық деген ұсынысын білдірген. Өмірлік серігімнің түсінігі мол болғанына қуанамын. Бұл маған Алланың берген сыйы шығар. Себебі көптеген қазақ сахнасының «күйеу балалары» жұбайларын қолдай бермейді. Отбасылық өмірге қадам басқаныма небәрі үш-төрт айдың жүзі болды. Бір әулеттің келіні, ер азаматтың жары атанған соң әрине, бірінші кезекке отбасымды қоямын. Оңтүстік өңірінің тәрбиесін көрген қыз емеспін бе, сондықтан қазір алдымен күйеуімнің, қайын жұртымның жағдайын жасаймын, қалған уақытымды шығармашылығыма арнаудамын.
- Сізді «саяхатшыл» музыканттың бірі дейді...
- Өнер жолына кәсіби деңгейде 13 жасымнан бастап араласа бастадым. Тоқсаныншы жылдардан бері шетелден шықпаймын десем де болады. Бүгінге дейін бас аяғы 37 елге саяхат жасаппын. Әрине, жұмыс бабымен. Шетелде жүргенде көптеген қызықты оқиғаларды бастап өткересің. Өз басым қай елге барсамда ұнаған затты әкелуге тырысамын. Қазақтың салты бойынша қыздың артынан апаратын жасауымның 90 пайызын саяхаттап жүріп жинадым деуге болады. Берлинге жасаған соңғы сапарымда ортопедиялық жастық сатып алдым. Әуежайға бір қолымда жастық, екінші қолымда қобыз және басқа да киім-кешек салынған сөмкеммен арқаланып келдім. Ұшаққа мінейін десем қызмет көрсетушілер «жүгіңіз тым көп» деп мінгізбей тұрып алды. «Не жастықты, не қобызды тастаңыз» дейді. Екеуі де мен үшін қымбат заттар болғасын ешбірін тастамаймын деп табандап тұрып алдым. Не керек, әйтеуір жастықты сөмкелердің біріне зорлықпен тықпалап, елге алып келдім. Сапарда бірге болған әріптестерім әлі күнге дейін «Жастық қалай, аман ба?» деп әзілдеп сұрап жатады. Тағы бірде Санк-Петербург қаласына барғанымда әдемі ыдыс-аяқ көрдім. Жасауыма қосып қояйын деп оны да сатып алдым. Сөйтсем персондар өте ауыр екен. Үлкен қорапты қолым талғанша көтеріп келгенім есімде. Осы секілді шетелден біраз дүние жиып тастаппын ғой. Күйеуім кейде «Тон, қыстық киімдерді үйіп тастапсың ғой. Жақсы болды енді саған үш-төрт жылға дейін киім әпермейтін болдым» деп әзілдейді.
- Шетелдік тыңдармандардың қобызға деген қызығушылықтары қаншалықты екенін сұрамай кетпеске болмас...
- Шетелге сапарға шыққан адамдар өзімен бірге үлкен жүк арқалап барады. Себебі біздің сырт келбетімізге, жүріс-тұрысымызға, киімдерімізге, өнерімізге қарап қазақ деген халықты таниды. Сондықтан өзге елге барғанда ұлттық киімді үстімнен тастаған емеспін. Ал қобызға келер болсақ шетелдік тыңдармандардың аспапқа деген қызығушылықтары жоғары деуге болады. Әсіресе, Еуропа елдері. Батыстықтар қобызды виоленчель, скрипка сепкілді ысқышты аспаптардың атасы деп біледі. Және де фантастикалық әуен шығаратын экзотикалық аспап ретінде қарайды. Ал мұсылман елдерінде қобызға ұқсас аспаптар көп. Үні ерекше аспапқа қызықпаса, қазақтың өнерін бағаламаса бізді осынау Қазақстаннан өз елдеріне ешкім шақырмас еді ғой.
- Заманауи аранжировка, эстрадалық әрлеу қобыздың табиғилығын жоғалтып жатқан жоқ па?
- 1999 жылы ең алғаш рет қазақ сахнасына қылқобызды аранжировкамен өңдеп тартып шыққан мен едім. Көп ұзамай елде алғаш болып альбом шығардым. Сол кезде атадан мұра болып қалған қобыздың өңін айналдырып жіберіпсің деп сын айтқандар аз емес. Хош солай делік, бірақ заман тоқтамайды ғой. Егер алға жылжымасақ біз әлі күнге дейін қобызды жерге отырып тартушы едік. Бүгінгі күннің талабына сай қобызға да өзгеріс, серпіліс қажет еді. Алайда сол жылдары мені көпшілік түсіне қоймады. Кейіннен қобызшылардан құралған дуэт, квартет, ансамбльдер шыға бастады. Олар мен бастап берген идеяны одан әрі дамытып, қобызға эстраданы қосты. Қазір маған кезінде сын айтқан кісілер тойда, басқа да кештерде «Ақерке, қобызыңмен «Алматының түндері-айын» бір орындап берші» деп өтініш жасап жатады. Сонда ішімнен жәй ғана күліп қоямын. Мен аспапты алғаш рет эстрада жанрымен үйлестіргенімде заман ағысынан кішкене озып кеткен секілдімін. Кейбір тыңдармандардың мені сөккені содан болар. Менің басты мақсатым дәстүрлі музыканы сақтап қалу және қобыздың үнін болашақ ұрпаққа жеткізу. Қазір екі бағытты ұстанып келемін. Бірі қобыздың жалғыз өзін тартып табиғилығын сақтау болса, екіншісі эстрадамен үйлестіру. Заманауи өңдеу арқылы шала қазақтарды қобызға қызықтыруды көздеп келемін.
- Қобыздың қасиеттілігіне сенесіз бе?
- Сенбеске лажым жоқ. Себебі мұндай оқиға өз басымнан өткен. Мектепте оқып жүргенімде пойызда бір кісінің қатты науқастанып жатқанына куә болдым. Әлгі адамның қояншық ауруы бар екен. Жаны қиналып жатқанда есім шығып кете жаздадым. Неге екенін білмеймін қолыма дереу қобызды алып тарта бастадым. Қоңыр үнді естігенде науқастың маңдайнан тер бұрқ етіп ақты. Бір кезде жылады, арқасы қозды. Менде тоқтатпай қылқобызды тарта бердім. Бір кезде әлгі адам «уф» деп терең демалды да: «Мына қобыздың үнінің кереметін-ай. Жан дүнием рахаттанып қалды ғой. Рахмет саған қызым» деп батасын берген. Мен кейде күйбең тірліктен шаршағанда қос ішектен төгілген мұңды әуенді есітіп, демалып қаламын.
- Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
- Желтоқсан айында Португалия, Испания елдеріне коцертке шақырту алдым. Сол концертке дайындық үстіндемін.
Сұхбаттасқан: Айнұр Асанқызы,
«Рейтинг» газеті № 37, 29 қыркүйек 2016 жыл