Бауыржан Бөріқұлов: «Бізде болашақ Майкл Фелпстер өсіп келеді»

Oinet.kz 13-07-2019 1123

Screenshot_2.jpg

Бауыржан Бөріқұлов, Орталық су спорты кешенінінің директоры

Рио олимпиадасында Дмитрий Баландин жүзуден алтын медаль алып, айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Көпшілік фаворит деп есептеген АҚШ, Ресей, Жапония секілді елдерден келген жүзгіштерді артқа тастаған Димаға әбден разы болдық. Себебі, Қазақстан осы уақытқа дейін олимпиада ойындарында жүзуден ешқандай орын алмап еді. Алматылық жүзгіш бізге күтпеген сый жасап, мерейімізді тасытты. Бұл жеңіс Қазақстан халқының  су спортына деген қызығушылығын арттыра  бастады. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында аталған спорт түріне қаншалықты көңіл бөлінеді? Токиода өтетін дүбірлі додада көк туымызды желбіре алатын жүзгіштер бар ма? Осы сынды басқа да сауалдарды Шымкент қаласындағы орталық су спорты кешенінің директоры Бауыржан Бөріқұловқа қойған едік.

- Бауыржан Жолдасұлы, әуелі оқырманға өзіңіз басқарып отырған мекеме жайлы ақпар берсек. 

- Бұл кешен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай салынып, 2012 жылы пайдалануға берілді. Жыл сайын мекемемізде ауқымды істер атқарылып, қарқынды дамып келеді. Былтыр қазан айында жүзу бөлімі ашылды. Бөлімде төрт білікті жаттықтырушы-бапкер және он жеті нұсқаушы жұмыс істейді. 115 бала мемлекеттік тапсырыспен тегін жаттығады. Сонымен қатар, біздің кешенде түрлі басқармалардан келген ресми хаттар арқылы, спорттың әр алуан түрінен  республикалық құрама командадан, облыстық олимпиада резервін дайындайтын мектептен, «Ордабасы» футбол клубынан және 40-қа жуық спорт түрінен түрлі деңгейдегі додаларға қатысатын балалар келіп ақысыз жаттығады.

Жалпы, біздің мекеме мемлекеттік қазыналық-коммуалдық кәсіпорын болғасын, халыққа ақылы да қызмет ұсынады. Мұнда жаттығу үшін 18 жасқа дейінгі балалар бір айға 4000 теңге, ал одан ересектер 7000 мың теңге төлейді. Бұрын баға бұдан төмен болатын. Дегенмен коммуналды қызмет ақысы кешен ашылған күннен бастап бүгінге дейін 300 пайызға өсіп кетті. Сосын бағаны көтеруге мәжбүр болдық. Бұдан түскен қаржыға нұсқаушыларға айлық төленіп, мекемедегі басқа да қажеттіліктерге жұмсалады. Кешен сағат 7.00-22.00 аралығында жұмыс істейді. Өз қалтасынан қаржы төлейтін халық таңғы 7-ден 9-ға, түскі 1-ден 3-ке, кешкі 7-ден 10-ға дейін шомылса, қалған уақытта спортшылар жаттығады. Биыл біздің кешенде 45 мыңға жуық адам шомылыпты. Келушілер саны жылдан-жылға көбейе түсуде. Себебі, Қазақстанда ең арзан қызмет көрсететін біздің кешен. Өзге қалалардан келген жүзуге құмар жандар біздің бағаға таңданыстарын білдіріп, разы болып жатады. Өйткені, басқа жақта баға біздікімен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. 

Кешенді 10 күн сайын СЭС тексереді. Ал, өз ішіміздегі лаборароия әр екі сағат сайын бассейндегі су құрамын, температурасын қадағалап тұрады. «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, тазалық та денсаулық кепілі. Сондықтан да, мен мұны қатаң бақылауда ұстаймын.

         - Біздің жүзгіштер қандай жетістіктерге жетті? 

- Биыл 1 маусым күні балаларды қорғау күніне орай өткен жүзу спортынан республикалық жарыста командалық есепте бірінші орын алдық. Жекелей жарыста Владимир Шевельников және Диана Аманжолова бірінші орыннан көрінді. Бір айта кетерлігі, бізде ересек деген спортшылар 2004 жылы дүниеге келген. Олар әлі кәмелет жасына толмаған. Яғни, біздің болашақ Баландин, Майкл Фелпстер енді өсіп келеді.   

Кешенде ақылы түрде шомылатын балалар арасында жиі жарыс өткіземіз. Онда көзге түскен баланы спортшылар қатарына қосып, тегін жаттығуға жағдай жасаймыз. Сонымен қатар, бапкерлер тарапынан жоғары баға берілген балаларды жылына жеті рет түрлі деңгейдегі жарыстарға жібереміз. Жүріс-тұрыстарын, ас-ауқаттарын ақылы бөлімнен түскен қаржы есебінен төлейміз. Жарысқа жиі қатысқан бала шыңдалады, өседі. Көзі ашылады. Жүлдеге ілініп, бізді қуантып жүрген балалар аз емес. Дегенмен, мұндай жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Әлі де болса жаттығу керек. Алар асулары әлі алда деп сенемін.

- Сізді толғандыратын мәселелер бар ма?

- Мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасы бойынша 2020 жылы орталық су спорты кешені толықтай жеке қолға өтеді екен. Мені осы толғандырады. Басты мәселе, ол қандай қолға өтеді? Кешенді спорт саласына жанашыр азамат жекешелендірсе қуанар едім. Ал, егер тек қарақан басын ойлайтын біреу өз иелігіне алса, онда жағдай қиын болады. Пайда табу үшін халық игілігі үшін істеп тұрған мекемені талан-тараж етіп, түбіне жете ме деп қауіптенем. 

Өздеріңіз білесіздер, жүзу – медаль жиынтығы ең көп сарапқа салынатын спорт түрі. АҚШ азаматы,  әйгілі жүзушісі Майкл Фелпс Афины, Бейжің, Лондон, Рио олимпиадаларында жалпы саны 23 алтын медаль жеңіп алып, әлемдік рекорд орнатты. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жазғы олимпиада ойындарында 19 алтынға қол жеткізді. Көрдіңіздер ме, жалғыз Майкл бүкіл Қазақстаннан озып кетті. Түптеп келгенде, бұл ойланарлық мәселе. Бізге су спортына шындап көңіл бөлу керек. Елімізде талантты балалар өте көп. Бірақ, көбіне оларға жағдай жасалмай жатыр. Жеткілікті көңіл бөлінбейді. Мысалы, Корея, Ұлыбритания секілді елдерде бір жүзушіні жарысқа оншақты адам дайындайды. Жеке бапкері, нұсқаушысы, дәрігері, диетологы, психологы секілді адамдар жанында ары-бері шапқылап жүреді. Мұндай демеуге ие болу үшін өзіңді көрсете білуің керек. Мысалы, біздің боксшылар әрбір олимпиада сайын елге жүлдесіз оралмайды. Халық оларға әрқашан қолдау көрсетеді. Ауыр атлеттер де соңғы үш олимпиадада сенім үдесінен шығып келеді. Біз де ірі додаларда жүзуден тұрақты түрде жүлде алып тұру үшін тынбай жұмыс істеуіміз керек. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп, бәрін мемлекетке артып қойып, әрекетсіз отырған жөнсіз деп есептеймін.  Алматылық Баландин алтын алып, абыройымызды бір асқақтатты ғой. Енді біз оның ізбасарларын дайындап, Токиода жеңіс тұғырынан көріну үшін тер төгудеміз. 

Адам су ішінде жүзгенде салмақсыз болатындықтан, денеге көп күш түспей, омыртқа жотасы созылады, бұлшық ет талшықтары ұзарады. Нәтижесінде адам тұлғасы сымбатты болып, қимыл-қозғалысы еркін әрі әсем көрінеді. Жүрек соғысы дұрысталып, қан айналымы жүйеге келеді. Көкірек қуысы кеңейіп, тыныс жүйесі жақсарады. Артық салмақтан арылады. Суық су адам денесіндегі жағымсыз эмоция мен негативті көңіл-күйді шайып әкетеді. Айта берсе пайдасы көп. Қысқасы, мен қазақ жастарына жүзумен айналысуға кеңес берер едім.  

Сұхбаттасқан Абылайхан Есімбай, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Гүлмәрия Барманбекова: «Екі баланы жеті қыз жабылып ұратынбыз»
Ақерке Тәжібаева, қобызшы: «Жасауымның көбісін шетелден әкелдім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу