Жаңа қонақ үй кешені ашылмақ
Түркістан облыс орталығы болғалы қарыштап бой көтерген құрылыстардың біршамасын қонақ үйлер құрайды. Бұл әрине, Түркістанға келетін туристер санының жыл сайын артып жатқанының айқын көрінісі. Қонақ үй бұл нағыз елдің экономикасына үлкен пайда әкелетін әлеуетті бизнес. Сондықтан қонақ үй саласына инвестиция салушылар әрдайым табылады. Жақын арада шаһарда тағы бір заманауи қонақ үй пайдалануға берілмек. LORDS HEIR – қонақ үй кешенінің құны 1000 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «DARA GROUP» ЖШС жүргізуде. Кешеннің инфрақұрылымы толығымен ақталған. 150 орынға арналған қонақ үй қала қонақтары мен туристерге жоғары қызмет көрсетуге дайын. Нысан пайдалануға берілген сәтте 30 адамды жұмыспен қамтымақ. Бүгінгі таңда, аталған жобаның барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу актісін алу жұмыстары жоба тарапынан жүргізілуде.
Жалпы Түркістан қаласында үлкенді-кішілі, арзанды-қымбатты 60-тан астам қонақ үй бар. Олар орналасқан орындарына, бағасы мен көрсетілетін қызмет түрлеріне қарай бөлінетіні белгілі. Әлбетте қонақ үй бизнесінде бәсекелестіктегі басымдықтарды арттырудың басты жолдарының бірі басқаларға қарағанда барынша жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсету. Осыған орай тұтынушы алдымен сайт бетіндегі жарнамадан қызмет көрсетушіні таңдайды, сонан соң олардың ұсынған қызметін күткендерімен салыстырады. Егер де көрсетілген қызмет көңілден шықпаса, міндетті түрде сайтта шағым-пікірін қалдыру арқылы ойын білдіреді, ал күткендегідей болса әрине, болашақта тағы келеді әрі келушілерге ұсына жүретіні анық. Әзірге бәсекелестік жағынан қалада «Hampton by Hilton» қонақ үй кешені, «Rixos Turkestan», «Grand Khanaka», «Silk Way», «Royal Grand», «Karavansaray Kaganat», «Ramada Turkestan», «Эмир Плаза» қонақ үйлері көш бастап тұр. Олар біріншіден, айналасындағы жаңадан салынған әсем көріністермен көз тартса, екіншіден соңғы үлгідегі жоғары дәрежелі қонақ үйлер. Мұнда әдемі бөлмелермен қатар on-site entertainment (сайт бетіндегі жарнама), тегін таңғы ас, күнделікті тазалау, лифт, Wi-Fi, су спорты, массаж, сауна, спа, фитнес орталығы, экскурсия, автокөлікті тегін қою орындары, кафе-ресторан қызметтері ұсынылады. Сондай-ақ жиналыс, конференция залдары, мерейлі даталар мен іс-шаралар өткізетін мейрамханалары бар.
Сондай-ақ қаладағы «Hampton by Hilton» қонақ үй кешенінің қызметі де жоғары деңгейде, ол үшін белгіленген құны да аз емес. Тұтынушыларды дәмді тағамы, жанды музыкасы, қаланың ең әсем жерінде орналасқаны үшін қызықтырады. Қонақүй Түркістанның мәдени-рухани орталығында орналасқан. Ясауи кесенесі жақын, Ұлы Дала орталығы мен Visit Centre Turkistan маңайында орналасқан. Сыртқы беті көне ғасырдың ғимараттарын еске түсіретін Марокко стиліндегі ескі қам кірпіштен соғылған. Орта ғасыр мен қазіргі дәстүрлерді сәтті үйлестіре отырып, қаланың стилін толықтыра түскен. Бір жылдың ішінде бой көтерген қонақүйдің жалпы алаңы Top Tobe жеке банкет кешенін қосқанда 9000 шаршы метрді құрайды. Стандартты санаттағы 120 нөмір бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жасақталған бөлмелер қарастырылған. Hilton – құрамына әртүрлі санаттағы 17 қонақүй бренді кіретін дүние жүзіне әйгілі қонақүйлер желісі. Әлем бойынша бұл желіге 6000-ға жуық қонақүй кіреді. Hampton by Hilton Turkistan – BI Group пен Hilton Worldwide арасындағы екінші бірлескен жоба.
Ал Rixos Turkestan қонақ үйінде сәнді де жайлы бөлмелермен қатар караоке бар, жабық бассейн, аумақта, бөлмелерде тегін интернет бар. 5 жұлдызды «RIXOS KHADISHA TURKESTAN» қонақ үйі 6 қабаттан тұрады. 120 орынға шақталған қонақ үй, бірнеше мейрамхана, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес-орталық орналасқан. Жобаның құны – 10,4 миллиард теңге. Оның ішінде 7 миллиард теңге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ тарапынан берілген несие қаржысы. Қонақ үй 2020 жылы пайдалануға берілген.
Сондай-ақ Ramada Turkestan қонақ үйінің қызметіне де алғыс айтушылар аз емес. Мұндағы ресторан, жалпы лаундж, спа-салон, сауықтыру орталығы келушілердің көңілінен шығып үлгерді. Комплекс аумағында банкомат ашық. Тамақ, сусындар нөмірге жеткізіледі. Тіпті валюта айырбастау қызметі де қарастырылған.
Жалпы барлық жоғары сапалы қонақ үйлерде санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталу міндеті жайлы айтудың өзі артық. Бұл басты орында. Күтуші персонал да қазір айтарлықтай білікті, арнайы оқу курстары мен өзін-өзі дамыту арқылы олардың қызметіне аса көп шағым жоқ.Соңғы үлгідегі қонақ үйлермен қатар қаламызда бұрыннан қызмет етіп келе жатқан қарапайым қонақ үйлер баршылық. Олар да облыс атына «кір келтірмей» қызмет етудің бар жолын қарастырып жатқаны байқалады. Атап айтсақ, «Эдем», «Евразия», «Алтын ұя» т.б. қонақ үйлер шағын қызметімен, ең бастысы санитарлық-гигиеналық талаптарымен, сыпайы қызмет көрсету персоналымен халық көңілінен шығуда.
Расында, мейманхана шаруашылығын дамытуда мақсат еткендей биік жетістіктерге жету үшін осы сала мамандарының білім деңгейін, қызмет түрін арттыру ешқашан артықтық етпейді. Бұл саладағы қызмет адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас екені белгілі. Сондықтан қонақтардың көңілінен шығатындай қызмет ету үшін жоғары дәрежеде қызмет көрсету қажет. Туристер үшін аз уақытқа болса да қонақ үй ақылы өз үйі болып саналады. Ал үйде адам өзін жақсы сезініп, бар жағдайы жасалып тұрғанын қалайды. Міне, сол үшін бұл салада біліктілігің мен тәжірибелігің аса қажет. Осыларды ойдағыдай орындап, қонақ мейлінше риза болып қайтса, оның ойында тек қонақ үй туралы ғана емес, бүкіл қала туралы жақсы ой-пікір қалыптасып, көкейінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз.