Түркістанда шұлық шығады
Кез келген елдің тұрғындары арасында сұранысқа ие киім атрибуттарының бірі шұлық екен. Сол себепті шұлық өндірісі күннен күнге қарқын алып, дамып келеді. Осындай зауыттың бірі Түркістан қаласында орналасқан. «Түркістан» индустриалды аймағының браунфилд өндірістік паркінде орналасқан «Қазақстан 2030 – Қытай» ЖШС-іне қарасты шұлық цехының жұмысы қазіргі таңда жақсы жүруде. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын күніне 32 000 жұп шұлық шығара алады. Алдағы уақытта цех толық потенциалында жұмыс істей бастағанда жалпы құны 0,8 миллиард теңгені құрайтын, күніне 500 костюм шығаратын жобаны қолға алмақ. Нарықтан екі есе арзан костюмдер шығарып сатуды және мектеп оқушыларының сөмкесі мен спорт костюмдерін шығаруды жоспарлауда. Әзірге цехта 30 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобаға облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған.
Шұлық өндірісі бірнеше кезеңдерден тұрады екен. Алғашқы цехта жіптер қажетті түске боялады. Екінші бөлімде 246 автомат машина шұлықты тоқыса, келесі этапта тігін машинасы шұлықтың саусақ тұсын тігеді. Мамандар кәдімгі қол машинасы секілді шұлықты жабдықтың тігіс тігетін тұсына туралап, ұстап отыруы қажет. Тігілген өнімнің пішіні дәл түсуі үшін үтіктеледі. Мұнда тұрмыстағы киімдерге қолданылатын үтікпен емес, арнайы техниканың көмегімен іске асырылады. Үтіктелген өнім тағы да кептіргіш жабдықтың көмегімен кептіріледі. Одан кейін оны қаптап-орау жұмыстары қалды. Яғни, өнімге марка таңбалары жабыстырылады.
Қазір Қазақстан нарығында Түрік және Қытайдан әкелінген шұлықтар көп. Сондықтан «Made in KZ» деген белгіде шұлықтарды сатылымға шығару оңай болмағаны анық. Алайда отандық өндірушілер бәсекеге төтеп беруде.