Құрғақ уәдеге құмар әкім

Oinet.kz 12-04-2023 1026

Түркістан облысында Президент Әкімшілігі бақылауға алған мәселе әлі күнге шешімін таппай отыр.  Сол баяғы сылбыр тірлік, шенеуніктік созбалаң. Әкімқаралар Ақорданың да қаһарынан ықпайтын дәрежеге жеткен сияқты.

Screenshot_2.jpg

Естеріңізде болса Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Ал Түркістан облысында шалғайдағы ауылдарды былай қойғанда аудан орталығы – Шардара қаласы ауыз суға жарымай отыр. Отыз мыңнан астам халқы бар қаладағы ауыз су проблемасын шешу Президент Әкімшілігінің бақылауына алынғаны көптен бері айтылып келеді. Алайда Шардараның шөлін басады деген жобалардың басы әжептәуір екпінмен басталғанымен, соңы сұйылып кете береді.

Шардараға соңғы 4 жылдың көлемінде әкім болып отырған Қайрат Жолдыбайдың атқарған жұмысының нәтижесін осыдан кейін қалай бағалауға болады?

«Рейтинг» газетінде Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың халыққа берген есебінің алдын ала дайындалған сценарий бойынша өткенін кезінде жазған едік. Одан бергі аралықта жыл жылға жалғасып әкімдердің есеп беруінің форматы өзгерді.   Бірақ Қ.Жолдыбай сол баяғы әуенін, елге құрғақ уәде берудің формасын өзгертпегені өкінішті-ақ.

Жалпы, Шардара қаласындағы ауыз су проблемасы ақпарат құралдарында аз көтерілген жоқ. Шаһар халқы бүгінде ауыз суды іргедегі Шардара су қоймасынан, яғни ашық су көзінен алады. Ал су қоймасының әртүрлі өндірістік, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын химикаттармен ластанған Сырдария өзені арқылы толтырылатыны белгілі. Рас, су алдымен тазарту торабы арқылы өтеді. Алайда 1983 жылы пайдалануға берілген су тазарту торабы әбден ескірген. Осы себепті халыққа берілетін судың сапасы өте нашар. Мұны шенеуніктердің өздері де жасырып отырған жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, колонкадан ағатын су ішуге жарамайды. Ол тек тұрмыстық мақсатта ғана пайдаланылады. Шардаралықтар осының өзіне де шүкіршілік етеді, себебі бірнеше жыл алдын халық мұндай суға да зар болған.

Ал ауыз суды сатып ішеді. Кейбіреулер судың литрін 2 теңгеден, ал көпшілік тіршілік нәрін «водовоз» арқылы тоннасын  мың теңгеден сатып алады.

2019 жылы Шардараға іссапармен келген сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланы ауыз сумен қамтамасыз етудің өте өзекті екендігіне тоқталды. Мәселені шешу үшін тиісті тапсырмалар берілді. Қайрат Жолдыбайдың командасы алғашқыда ауыз су проблемасын ескі су тазарту торабын қайта жаңғырту арқылы шешуге тырысты.

2020 жылы аудан әкімі ақпарат құралдарына берген сұхбатында:

«Шардара қаласы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы «Шардара қаласының ауыз су беру торабын қайта құру» жобасы әзірленді. Яғни аудан құрылғалы жұмыс істеп келе жатқан бас су торабын түбегейлі жаңартып, заманауи қондырғылармен жабдықтау бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Облыс әкімі біздің бұл жобамызға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Биылғы ақпан айында ауданға жасаған іссапары кезінде Өмірзақ Естайұлы бас су торабын қайта құрылымдау үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлдіруді жоспарға енгізетінін айтып, қала тұрғындарын қуантып кеткен болатын. Қазір жоба дайын. Енді оған тиісті қаржы бөлінсе, бас су торабында ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Осы жобаның нәтижесінде заманауи үлгідегі тазарту қондырғылары арқылы қала халқы таза ауыз су тұтынады»,– деген еді.

Шардаралық шенеуніктердің таратқан мәліметтеріне қарағанда, аталған жобаның жалпы құны 3 миллиард 800 миллион теңгені құраған. Осыншама қаражатқа су тазарту торабы еуропалық стандарттарға сай келетін жаңа технологиямен жабдықталуы тиіс болатын. Алайда осылай мақтауын келтірген жоба бір пәсте әдірем қалды. 

2021 жылы жағдай күрт өзгерді. Сол жылы Шардара су қоймасында судың деңгейі бұрын-соңды болып көрмеген- 600 миллион текше метрге дейін төмендеді. Осы себепті судың сапасы қатты нашарлады. Халық су таппай ұлардай шулады. Әкімдік тұрғындарға ауыз суды көлікпен тасып беруге мәжбүр болды. Осыдан кейін атқамінерлер 3,8 миллиард теңгелік мақтаулы жобадан бас тартты. Әкімдер енді

«сексенінші жылдары қолданысқа берілген қаланың бас су таратушы станциясы әбден ескіріп, тозығы жеткен. Пайдаланымдағы қондырғылары өндірістен алынып тасталған, ешқандай зауытта жасалмайды» деген әңгімелерді айта бастады.

Апыр-ай дейсің, сонда шардаралық шенеуніктер 3,8 миллиард теңгеге жоба жасағанда мұны неге ескермеген? Осы жобаны жасатудың өзіне бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалды емес пе? Ол үшін кім жауап береді?

Сол 2021 жылдан бастап атқамінерлер  қаладан 34 шақырым қашықтықта, құмның ішінде орналасқан «Тама-Тастанбек» жер асты суын жеткізудің қолға алынғанын жария етті. Су сапасының сынақтан өткені,  ендігі кезекте республикалық бюджеттен қаржыландыру қажеттігі айтылды. Бұл жаңа бастама облыс басшылығы тарапынан қолдау тауып  аталған жобаның жоспарын әзірлеу жөнінде нақты тапсырма берілгені елге жария етілді.

Жобалық-сметалық құжатты әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге қаралды. Жаңа жобаны жыл соңына дейін аяқтап, келер жылы толық жүзеге асыру көзделді.

– Осы жоба арқылы жылдар бойы созылған мәселе біржолата шешіледі,– деді елді алдарқату үшін қырық құбылудан қымсынбаған атқамінерлер беті бүлк етпестен. Сол 2021 жылы мәслихат депутаттарының алдында берген есебінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбай жаңа жоба 2022 жылдан бастап іске асатынын тағы бір шегеледі. Алайда былтыр ешқандай жұмыс басталған жоқ.

Былтыр облыс әкімдігінде өткен жиында  Шардараға «Тама-Тастанбек» жер асты суын жеткізу жобасын жасау 2022 жылы аяқталып, ол 2023 жылдан, яғни биылдан бастап іске асатыны жарнамаланды. Алайда жұртты ауыз суға қарық қылады деген жоба биыл да басталмаған. 

Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Шардара ауданы әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаровпен хабарласқан болатынбыз. Оның айтуынша, жоба былтыр желтоқсанда мемлекеттік сараптамадан өтпей қалған. Астанадағылар одан бірқатар кемшіліктер тапқан.

– Қазір жоба Астанада жатыр. Сараптаманың ендігі қорытындысы 4 мамырда шығуы керек,– деді әкімнің  орынбасары. Оның айтуынша, жоба құны алдын ала болжам бойынша 14 миллиард теңгені құраған.

Егер ол биыл сараптамадан өтіп, оң қорытынды алса, жұмыстар келесі жылдан басталуы мүмкін,– деді Н.Сапаров.

14 миллиард теңге. Мұншама қаржы бір жылда игерілмесі  бесенеден белгілі. Жоба биыл сараптамадан сәтті өтіп, жұмыс келер жылдан басталып кетсе де жаман болмас еді. Егер тағы да шикілік шықса, түркістандық шенеуніктер халықты ауыз сумен 100 пайыз қамту туралы Президенттің берген тапсырмасын мерзімінде орындай алмай қалуы әбден мүмкін. Әйтеуір, Шардара халқының  төзімі таусылмасын деп тілейік.   

Ал ел-жұрты сенім артқан Қайрат Жолдыбайдың қолға алған жобаларының неге жолы болмай қала беретінін сараптап,  әкімнің іскерлігі мен атқарған жұмысына баға беретін уақыт әлдеқашан жеткен сияқты. Сіз, мәртебелі оқырман,  бұған не дейсіз? Ал облыс әкімі Дархан Сатыбалды нендей баға берер екен?

P.S. Айтпақшы, жуырда Шардара ауданына облыс басшысы Дархан Сатыбалды барып, халықпен кездесті. Жиында Шардарадағы ауыз су проблемасы туралы ешқандай мәселе көтерілмеуі, көптен бері көкейді мазалаған сауалдың қозғалмай жауапсыз қалғанына  жергілікті тұрғындар өте наразы. Неге? Әлде ел үлкен үміт артқан жоба туралы талқылауды айналып өтіп,  кеткен кемшіліктер мен әттеген-айларды жасырып қалу Қайрат Жолдыбайдың алдын ала жасап қойған сценарийі ме?  Ең дұрысы елмен ашық пікірталасқа баруды, бос уәде бермеуді қайта-қайта қадап айтып жүрген облыс басшысының  қатысумен шардаралықтар үшін басты бас ауру ауыз судың азабынан құтылуды бірлесе талқылау, бірлесе жол іздеу жағы ойластырылғанда шиеленіскен мәселе ертерек шешілер еді-ау.

«Рейтинг» газеті, 12 сәуір 2023 жыл

Сот Жанболат Мамайды кінәлі деп тауып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды
​Арман Жетпісбай қызметінен кете ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу