Гүлмәрия Барманбекова: «Екі баланы жеті қыз жабылып ұратынбыз»

Oinet.kz 13-07-2019 1266

Screenshot_19.jpg

Гүлмәрия Барманбекова, тележурналист

Мен сұлу қыздың бұрымындай бұралып, таудан құлай ағып жатқан Жіңішке өзенінің екі жағына орналасқан құстың ұясындай ғана Күнбатыс деген ауылда (Жамбыл облысы, Қордай ауданы) туып өстім. Балалық шағым соғыстан кейінгі ауыр жылдарға тап келді. Ел есін жинап, еңсесін көтере қоймаған кез. Бес адам басын қосса тар болып қалатын аядай ғана екі бөлмелі  жертамда тұрамыз.  Әлі есімде, айт мерекесі жақындап қалған болатын. Үстімде жамау көйлектен басқа дым жоқ. Мына ескі көйлекпен қалай айттамақпын деп жер тепкілеп жылағаным бар. Бір жыласам, оңайлықпен қайта қоймайтыным бар. Анам байғұс пісіріп жатқан тоқашын тастай салып, қолымнан жетектеген күйі Шәйір тігіншінің үйіне алып-жетіп барды. Сандықтың түбінде екі метр шыт матаның сақталғаны мұндай абырой болар ма?  Көйлекті ертеңге дейін тігіп үлгеретін боп келістік. Ертесіне бір топ қызға ілесіп, Шәйір тігіншінің үйіне дейін ескі көйлегіммен айттап бардым. Жаңа көйлектің етегін қайырып үлгермепті. Сол замат көктеп жіберді. Ескі көйлегімді басымнан сыпырып шеше берген Шәйір апаның даусы қаттырақ шығып кетті: «Ойбуй! Бұтыңда да түк жоқ екен ғой!». 4-5 жасар қыз баланың етегін біреу ашып көріп жатыр ма, жаңа көйлегім ұзын, өзіме жарасып төгіліп тұр, басқаларда мұндай да көйлек жоқ, іш киімсіз-ақ ары қарай айттап кете бардым.

Бірінші сыныпқа қалай барғаным әлі көз алдымда. Анам байғұстың колхоздың жұмысынан қолы босамайды. Әкем жер жырту үшін көршінің соқасы мен өгізін сұрауға кетті. Немере әпкем Рәпия туған сіңлісі Зура екеумізді мектепке ертіп барды. Бойым – бір тұтам. Тас төбемде – басымнан да үлкен ақ бантик. Сөмкем жер сүзеді. Мұғалім аты-жөнімізді сұрап жатыр. Зура жұмған аузын ашар емес. Мен ауыз-аузыма жұқпай тақылдап тұрмын. Түп-тұқияныма дейін зуылдатып айтып шықтым. Жайлаубек ағай дән риза. Ол сонда маған Түймеқыз деген жаңа есім ойлап тапқан. Бір кезде «Өлең білесіңдер ме?» деді. Зурада үн жоқ. Мен бар даусыммен әнге бастым: «Дударайым дудым!..». Өлеңнің соңғы қайырмасын нақышына келтіріп тұрып, бір емес, үш қайырғаным есімде.

Мектептен шыққаннан кейін үйлеріне қайту үшін жеті қыз, екі ұл жоғары қарай жүреді де, екі ұл, екі қыз төмен қарай жүреді. Неге өйтетінімізді кім білсін, әлгі жеті қыз жабылып, Мұхтарбек пен Әлібекті күнде ұрып тастаймыз. Бір күні ана екеуі төмен қарай жүретін екі баланы көмекке шақырған ғой. Төртеу болып қорғанайық деген болулары керек. Ана қулар бұтаның түбіне жасырынып тұрыпты. Күндегі әдетіміз бойынша екеуін сөмкемізбен төмпештей бастағанымыз сол-ақ екен, аяқ астынан сопаң етіп тағы екеуі шыға келді.  Айран-топыр айқас басталып кетті. Сол жолы қай жағымыз жеңгеніміз есімде жоқ. Тек есімде қалғаны – бір қарасам, Кенжебек мені құшақтап алған, екеуміз жерде домалаған күйі арпалысып жатырмыз. Екі көзі жұмулы. Тас құшағы ажырайтын түрі жоқ. Не ұрмайды, не жібермейді. Есі дұрыс емес өзінің! Кейін өзі осы жайды еске алып отырып: «Сол кезде шынымен де бір сәтке есімнен айырылғаным рас», – деп мойындайтын.

Сегіз жылдық ауыл мектебін бітірген сәтіміз. Енді жан-жаққа тарқамақпыз. Сынып есігінің арт жағына жасырынып алып жылап тұрмын. Уысымда жібек беторамал. Жиектерін өзім шілтерлеп тоқығам. Біреуге берем деп... Есіктің екінші бетінен жылтың-жылтың етіп анау сары бала (болашақ жарым Кенжебек) келе қалды. «Неге жылап тұрсың?». Неге жылап тұрғанымды біліппін бе мен. Осы күні ғой шамалайтыным... Бір уақытта: «Мә, ал! Менен ескерткіш!» – деп, әлгі шілтерлі жібек беторамалды қолына ұстата салдым да қашып кеттім. Сол беторамалды қанша жыл сақтап жүріп, үйленгенде өзіме қайырды ғой, қасқа! Сол алақандай жібек беторамал әлі күнге менің сандықшамның түбінде сақтаулы тұр. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Сапарбек Сахов: «Білім саласында еңбек көп те, өнбек аз болып тұр»
Бауыржан Бөріқұлов: «Бізде болашақ Майкл Фелпстер өсіп келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу