«Шымкентте Ресей азаматы - басқарма басшысы» Кім жауап береді?
OINET.KZ - Шымкент қаласының спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар болып шықты. Бұл деректі Шымкент полициясы растады.
Фотода Шымкент қаласының Аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов пен Спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов
Шымкент полиция өкілдерінің мәліметінше, спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов Қазақстаннан басқа екінші азаматтық алуға тыйым салатын заңды бұзған. Сол үшін шенеунік Қазақстан азаматтығынан айырылды.
"Шымкент қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан Республикасының азаматы Олег Владимирович Почиваловтың қос азаматтығы барын анықтады.
Азаматтық туралы заңның 21-бабына сәйкес, көші-қон қызметі басқармасы Олег Владимирович Почиваловтың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту дерегін тіркеді", - деп хабарлады Шымкент қаласы ПД азаматтық және иммиграция бөлімінің басшысы Гүлжан Нысанбаева хабарлапты.
Еске салайық, шенеуніктің қос азаматтығы туралы ақпарат бірнеше ай бұрын пайда болған. Онда Почиваловтың Қазақстан және Ресей азаматы екені айтылған.
Алайда Шымкент әкімдігінің өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарған еді.
"Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов Қазақстан Республикасының азаматы екенін хабарлаймыз", - деген болатын спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Енді Олег Почивалов көп ұзамай қызметінен кетеді. Себебі Конституцияға сәйкес, өзге елдің азаматы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
Еске сала кетейік, былтыр маусым айында Олег Почивалов басқарма басшысы болып тағайындалды. Осы жерде сұрақ туындайды, ҚАЛАЙША?! Қалайша ол өзге елдің азаматтығы бар бола тұра білдей басқарма басшысы атанды?
Өткен жылы қыркүйек айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: "Мемлекеттік қызметші немесе квазимемлекеттік мекеменің басшысы қос азаматтық алса, олар қызметінен босатылады" деп айтқан болатын. Сонда Олег Почивалов Президент Жолдауынан кейін де 5 ай уақыт бойы қызметіненде отыра берген. Жай отырмай, қарамағындағыларға қол жұмсады, дауыс көтерді деген ақпараттар желдей ескен болатын.
Мемлекеттік қызметте Заңның тікелей сақталуына, кадрлардың қызметке заң шеңберінде орналасуына - Аппарат басшысы жауап береді. Шымкентте аппарат басшысы - Еркеғали Әлімқұлов. Ол 2018 жылдан бері Шымкентте аппарат басшысы лауазымын атқарып келеді. Бұған дейін Елордада жауапкершілігі мол қызметтерді атқарған өте білімді, білікті, сауатты Еркеғали Әлімқұлов Шымкентте Заңның өрескел бұзылуына қалай жол берді? Ресей азаматын қызметке қабылдарда қандай түсінбестік болды? Бұл жағы бізге әлі түсініксіз.