Бекетаев Назарбаевтың айтқанын неге ескерусіз қалдырды?
Oinet.kz хабарлайды - Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы мен «Саяси партиялар туралы» заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Ұсынылып отырған заң жобалар Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді.
-Заң жобалармен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде отыз пайыз мөлшеріндегі квотаны енгізу және саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ұсынылады. Осы мақсатта, біріншіден, Сайлау туралы конституциялық заңда саяси партиялар тіркеуге ұсынған партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған міндетті квоталардың болуы туралы талап қойылады. Жалпы, бүгінде әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Сондықтан да, біздің қоғам үшін әйелдер мен жастар жақсы әлеуметтік және саяси әлеуетке ие. Енді саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында қырық мың емес, жиырма мың мүшесі болса жеткілікті. Осы бағыттағы түзетулер Саяси партиялар туралы заңда көзделіп отыр. Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді, - деді заң жобасын бүгін Сенаттың жалпы отырысында таныстырған Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан.
Естеріңізде болса, былтыр қарашада «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдарының басшыларымен өткен кездесуде Тұңғыш президент Н.Назарбаев:
-Әр мәслихаттағы сайлауалды партиялық тізімдерге кемінде 30% әйелдер және 20% 35 жасқа дейінгі жастар енуі керек. Сондай-ақ, тізімге халықтың түрлі топтарының өкілдері, елге оралған отандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енуге тиіс, - деген еді. Алайда Сайлау туралы заңға өзгертулер Н.Назарбаев айтқандай 50 пайыз емес, 30 пайыз болып енгізілмек.
Аталған заң жобасы сәуірде Мәжілістке мақұлданған болатын. Сол кезде әділет министрі Марат Бекетаев заң жобасының Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы желтоқсанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасы бойынша әзірленгенін мәлім еткен еді.
Яғни, әділет министрі Бекетаев заң жобасын әзірлеуде Назарбаевтың 50 пайыз деп айтқанын ескерусіз қалдырған сияқты. Квотаны 30 пайыздық межемен белгілеу кімнің идеясы болды екен? Тоқаевтың па?
Қалай болса да 30 пайыздың өзі де жастар мен нәзік жандылардың тақиясына тар келмейтін сияқты.