Қыз алып қашуға шымкенттіктер құмар
Қазақстандық қоғамдық даму институты Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығы жүргізген зерттеу нәтижесінде қыз алып қашуды шымкенттіктердің көбірек қолдайтыны айқындалған.

Мысалы, Шымкент қаласында қыз алып қашуды қолдайтындардың жалпы үлесі 31,5% болса, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш 18-19% аралығында, Маңғыстау облысында 13,4%-ды құраған.
2025 жылы 3 мың респонденттің қатысуымен жүргізілген жаппай сауалнамада респонденттердің 67,6% қызды еркінен тыс алып қашуға қарсы екенін білдірген. Алайда 20,5% бейтарап ұстанымда екенін көрсетсе, 11,5% белгілі бір жағдайларда мұндай некені ақтауға бейім екенін көрсеткен. Ал Ұлытау, Атырау және Ақтөбе облыстарында бұл тәжірибені қолдайтындардың үлесі 1% төмен. Зерттеу орталығының басшысы Ақнұр Иманқұлдың айтуынша, дәл осы бейтараптық пен шартты қабылдау – әлеуметтік тұрғыдан ең қауіпті аймақ, өйткені ол зорлықты моральды тұрғыдан ақтауға мүмкіндік береді.
Сарапшының айтуынша, қыз алып қашу – жеке адамдардың әрекеті ғана емес, әлеуметтік нормалар арқылы ұдайы қайталанатын құбылыс. Ол көбіне тікелей күш қолданудан гөрі символдық қысым тетіктері арқылы жүзеге асады. «Ел не дейді», «қайтып келу ұят», «ата-ананың абыройы» секілді ұғымдар жеке ерікті шектейтін әлеуметтік бақылау құралдарына айналады. Мұндай жағдай әлеуметтануда құрылымдық немесе символдық зорлық ретінде сипатталады, яғни зорлықтың өзі қалыпты әрі ақталатын әрекет ретінде қабылданады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап қыз алып қашқандарға жаза күшейді. Яғни Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бабы «Неке қиюға мәжбүрлеу» енгізілді. Бұл норма адамды оның еркінен тыс некеге тұрғызу немесе бірге тұру мақсатында ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.


