Әлиев әлі келмейтін тірлікке араласты ма?

Oinet.kz 25-02-2021 2961

«Көтере алмас шоқпарды беліне байлапты».  Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, бүгінде тасы өрге домалаған кәсіпкер Болатбек Әлиевтің қазіргі тірлігіне қарасаңыз, қазекемнің осы бір теңеу сөзі еске түседі. Былтыр Шымкенттегі білдей бір колледжді сенімгерлік басқаруға алып, ұстаздарды, студенттерді ұлардай шулатқан Әлиевтің әлінің неге жететіні бір жыл өтпей белгілі болып қалған сияқты. Мәселенің мәнісіне тереңірек тоқталсақ. Өткен жұмада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев  халыққа берген есебінде облыстағы кәсіптік білім беретін колледждердің мәселесіне қатысты біраз мәліметтерді келтірді. 

Болатбек Әлиев.jpg

– Облыс бойынша 30 шақты колледж бар. Менің ұстанымым бойынша солардың бәрін кәсіпкерлерге беру қажет. Мәселен, Кентаудағы колледж трансформатор зауытына, Шардарадағы колледж балық шаруашылығымен айналысатын «Хамит» кәсіпорнына берілді. Колледждерді осындай кәспкерлік салада өзін-өзі көрсеткен компанияларға сенімгерлік басқаруға өткізу былтыр басталды. Бұл жұмыстар биыл жалғасады. Олар осы оқу орындарында өздеріне қажетті мамандарды даярлайды, – деді облыс әкімі.     

Былтыр біз «Рейтинг» газетінде Шымкентте орналасқан Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің жергілікті кәсіпкер Болатбек Әлиевке тиесілі «Dala constructіon.kz» компаниясына  20 жылға сенімгерлік басқаруға аукцион арқылы берілгенін, бұған колледж ұжымының қарсылық білдіріп,  арнайы баспасөз мәслихатын өткізгенін жазған едік. Сол дау-дамайға тағы бір айналып соғудың реті келіп тұр.  

Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінде бүгінде мыңнан астам студент оқиды.  Жылына 450-ге жуық бала диплом алады. Оқу орны 2018 жылы «Жыл колледжі» номинациясының иегері атанған. 2019 жылы «Жас маман» мемелекеттік бағдарламасына қатысып, 318 миллион теңгенің грантын ұтып алған. Аталған бағдарлама оқу орындарын қайта жаңғыртуды, материалдық базасын жақсартуды,  халықаралық тәжірибелерді енгізуді мақсат тұтады.  

– 2019 жылдың қарашасында Білім және ғылым вице-министрі  Ш.Каринованың облыс әкімдеріне жолдаған хатында Президент Әкімшілігі басшысының тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасына қатысатын  колледждердің сенімгерлік басқаруға берілмейтіндігі атап көрсетілген. Алайда облыстың басшылары осы хатқа қарамастан Түркістан индустриалды-құрылыс колледжін   «Dala constructіon.kz» серіктестігіне беріп жіберді, – деген еді сол кезде колледж ұстаздары. 

Болатбек Алиев.jpg

Алайда облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылары колледжді компанияға сенімгерлік басқаруға берудегі мақсат серіктестіктің өндірістік базасында студенттердің тәжірибесін жетілдіру, бітірген мамандарды жұмыспен қамту екендігін алға тартып, наразы топтың талап-тілегіне құлақ асқан жоқ. Ал Болатбек Әлиевтің колледждің басшылығына тағайындаған қызметкерлері алдағы уақытта компанияның колледжге қатысты жоба-жоспарларымен таныстыруға уәде еткен. Алайда осы уақытқа дейін ешқандай жоспарды да, жобаны да естігеніміз жоқ. Содан бері міне, бір жыл өтті. Сенімгерлік басқаруға берілген колледжде қазір не болып жатыр? 

Бір жыл ішінде оқу орнындағы жағдай кері кетпесе, алға жылжымаған. Ешқандай жаңалық жоқ. Мұны біз хабарласқан колледж қызметкерлерінің өздері айтып отыр. «Телефонымызды тыңдайды, қарсы шыққандарды қорқытып-үркітеді» дегенді алға тартып, өздерінің аты-жөндерін газет бетінде ашық көрсетпеуді сұранған ұстаздардың  айтуынша,  Болатбек Әлиевке тиесілі «Dala constructіon.kz»  серіктестігі осы бір жыл ішінде оқу орнына бір тиын да қаржы салмаған. Студенттер компанияның өндірістік базасында тәжірибеден өтпеген. Былтыр бітірген мамандар да аталған компанияға жұмысқа орналаспаған. Оқу орнынан береке кеткен. Сот процестері де болған.  

