Мирзияевтің саяжайы

Oinet.kz 04-03-2021 2640

Ресейде белгілі оппозиционер Алексей Навальныйдың Путиннің Қара теңіздің жағалауынан салдыртқан ғаламат сарайы туралы фильмінің қызуы басылмай жатып, Өзбекстанда Мирзияевтің саяжайы туралы фильм пайда болды.  Бақсақ, президенттік қызметке 2016 жылдың күзінде келген Мирзияев содан бергі бес жыл ішінде ай қарап, жұлдыз санап жүрмеген екен.  «Азаттықтың» Өзбекстандағы қосыны журналистерінің жария еткен зерттеу-фильміне қарағанда,  өзбек президенті елден жасырып, өзіне керемет демалыс орнын салып алған. 

Шавкат Мирзияев.jpg

Фильмде келтірілген мәліметтерге  қарағанда, Мирзияев 2016 жылы президент болып сайланысымен ерекше қорғалуға жататын Ахангаран табиғи аумағынан өзіне арнап саяжайдың және оның қасынан керемет су қоймасының құрылысын бастатқан. Зерттеушілердің пікірінше, оған кеткен шығынның көлемі жүздеген миллион доллардан 1 миллиард долларға дейін баруы мүмкін.   Журналистер осы құрылысқа қатысқан көптеген азаматтармен сөйлескен. Олардың айтуынша, саяжай Ташкент қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Саяжайдың қасындағы су қоймасының құрылысы 2019 жылы аяқталған. Өзбек билігі аталған нысанның құрылысы туралы бұған дейін ешқандай мәлімет жария етпеген.  Демалыс аумағының айналасы қатаң күзетіледі. Күзетшілер тіпті  жорғалаған тышқанды да өткізбейді. Нысанның аумағына кірер кезде құрылысшылардан ұялы телефон алынып қойылған. Осы себепті журналистер Мирзияевтің саяжайына қатысты бірде-бір суретті таба алмаған. Құрылыс жөніндегі құжаттардың бәрі құпияландырылған. Тіпті  бұл жердің үстінен ешқандай ұшақ ұшып өтпейтін тәртіп енгізілген. Сонда бұл елден жасыратындай неғылған нысан? 

Ақпарат құралдарында бұл нысан қазір «Мирзияевтің саяжайы» немесе  «Шавазсай» деп атала бастады. Кейбір шенеуніктер Шавазсайды президенттің резиденциясы ретінде атап өткен. Алайда журналистер мұнымен келіспейді. Олардың мәлімдеуінше, Шавазсай ешқандай да президенттің резиденциясы емес. Ол Мирзияев пен оның отбасына арнап салынған саяжай немесе демалыс орны. Себебі Шавазсай ресми мәліметтерде президенттің резиденцияларының тізіміне енбеген. 

Журналистердің зерттеуінше, Мирзияев бұл жермен бұрыннан таныс, әсіресе, оның  аңшылық үшін  таптырмайтын мекен екенін жақсы білген. Мирзияев премьер-министр қызметін атқарып жүрген кезде, дәлірегі 2010 жылы сол кездегі «Өзбекстан темір жолдары» мекемесінің басшысы ( қазіргі уақытта премьер-министрдің бірінші орынбасары) Ачилбай Раматовқа осы жерлерді жалға алуға көмектескен. Раматов алынған жерден барлық жағдайы жасалған аңшылар үйін салдыртқан.  Аңшылардың үйінде жұмыс істейтін қызметкерлер «Өзбекстан темір жолы» компаниясынан жалақы алып отырған. Бұл жерде Раматовтың ең жақын таныстары, қамқоршылары, соның ішінде сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияев та болып, аң аулап тұрған. Бұл мәліметтерді журналистерге осы үйде аңшылықта болған шенеуніктердің бірі айтқан. 

– Мирзияев бұрынғы президент Ислам Каримовтың тұсында  қазынаның қаржысына қол салғандарды, сыбайлас жемқорлықты қатаң айыптап келген болатын. 2017 жылы ол қазынаның әр тиынын тек халықтың игілігіне жұмсауға уәде берген. Сонымен бірге  мемлекеттік биліктің ашықтығын қамтамасыз етуге кіріскен еді. Алайда қазіргі уақытта билік Шавазсайдағы Мирзияевтің саяжайына қанша қазына қаржысының жұмсалғаны туралы ешнәрсе айтпай отыр, – дейді «Азаттықтың» журналистері. 

Дәлірегі өзбек президенті «үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегенді ұстанып отырған сияқты.    

Шавкат Мирзияев президенттік қызметке 2016 жылдың желтоқсанында сайланды. Оның бірінші мерзімі биыл аяқталады. Президент сайлауы қазанға белгіленіп отыр. Дәл сайлау қарсаңында өзбек президенті туралы жағымсыз материалдар көбейіп барады.  Жалпы Өзбекстанда соңғы уақытта халықтың Мирзияевқа деген сеніміне де селкеу түскені байқалады. «Мирзияев келгелі қымбатшылық басталды» деген әңгімелер көп айтылады. Жуырда  президенттің қызы Сайда Мирзияева туралы ақпарат құралдарында біраз материалдар жарияланды. Көпшілік оны бұрынғы президенттің қызы, қазіргі уақытта түрмеде отырған Гүлнар Каримовамен салыстырыпты. 

Қазанда өтетін сайлауға Мирзияевтің түсетініне және оның жеңіске жететініне ешқандай күмән жоқ. Алайда президенттің халық арасындағы абырой-беделінің бұрынғыдай болмайтыны айтпаса да түсінікті. 

"Рейтинг" газеті

Мырзахметовті мақтап кетті
Почиваловтың пендешілігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу