Депутаттарды 647 млн теңгеге оқытқанша
Мәжілістің пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев жаңа заң жобасын таныстырған еді. Бұл таныстырудың қалай өткені туралы ақпарат құралдары жарыса жазды да. Алайда ең жас министрдің таныстырған заң жобасы не туралы еді? Жұрттың негізгі назары министрдің қазақ тілін білмегені үшін сыналғаны болды да, ал заң жобасында айтылатын жайттар шетке ысырылып қалғандай.
Әсет Ерғалиев таныстырған заң жобасында депутаттарды даярлау және қайта даярлау, кәсіби біліктілігін арттыру туралы айтылды. Депутаттарға арналған бұл іс-шара үшін ел бюджетінен 647 миллион теңге бөлу де қарастырылып отыр екен. Министр ұсынған заң жобасына қатысты депутат Айгүл Нуркина: «Заң жобасының қалай жүзеге асатыны туралы нақты механизмдері жоқ. Мысалы, кім, қандай форматта, қандай уақыт аралығында білктілігін арттырады? Іс жүзінде бұл норма қалай аталады?»-деп сұрады. Былайғы жұрт түгілі депутаттардың өзіне түсініксіз болып отырған бұл заң жобасы расымен қандай мақсатта жасалған? Министрдің айтуынша, бес жылда бір реттен депутаттар арнайы оқудан өтеді және оқыту мемлекеттік басқару филиалдарында, 40 академиялық сағаттан өтеді деп жоспарланыпты. Түкке түсінбегенін жасырмаған Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин: «Дайындықтан өту және қайта даярлау дегеніміз не? Қайтадан диплом бересіңдер бе? 647 миллион? Дайындықтан өту және қайта даярлау нормасын белгілеу, бұл нені білдіреді?» - деп бір емес, үш рет сұрады. Министрге сенсек, жүздеген миллион теңге депутаттың біліктілігін арттыруға жұмсалмақ.
Депутаттың қандай білім біліктілігін арттырмақ сонда? Ұмытпасақ, сайланған әрбір депутат өз деңгейіндегі білікті маман, білімді азаматтар емес пе еді? Әлде халық «білімсіз, біліксіз» адамға дауыс беріп, ел тағдырының тізгінін кім көрінгенге ұстатып па еді? Бұл қалай? Депутаттардың барлығы бірдей заң саласы бойынша білікті болмауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, депутаттарды қайта даярлау курстарынан оқытып, үйретіп алу артық болмас. Алайда министр депутатты оқытуға байланысты мұндай нәрсе туралы жақ ашпады. Соған қарағанда, қазіргі депутаттардың білім, білік деңгейіне қатысты күмән бар болғаны ма? Бұл 647 миллиондық оқыту мәселесін қалай түсінбек керек? Басқа емес, Мәжіліс спикерінің өзі түсінбей жатқан «біліктілікті арттыру» мәселесін қарапайым халық қалай түсінуі мүмкін? Әлде «түсінбегендер түсінгендерден сұрап алсын» дегендей, ел қаржысын керекті, керексіз дүниелерге шашу науқаны қайта басталды ма?
647 миллион теңгені түсініксіз оқытуға жұмсағанша...Қазір тізер болсақ, ақша жұмсау керек дейтін проблеманың тізімнің соңына жете алмасымыз анық. Қазақстанда басқа мәселенің бәрі шешіліп, тек депутаттардың біліктілігін арттыру проблемасы ғана қалғандай екен министрдің мына ұсынысы. Аты дардай Ұлттық экономика министрлігі Ұлттың ертеңіне арналған ірі мәселелермен емес, ұсақ шаруалардың төңірегінен шықпаса, басқасынан не қайыр? Ең ақыры, мәжілістің талқысына әкеле жатқан заң жобасының мән-мағынасын не орыс тілінде, не мемлекеттік тілде нақты түсіндіріп бере алмаған министрге де, министрлікке де үкілеп үміт артуға бола ма?
Министр Әсет Ерғалиевтің жаңылтпаш сияқты жауабына көңілі толмаған Нығматуллин де: «Біліктілікті арттыру» - бұл түсінікті жүйелі түрде қарау керек. Іс жүзінде не істеледі... Екі оқытушыны шақырып, біліктілігін арттырды деп санаудың қажеті жоқ. Сондықтан шарттарды толығымен қайта жазып, «дайындықтан өту және қайта даярлау», дипломдар мен сертификаттар беру бойынша түсінікті жазуды сұраймыз», - деуі бекер емес. Депутаттарды оқыту деген сылтаумен бюджет қаржысы талан-таражға түсіп кетпесіне кепілдік жоқ қой?! «Оқыды» деген мөр басылып, бір жапырақ қағаз берумен шектелетін бірақ түкке керексіз, тек бюджеттің миллиондарын желге шашқан талай курстар болғанын қазақстандықтар ұмыта қоймады.
Қалай десек те, қиын-қыстау мынадай пандемия кезеңінде білік, білім арттыру деген желеулермен халықтың ақшасы жемқорлардың жемсауына түспесін деп тілейік.
Әмина РАЙЫМБЕК.