Былтыр колледж ұжымы Президентке, «Нұр Отан» партиясына арыз жазып, араша сұрап жатқан кезде компания өзінің іскерлік беделін қорғау үшін оқу орнының екі қызметкерінің үстінен сотқа талап арыз берген. Алайда компания сотта жеңіліп қалған. Бұдан бөлек мекемедегі сыйақыға қатысты тағы бір сот отырысы болған. Осыдан кейін өзара соттасып жатқан колледж ұжымы мен компания басшылары «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс істейді деуге бола ма?  

– Ең өкініштісі, мемлекеттік тапсырыстың көлемі қысқартылды. Министрлік колледж сенімгерлік басқаруға беріліп кеткен соң «Жас маман» бағдарламасынан шеттетіп тастады. 318 миллион теңге грант ұтып алғанымыз айдалада қалды. Осы гранттың бір бөлігі ұстаздардың шетелдерде біліктілігін көтеруге қаралған еді. Бұл мүмкіндіктен де құр қалдық, – деді бізбен тілдескен ұстаз.   

Жалпы ұстаздардың айтуынша, былтыр әкімдік облыс көлемінде үш колледжді сенімгерлік басқаруға берген. Үшеуі де «Жас маман» бағдарламасының қатысушысы болып саналған. Сенімгерлік басқаруға берілген соң министрлік олардың бәрін бағдарламаға қатысушылардың тізімінен алып тастаған. «Жас маман» бағдарламасы жоғарыда айтқанымыздай,  оқу орындарын қайта жаңғыртуды, материалдық техникалық базасын жақсартуды,  халықаралық тәжірибелерді енгізуді мақсат тұтады. Министрлік «колледжге жаңа құрал-жабдықтарды енді компания алып беруі тиіс» дегенге  ұқсайды. Ең сорақысы сол,  аталған бағдарламаға қатысушылардың тізімінен шығып қалған үш колледжге қаралған гранттардың көлемі  1 миллиард 200 миллион теңгені құрайды. Сенімгерлік басқаруға берілген үш колледждің бірі әңгіме етіп отырған Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі болса, екіншісі Түркістан жоғары аграрлық колледжі. Ол  Болатбек Әлиевке тиесілі «Dala-Fruіt» компаниясына берілген. Біз аталған колледждің қызметкерлерімен де хабарластық. Айтуларынша, ол оқу орнында да ешқандай жаңалық, ілгерілеушілік жоқ.  

Болатбек Әлиевтің өзі фейсбуктегі парақшасында сенімгерлік басқаруға алған колледждер мен аһ ұрғызып кеткен 1 миллиард 200 миллион теңге грантқа қатысты біраз жазбалар қалдырған екен. Ол гранттан айырылып қалудың себебін бірде Білім және ғылым министрлігінің ұстанымымен, енді бірде облыстық білім басқармасы басшысының шығарған солақай шешімімен байланыстырады. Тағы бір жазбасында ол өзінің колледжге салатын қыруар қаржысының жоқтығын, тіпті ондай міндеттемені мойнына алмағанын ресми түрде мәлімдеп, ағынан жарылыпты. Мәссаған, сонда  колледждерді сенімгерлік басқаруға беруден ұтқан кім? Мемлекеттік тапсырыстары қысқартылған, оқу орнын жаңғыртуға, кадрлардың біліктілігін көтеруге берілетін гранттан қағылған мұғалімдер ме? Әлде материалдық базасы мықты компанияда тәжірибе жинаймыз деген үміттері ақталмаған студенттер ме? Болмаса, әлі келмейтін іске бармақ тыққан Болатбек Әлиев пе? Енді бұл үшін облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің алдында кім жауап береді? Бизнесмен Болатбек Әлиев пе әлде облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев па?    

Сенім болмаса да облыстағы колледждерді сенімгерлік басқаруға оңды-солды  беру жалғаса бере ме, Рахымбек Жолаев мырза?  

P.S. Жоғарыда айтылғандай, Кентаудағы колледждердің бірі Кентау трансформатор зауытына сенімгерлік басқаруға берілген. Ал жуырда аталған кәсіпорынның жұмысшылары жалақының аздығына байланысты наразылық шеруге шыққаны белгілі. Онсыз да проблемасы көп кәсіпорын, мемлекет меншігіндегі колледждің күйін күйттей ме? Ал  Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің ұжымы енді мекемелерінің Шымкент қаласында орналасуына байланысты Шымкент қалалық білім басқармасының қарамағына өту туралы мәселе көтеруде.  

Бұл сенімгерлік басқаруға беруге қатысты берекесіздіктің басы ғана болуы мүмкін. Ақырын күтіп көрелік.

Қосанов келесі Президент сайлауына түсе ме?
Мырзахметовті мақтап кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу