Мырзахметовті мақтап кетті

Oinet.kz 04-03-2021 2036

Жамбыл облысында бір кездері өңірді басқарған Асқар Мырзахметовтің тұрғындардың табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғары бағалады. 

Асқар Мырзахметов.jpg

– Министрлік оның жалғасуын қолдауға әзір. Бұл туралы өңірге сапарлап келген ведомство басшысының орынбасары Нұрбек Дайырбеков мәлімдеді, – деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрімен бірге облысқа жауапты министрліктердің өкілдерінен құралған делегация келген. Қазір олар жоба бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралап жүр. Бірнеше ауданда болып, пилоттық жобаға енген ауылдарды көрген. Делегация мүшелерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдады.

– Мен бағдарламаға енген ауылдарда бірнеше рет болдым. Жоба бес бағыт бойынша жүзеге асырылды. Ең басты мақсатымыз орындалды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 32 пайызға азайып, қатысушылардың орташа табысы 2,5 есе өскен. Нәтижесіз өзін - өзі жұмыспен қамтығандар саны 35 процентке азайды. Үй іргесіндегі жерін пайдаланатын тұрғындардың үлесі 95 процентке жетті. Мал басының саны 45 мыңға өсті. 11 кооператив 190 дана ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алды, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Өңірде сондай-ақ, «Алқаптан сөреге дейін» жобасы да сәтті жүзеге асқанын атап өтті аймақ басшысы. Мемлекеттен бөлінген 1 млрд теңге толық игеріліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуда делдалдардың үлесін азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде өнімді маңдай терін төгіп өсірген шаруалардың табысы артты. «

- Биыл біз пилоттық жобаға 20 ауылдық округті енгізуді жоспарлап отырмыз. Оның нәтижесінде ауылдық тұрғындардың табысын арттырып, ауыл шаруашылығы өнімін 2,2 есе өсіруді мақсат етудеміз. Бағдарламаның басы жақсы, енді оны аяғына дейін жеткізу керек. Өйтпеген жағдайда халықтың мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімі азаяды деп санаймын, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Нұрбек Дайырбеков пилоттық жобаны жалғастыруды министрліктің қолдайтынын жеткізді.

Алайда жобаны министрліктің қолдағаны аздық етеді. Оны ең бастысы Үкімет қолдауы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені жуырда Үкімет отырысының күн тәртібіне қоюы мүмкін. 

"Рейтинг" газеті

Әлиев әлі келмейтін тірлікке араласты ма?
Мирзияевтің саяжайы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу