Құрғақ уәдеге құмар әкім
12-04-2023
Сардобадағы апаттан кейін сыйымдылығы 5,2 миллиард текше метрді құрайтын Шардара су қоймасындағы жағдай алаңдата бастады. Бұған су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, пара алуға оқталды деген айыппен сотталып кеткен Ислам Әбішевтің түрмеде жатып, адвокаты Абзал Құспан арқылы жолдаған шұғыл мәлімдемесі себеп болып отыр деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Адвокаттың айтуынша, Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы уақтысында халықаралық шарттарды бұза отырып салынған. Осы жөнінде Ислам Әбішев төраға кезінде Қауіпсіздік кеңесіне, Президент әкімшілігіне құпия хат жолдаған. Алайда бұл хатқа билік назар аудармаған.
-Сардоба су қоймасының сапасыз салынғанын да білдік. Сол жақтың мамандармен байланысымыз бар еді. Нысан аз уақыттың ішінде салынды. Енді міне, соның зардабын Қазақстан тартып отыр. Шардара су қоймасының қазіргі техникалық жағдайы мәз емес. Қызметте жүрген кезімде оның жағдайын жақсарту жөніндегі ұсынысым қабылданбады. Егер Шардара су қоймасында апат болса, ол жолдағы Көксарай су қоймасын да өзімен алып кетеді. Халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік өңірінің, одан бөлек Қызылорда облысының Аралға дейінгі аймағына қауіп төндіреді,-депті экс-төраға адвокаты арқылы жолдаған мәлімдемесінде.
Қызығы сол, содан бері қаншама күн өтсе де тиісті мекемелер, мамандар тарапынан экс-төрағаның мәлімдемесіне қатысты ешқандай жауап берілген жоқ. Осыдан кейін біз мамандардың өздерімен хабараласқан едік.
-Дәл бүгінгі күні Шардара су қоймасына төніп тұрған қауіп жоқ. Бәрі бақылауда,-деді біздің сұрақтарымызға жауап берген «Қазсушар» мекемесі Түркістан филиалы Шардара өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Муталимов. Оның айтуынша, бүгінгі күні су қоймасында 4 миллиард 857 миллион текше метр су бар. Былтыр бұл кезде 5 миллиард болған екен. Сырдариядағы су да нормадан ауытқымаған.
-Ислам Әбішевтің мәлімдемесін тыңдадым. Қазір Шардара су қоймасында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр,-деді басшы.
-Мәлімдемеден кейін бе?
-Жоқ, құрылыс 2019 жылы басталған. Бұл жобаға 8 миллиард теңге қаралған. 2021 жылы аяқталады. Яғни жөндеу жұмыстары үш жыл бойы кезең-кезең бойынша жүргізіле береді. Мердігер жергілікті «Гирдроқұрылыс» компаниясы,-деген басшы құрылыс жұмыстарының сапасы қатаң бақыланып отырғанын да түсіндіріп өтті.
Жалпы бұл Шардара су қоймасында соңғы 10-15 жылда жүргізілген бірінші жөндеу емес. Қайбір жылдары Арнасай мен Шардара бөгеттерін қыруар қаржыға қытайлық бір мердігер компания жөндеген. Қытайлар сол жолы жағалаудан жұмысшыларына арнап вагондардан тұрғызылған қалашық салған. Бүгінде сол жер «Қытай қалашық» деп аталады. Қытайлар жөндеу жұмыстарын қаншалықты сапалы жүргізді? Егер сапалы жүргізсе, жөндеу жұмыстарына қазынадан тағы да миллиардттаған теңге бөлінгенін немен түсіндіруге болады? Алайда Муталимов:
-Қытайлық компания жөндеу жұмыстарын 2007-2008 жылдары жүргізген. Жұмыстар сапалы орындалған. Әр жөндеу жұмыстарының өз мақсаты болады. Мәселен бұл жолы жөндеумен бірге дамбалар тұрғылып жатыр,-деп жауап берді.
-Сонда Ислам Әбішевтың мұндай мәлімдемені не үшін жасап отыр?-деген сауалға басшы «экс-төраға Шардарада жөндеу жұмыстарының былтыр басталып кеткенінен бейхабар болуы мүмкін» деген болжамын айтты. Әбішевтің кезінде бұл тек жоба күйінде болған. Оған әлі қаржы бөлінбеген.
Өткен аптада Шымкентте Қазақстанның экология, геология, су шаруашылығы министрі мен Өзбекстанның су шаруашылығы министрі кездесіп, Сардобаға қатысты мәселені талқылады. Журналистерге сұхбат берген Экология, геология және су шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның Сардоба су қоймасының келешегіне қатысты ұстанымы нақты емес.
-Біз бүгін өзбектердің осыған қатысты жоспарларын тыңдаймыз. Осыдан кейін шешім қабылдайтын боламыз,-деді вице-министр.
-Өзбекстан Сардобаны салу үшін Қазақстанның келісімін алды ма?-деген сауалымызға ол:
-Су қоймасының келісімді алмастан салынғанын ақпарат құралдарынан естіген шығарсыздар. Негізі халықаралық шарттарда келісім алу қажет деп айтып жатырмыз. Бірақ болар іс болды. Сардобаның келешегіне қатысты мәселені бүгін талқылаймыз,-деді.
-Шардара су қоймасына қауіп төніп тұр ма? Ислам Әбішевтің осы жөніндегі мәлімдемесін білетін шығарсыз,-деген сауалға вице-министр:
-Шардара су қоймасына, Достық каналына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ,-деді.
Ислам Әбішев су шаруашылығы саласында тәжірибесі мол, білікті маман саналады. Оның Шардараға қатысты мәлімдемесі қарақан басының қамын күйттеу үшін емес, елдің басына төнуі мүмкін қауіпті алдын ала ескерту үшін жасалғаны айдан анық. Шардарадағы жөндеу жұмыстары қаншалықты сапалы жүргізіледі? Бюджеттен бөлінген 8 миллиард теңге толығымен өз мақсатына жұмсала ма? Мамандар енді осы мәселені назарында ұстауы тиіс.