«Кешке бәрін шешем»: Шымкенттің әкімі автобус жүргізушілерімен кешке сөйлесетін болды
Бүгін Шымкентте «Шымкент BUS» компаниясының жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты. Олар өздеріне 300 мың теңге көлемінде еңбекақы берілуін талап етуде деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Компания басшысы Азат Сахатұлының айтуынша, жүргізушілер айлығы алғашқы кезде 130 мың теңге болса, кейіннен 155 мың теңгеге дейін өскен. Бірақ автобус жүргізушілері бұған қанағаттанбай жатыр. Жүргізушілер компания басшысымен келісімге келе алмай, жұмысқа шықпай наразылықтарын жалғастыруда. Осыған байланысты Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жүргізушілермен өзі кездесті.
- Құрметті ағайын, бір-ақ өтініш, кешке сөйлесейік. Қазір жұмысқа шықсаңыдар, - деп өтініш айтты. Себебі автобустар жүрмей, халық барар жерлеріне бара алмай аялдамада қаңтарылып тұр. Мұрат Әйтенов компания мен автобус жүргізушілерің арасындағы жанжалдан қарапайым халық зардап шекпеу керектігін айтты.
- Кешке сағат 10-да осы жерде тұрамын. Сол кезде бәрін шешем. Шешеміз. Мен әкімммін ғой. Бір өтінішімді қабылдайсыздар ма? "Шымкент BUS" пен сіздердің қарым-қатынастарыңызға халық кінәлі емес. Ана жерде біреудің анасы емханаға бара алмай тұр, - деді қала басшысы күйініп.
Автобус жүргізушілері:
- Компания жүргізушілердің аяғын бір етікке тығып жатыр, - деп наразылықтарын білдірді. Әкім бұл мәселені кешке шешетін болды.
Еске сала өтсек, Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Төлем» жүйесі енгізілген. 1 ақпаннан бастап төлем жүйесі істен шықса жолаушылар ақы төлемейді. Осыған байланысты жүргізушілер жалақыларының аздығын айтып өз наразылықтарын білдіруде.