«Қызметіне толық сәйкес емес» Ибрагимов көріпкел ме?
Қазақ ұғымында жақсы, жайлы саналатын тышқан жылы Оңтүстік жұртшылығына биыл оңай болмай тұр. Наурызда коронавирус індеті кіріп, карантин тұрғындардың аяқ-қолын жіпсіз байлап еді. Мамырда тасқыны су келіп, жұртшылық маскасының қайда, етігінің қайда қалғанын білмей алақтап қалды. Халықты қайықпен көшіргенді бұрын-соңды кім көріпті дейсіз. «Жау жағадан алған кезде бөрі етектен тартты» деген осы. Шенеуніктер Мақтааралдағы су тасқынымен әуре болып жатқан кезде сел Төлеби ауданында болды.
Таулы өңір үшін өзендегі су деңгейінің көтерілуі қалыпты жағдай екендігі рас. Бірақ төлебиліктер дәл мұндай тасқынды бұрын-соңды көргеніміз жоқ деп отыр. Қатты жауыннан кейін арнасынан асқан Қасқасу өзені бірнеше көпірді алып кетті. Ал етекте отырған Леңгір қаласы мен Сұлтан Рабат елді мекенінде ондаған үй жарамсыз күйге түсті. Апат орнына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шұғыл жетіп, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында өзі жүрді. Зардап шегушілерді қауіпсіз жерлерге орналастыру, оларды тамақ, киік-кешекпен қамтамасыз ету, апаттың салдарын жою жұмыстары аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің білек сыбанып кірісуімен Мақтааралдағы тәжірибеге сәйкес жүргізілді. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес еді.
Жалпы бұл Төлеби ауданында биыл болған екінші тасқын. 6 мамырда нөсер жауынның салдарынан Леңгір өзеніндегі су деңгейі көтерілді. Абырой болғанда ол жолы сел аса көп шығын келтірген жоқ еді. Жеңіс мерекесінің алдында Төлебиге арнайы барған Шөкеев осы тасқынның тағы қайталанбауы үшін бірқатар шараларды жүргізуді тапсырған. Бірақ арада 2-3 күн өтісімен тасқын екінші қайтара соқты. Іле-шала Төлебиге барған облыс әкімі Леңгір қаласының тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады. Осы кездесуде сөз алған тұрғындардың айтуынша, тасқынның басты себебінің бірі елді мекендердегі лотоктардың талапқа сай келмеуі.
Бұрын су ағатын арық-атыздар әр үйдің ортасында болған. Бүгінде олардың көпшілігі жойылған. Елді мекендердің ішіндегі каналдар күл-қоқысқа толып, су ағып кете алмай, көлки береді. Осы себепті кейінгі жылдары жаңбыр жауған сайын аулаларға су кіру жәйттары жиілеген. Кінәнің бір ұшы тасқын қаупін қаперіне алмаған тұрғындардың өздеріне барып тірелсе, бір ұшы жерді оңды-солды таратып жіберген әкімдерге барып тіреледі. Қолдан келер бар амал-осы олқылықтан сабақ алып, оның қайталануына жол бермеу. Яғни қателіктен сабақ алу. Алайда Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов олай ойламайтын сияқты. Жуырда «Қазақстан» Ұлттық арнасында сөйлеген сөзінде басқарма басшысы 40-50 жылда бір рет болатын тасқын үшін үлкен лотоктар орнатуға бюджет қаражатын шығындаудың тиімсіз екенін алға тартты. Білдей басшының бұл сөзіне не күлерімізді, не жыларымызды білмей қалдық.
Ибрагимовтың қолында мұндай апат енді 40-50 жылдан кейін болады, оған дейін болмайды деген біреудің қолы қойылған, мөрі басылған құжаты немесе кепілхаты бар ма екен? Егер бар болса, оны неге көрсетпейді? Тасқынның енді бір аптадан, бір айдан немесе бір жылдан кейін қайталанбасына кім кепіл болады? Әлде Ролан Ибрагимов жақында «қызметіне толық сәйкес емес» жаза алған соң ертеңгі күні жұмысына қатысты әлдеқалай жағдай туа қалса босқа қарап жүрмейін деп әлден-ақ көріпкелдікпен айналысуға көшкен бе? Әр тасқын болған сайын мемлекетке, тұрғындарға миллиондап, тіпті миллиардттап шығын келеді. Оның бәрі қазынаның есебінен өтеледі. Ал қазынадан қайта-қайта шығын шығара берген кімге тиімді? Тендердің тізгінін қолына ұстаған тағы да сол Ибрагимовке ме? Апаттың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алғанның тиімді екендігі әлдеқашан дәлелденген дүние емес пе еді? Ал білдей басқарма басшысының айтып отырғаны мынау.
Тендер демекші, жуырда Ролан Ибрагимовтың тәртіптік ісі облыстық Әдеп кеңесінде қаралған болатын. Тендерлік комиссияның төрағасы ретінде Р.Ибрагимовтың заңды белден басқаны, әлдебір компанияларға бүйрегі бұрғаны осы Кеңесте айтылып, оған «қызметіне толық сәйкес емес» түріндегі ескерту жазасын қолдану ұсынылған. Ибрагимовтың өзі жиынға арнайы шақыртылғанымен келмей қалды. Мұнысы Әдеп кеңесін менсінбеу ме әлде жауапкершіліктен жалтару ма, түсінбедік.
P.S: Былтыр Түркістан облысында 3,4 миллиард теңге қаржы игерілмей қалып, осыған байланысты облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің әбден ашуланғаны, тиісті басқарманың басшылары мен аудан, қала әкімдерінің тәртіптік мәселесін қарауды тапсырғаны белгілі. Осыдан кейін біз облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасына журналистік сауал жолдап, аталған басқарманың басшысы Әбдірахман Тасыбаевтан хат алғанбыз. Хатта облыста игерілмеген қаржының ең көбі, дәлірегі 868,8 миллион теңгесі Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі екендігі тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ ақпанда журналистерге арнап баспасөз мәслихатын берген Ролан Ибрагимов басқармада бар-жоғы 26 миллион теңге игерілмегенін айтып, бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловты өтірікші қылғанын “Рейтинг” газетінің өткен нөмірлерінің бірінде жазған едік.
Кеше бірінші вице-премьерді өтірікші қылған басшы бүгін тағы да елді аң-таң қалдырды. Осыдан кейін Ибрагимовтың «қызметіне толық сәйкес емес» басшы екендігіне сенбей көріңіз. Ал басқарма басшылығынан босап... көріпкелдікпен айналысуға көшсе қандай боларын уақыт көрсетеді.
"Рейтинг" газеті, 14 мамыр, 2020 ж