Құрылыста отандық өнімдерге сұраныс жақсы
Түркістан қаласында 2023-2025 жылдары 169 жаңа жұмыс орнын құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Рухани астананың халықаралық "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" жолының бойында орналасуы, қалыптасқан әуе және темір жол қатынастарының болуы өнеркәсіпті өркендетуге мол мүмкіндік береді. Осы ерекшеліктер ескеріліп, облыс орталығында Арнайы экономикалық аймақ құрылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған болатын. Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1330 жұмыс орнын құрайтын 27 жоба орналасқан. Жалпы құны – 13,01 млрд. теңге. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосу актісін алған. Қазіргі таңда өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы индустриалды аймақ 350 гектарға дейін ұлғайтылып, инфрақұрылымы жасақталуда. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қажетті қаражатқа қол жеткізуге "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында да сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылған.
Бүгінде облыс орталығында өнеркәсіпті дамыту бойынша инвесторлар тарту шаралары қарқын алған. Инвесторларға қызмет көрсетуші компаниялар "Бизнеске арналған үкімет" орталығында "Бір терезе" қағидатымен шоғырландырылған. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қызметтер "Халықтық кеңсе" мен "109" орталығы арқылы ұйымдастырылып, жүйеленген.
Күн санап көрейіп, түрленіп келе жатқан Түркістан қаласында жылына көптеген ғимараттар, мекемелер мен тұрғын үйлер бой көтеруде. Сондай-ақ саябақ, аллеялар салынып, балалар алаңшасы салынып, жолдар жөнделуде. Мұның барлығына әрине бірінші кезекте құрылыс материалдары қажет. Осы орайда мамандар шаһардағы құрылыс жұмыстарына отандық өнімдердің, оның ішінде қалада өндірілетін өнімдердің қолданылып жатқанын айтады. Бұл шетелдік өнімдерден әлдеқайда бағасы жағынан тиімдірек екені сөзсіз. Сондай-ақ отандық құрылыс заттарының сапасы шетелдікінен кем емес. Құрылысы қайнаған шаһарда құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың өнімдеріне сұраныс жоғары бола бермек.
Бүгінде аталған индустриалды аймақта көптеген жоабалар іске асырылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кеткен. Солардың бірі - «ГОКТУРК» ЖШС. Кәсіпорын шлакоблок, брусчатка және бордюрлы тастар жасаумен айналысады. Жобаның құны 250 миллион теңге. Тиісті инфраұүрылыммен ұамтамасыз етілген. Қазіргі таңда онда 19 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның қуаттылығы 3 миллион дана құрылыс блогы, 250 мың м2 брусчатка өндіруге қауқарлы. Жоба өңірлік үйлестіру кеңесінің оң қорытындысымен Түркістан индустриалды аймағының 1 гектар жер учаскесіне орналастырылған.