Почиваловтың пендешілігі

Oinet.kz 12-03-2021 2935

Почиваловтың пендешілігі... Қос азаматтыққа нүкте қоятын кез жетті Шымкентте қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың екінші азаматтығына қатысты дау-дамайға әлі нүкте қойылған жоқ. Қайта шымкенттік шенеуніктің жуырда ғаламтор арқылы жасаған мәлімдемесі естіген жұрттың жағасын ұстатты.

Screenshot_1.jpg

Рейтингтің коллажы

Алдымен осы уақытқа дейін белгілі болған мәліметтерге қысқаша тоқталсақ. Олег Почиваловтың Ресей азаматтығын алып қойып, заңға қайшы әрекетке барғанын былтыр желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік органдары анықтаған.  Осыған байланысты қаңтарда қалалық Полиция департаменті Почиваловтың Ресей азаматтығын алғанын тіркегенін, нәтижесінде оның Қазақстан азаматтығынан айырылғанын жария етті. Алайда шымкенттік шенеунік құзырлы органның шешімімен келіспей сотқа шағымданды. Сотта ол өзінің Ресей азаматтығын алмағанын айтудан танбаған. Бірақ оны дәлелдейтін ештеңе ұсынбаған. Ақыр аяғында сот оның талап арызын қанағаттандырусыз қалдырған болатын.

Осыдан кейін ғаламторда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Почиваловты қызметіне босату туралы өкімі жарияланды. Іле-шала Почиваловтың адвокаты, қазіргі уақытта сонымен бірге өзін Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде танытып жүрген  Евгений Яворскийдің  бейнемәлімдемесі таралды. Адвокат сот шешіміне міндетті түрде апелляциялық шағым берілетінін, ал Почиваловтың өзі қазіргі уақытта денсаулығына байланысты демалыста екендігін хабарлады.

Яғни басқарма басшысының  енді қалалық әкімдікпен жасырынбақ ойнауға көшкені түсінікті болды.

Текетірес одан әрі өрши түсті. Оның артынша Олег Почивалов «Ютуб» каналы арқылы төбеден жай түсіретіндей мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ол ешқашан Ресей азаматтығын алмаған. Мұның бәрі оның өзіне ғана белгілі әлдебір топтың жасап жүрген әрекеті екен. Былтыр әлеуметтік желіде оның Кипрдің, Израильдің және Ресейдің азаматтығын алғандығы туралы жалған ақпарат таратылыпты. Желтоқсанда әлеуметтік желіде оның Ресей азаматтығын алғаны туралы мәлімет пайда болған. Осы бойынша оны құзырлы органдар шақырып, жауап алған. Ол өзге елдің азаматтығын алмағанын мәлім етеді. Осымен іс біткен. Алайда 20 қаңтарда  Шымкент қалалық полиция департаменті шақырып, Ресей азаматтығын алуына байланысты Қазақстан азаматтығынан айырылғанын хабарлаған. Шенеунік мұнымен келіспей сотқа шағымданған.

Почиваловтың сөзіне сенсек, Ұлттық қауіпсіздік органдары одан екінші азаматтықтың анықталғандығы туралы Шымкент полициясына ешқандай ресми мәлімет бермеген. Құжаттардың бәрі қолдан жасалған. Қазір осыған байланысты көші-қон полициясы қызметкерлерінің үстінен «салақтық» және «жалған құжат жасау» деректері  бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Көші-қон полициясына мәскеулік әріптестерінен ешқандай хат келмеген. Ол хатты да әлдебіреулер қолдан жасап, көші-қон полициясының почтасына салып жібергенге ұқсайды. Сонда қалай, құқығымызды қорғайды деген құзырлы органның қызметкерлері жалған құжаттармен адамды азаматтығынан айырған ба? Бұл ақылға қона ма, қисынға келе ме?  Әй, қайдам? Келтірілген фактілердің әу бастан-ақ тым қарабайыр көрінгенін жасырмаймыз. Почиваловтың пендешілігі-ай, десеңізші. Мәлімдемесінің аяғында Почивалов әл-Фараби аудандық сотының шешіміне апелляциялық шағым берілгенін, яғни соттасудың әлі бітпегенін алға тартты.  Алайда шенеуніктің сөздерін біз хабарласқан Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер жоққа шығарды. Бәрі өтірік. Сонда Почивалов дап-дардай шенеуніктік басымен тапа-тал түсте елді алдап, жұртты шатастырып отыр ма?  Осыдан кейін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасымен де байланыстық. Ондағылар Почиваловтың жұмыстан босату жөніндегі өкімді интернеттен көргендерін, бірақ ол әлі басқармаға келмегенін мәлім етті. Қазіргі уақытта Почивалов денсаулығына байланысты жұмыста жоқ екен. Оның міндетін орынбасары атқарып жатыр. Яғни, екінші  азаматтығы анықталған Почивалов қызметінен әлі босатылған жоқ деген сөз.  Неге? Сонда Әйтеновтің қызметінен босату туралы өкімі өтірік болғаны ма?  Бұған дейін ақпарат құралдарында жарияланған құжаттарға сенсек, Почивалов ең алғаш рет Ресей паспортын 2007 жылы Мәскеу облысынан алған. 2020 жылдың наурызында, яғни Шымкентте лауазымды қызметке тағайындалардан үш ай бұрын ол 45 жасқа толуына байланысты көрші елден алған төлқұжатын сол Мәскеу облысынан жаңалаған. Бір қызығы, оның жұбайы мен ұлының екінші азаматтығы жоқ.  

Бұған дейін Почиваловтың өте дәулетті тұратындығы, оның Түркістан облысында, Шымкент қаласында бизнес нысандарының бары айтылып келген еді.  Шымкенттік шенеуніктің сол Мәскеуден де ашып қойған кәсібі табылып жатса, таңғалуға болмайды.  Бұл даудың ақыры неге апарып соғады? Бір айта кетері, қазірдің өзінде Шымкентте Почиваловтың мүддесін қорғайтын, оның сөзін сөлейтін, қуаттайтын азаматтардың бары белгілі болып отыр. Тіпті бізде екінші азаматтықты енгізуді қос қолдап тұрып қолдайтын топтардың барын да жоққа шығаруға болмайды. Бүгін қазақстандық ақпарат құралдарында өзін жазықсыз жапа шеккен, негізсіз азаматтығынан айырылған, әлдебір топтардың қуғын-сүргініне ұшыраған адам ретінде көрсетіп, шылғи өтіріктен құралған мәлімдеме жасап жатқан Почиваловтың ертең ресейлік, әлемдік ақпарат құралдарында Қазақстандағы қазақ еместердің ауыр жағдайы туралы ертегіге бергісіз әңгімелерді майын тамызып тұрып айтпасына кім кепіл бола алады? Ал оның бәрі де айналып келгенде елдің абырой-беделіне көлеңке түсіретіні айтпаса да түсінікті. Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновті, Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Қожабаевты, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетовті бұл мәселе толғандырмай ма? Бәрі үнсіз. Мегаполисте екінші азаматтықтың дауына нүкте қойып, ақ пен қараны ажыратып беретін бір басшының табылмағаны ма?

"Рейтинг" газеті, №10

11 наурыз, 2021 ж

Мирзияевтің саяжайы
«Жыныс ауыстыру отасы тегін жасалады» - Алексей Цой
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу