Жүлде әкелмейтін спорт түрлерін қаржыландыруды тоқтатқан дұрыс па?

Oinet.kz 14-02-2024 1262

Елімізде спорт түрлері азаюы мүмкін. Халық қалаулыларының айтуынша, Қазақстанда ресми тіркеуден өтіп, мемлекет есебінен қаржыландырылып отырған спорт түрлері тым көп. Сондықтан Мәжіліс депутаттары ел қаражатын тиімді пайдаланып, басымдық беретін бағыттарды айқындап алуды ұсынады. 

Screenshot_5.jpg

Қазір елімізде 184 спорт түрі бюджеттен қаржыландырылады.  Салыстырмалы түрде айтсақ, Ұлыбритания, Германия, Австралия сияқты елдерде мемлекет есебінен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны 20-ға да жетпейді, ал Ресейде – 31,  Беларусьта  25 болса, көрші Өзбекстанда – 17.

«Қазақстанда  бұл  тізім он есе үлкен бола тұра, халықаралық жарыстар мен олимпиадалардағы нәтижеміз өте төмен. Қаржыландыруға кіретін спорт түрлері: пеншак, силат, биатль, триатль, пинтак, тикбол, унифай, спорттық рыбалка. Кейбір түрлерін өзі қазақстандықтар біле ме екен? Бұл қандай спорт? Ақшаны текке ысырап қылғанша, басымдық беретін спорт түрлерін таңдап, қалғанын қаржыландыру тізімінен шығару қажет»,–  деп есептейді Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков.

Жақында  Мәжіліс алаңында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев та  мемлекет есебінен қаржыландырылып отырған спорт түрлерінің барлығын қаржыландыру қолжетімсіз екенін айтқан болатын.

«Біз заң жобасына өзіміздің түзетулерімізді енгізіп жатырмыз. Мұны депутаттармен, жұртшылықпен бірге талқылаймыз. Болжам бойынша, Олимпиада, Паралимпиада және Азия ойындары бағдарламасына енгізілгендер бірінші орында қала береді. Олимпиадалық емес, бірақ әлі күнге дейін Азия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері бар. Оларға кикбоксинг, муай-тай және джиу-джитсу жатады. Олар дамуы керек, өйткені олар бізге халықаралық деңгейде медальдар әкеледі. Сол спорт түрлерінің ішінде біз қаржыландыруды бірінші орынға қоямыз»,– дейді вице-министр.

2023 жылы Қазақстан бюджеттен спортқа 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Серік Маратұлының айуынша, биыл қаржыландыру сомасы бұған дейін белгіленген деңгейде қала бермек. Бірақ мемлекет тарапынан қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны қысқартылмақ. Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған.

Ал, сіз қалай ойлайсыз, расымен де мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерін қысқарту қажет пе? Одан ұтарымыз не, ұтыларымыз қайсы?

Screenshot_6.jpg

Маханбет АМАНГЕЛДІҰЛЫ, Павлодар облыстық Тоғызқұмалақ федерациясының президенті:

Басқарма басшыларының жаны ашымайды

Қазақстан 2023 жылы спортқа 330 миллиардқа жуық ақша бөлген. Қаралған қаражат өте үлкен болғанымен,  спорттағы жетістігіміз төмен. Мәселен, соңғы Азия ойындарында үздік ондыққа да кіре алмадық.  Ал мемлекеттен ақша алып отырған 180-ге жуық спорт түрі қайдан пайда болды? Бұл елдегі спорттың қатты дамып кеткендігінің көрсеткіші емес. Бұл алдымен қаражат пайда болып, соны қайда жұмсау керек деген ойдан кейінгі пайда болған спорттың түрлері. Мен айтайын, бірде-бір кәсіпқой спортшы сол 180 спорттың жартысын  атап бере алмайды. Мен, тіпті,  оншақтысын ғана атай алатын шығармын. Шығыны көп спорт түрлерінің көбейгені рас. Айталық гимнастикаға балаларды жаттықтыру үшін зал, құрал-жабдықтар, жуынатын бөлме тағысын тағылар керек. Ал оның барлығы қыруар қаржыны талап етеді. Сондай-ақ каратэнің жеті атасына дейін ақша бөлініп отыр. Жалпы спорт басқармалары құрылыс басқармасы сияқты ақшаны көп игеретін басқармаға айналып бара жатыр. Ал басқармаларда  ұлттық спортқа бүйрегі бұратын, жаны ашитын адамдар отырған жоқ. Олар әлемдік спортқа қызығады. Себебі жарыстарға шетелге шығады, сол үшін ақша бөлінеді дегендей. Мәселен, басқарма басшысы  кезінде күреспен айналысқан болса, бірінші кезекте соны дамытады, ал туысы бір федерацияны басқарып отырған болса,  соған қаражатты көбірек бөледі.  Ал ұлттық спорт ауылдың айналасында өте беретіндіктен оны дамытуға зауқы соқпайды. Мәселен, тоғызқұмалақты алатын болсақ бір кабинет, 11 мың теңгелік тоғызқұмалақ тақтасы болса болды. 3 мың теңгелік Қытайдан шыққандары да бар. Спорт басқармаларына биліктің бәрін беріп қойған. Олар қай спортқа  қанша ақша бөлетінін өздері шешеді. Біз елдегі жемқорлықты жеңбей спорттағы «бизнестің көзін де»   жоя алмаймыз.  Сондықтан тиімсіз, қажетсіз спорт түрлерін қысқартуды қолдаймын.

Президент соңғы Жолдауында асық ату, көкпар тарту, тоғызқұмалақ секілді қаражатты көп қажет етпейтін спорт түрлерін дамыту керектігін айтқан болатын.  Расында да ұлттық спортымыз көмекке зәру. Спортқа миллиардтаған қаражат бөлінсе де ұлттық спортқа тіисті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Қазір Асық ату федерациясы асық ататын жер, ал Садақ ату федерациясы садақ ататын жер таппай отыр. 2024 жылға біздің федерацияға бөлінетін қаржыны 16 миллион теңгеге қысқартып отыр. Соңғы ақпарат бойынша 26 миллион теңге бөлінуі тиіс. Жазда Қазақстандағы рейтингісі жоғары  «Көшпенділер ойынын»  өткізетінімізді біле тұра, қаражатты еселеудің орнына қысқартып жатқандары әрине, өкінішті. Тоғызқұмалақтың адам баласына берер пайдасы мол. Оның үстіне балаларды жаттықтыруға көп қаржы кетпейді. Қазір әрбір ауылдың мектебінде тоғызқұмалақ кабинеті бар, оны үйрететін мұғалімдер де жеткілікті. Оның үстіне тоғызқұмалақ еліміздегі ең көп қамтылған спорттың түрі. Оны ойнауды екінің бірі біледі. Шығыны аз болса да асық ату, садақ ату, ұлттық зияткерлік ойынымыз – тоғызқұмалаққа  бөлінетін қаражат  жоқтың қасы.

Келесі назар аударатын мәселе –  жеріміздің ерекшелігіне, климатына байланысты әр өңірде спортты кластерлеу  керек.

Screenshot_7.jpg

Бақтияр ТАЙЖАН, журналист:

Жеке адамдардың мүддесі жатыр

Қазақстанда ресми тіркеуден өткен 180-нен астам спорт түрлері бар болса, соның 50 шақтысы ғана олимпиадалық спортқа кіреді. Олимпиада және Азия ойындары өздеріңіз білетіндей ең басты жарыстар. Ал Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбейтін қаншама спорт түрлеріне жыл сайын қыруар қаржы бөлінуде. Біздің азаматтар пеншак, пинтак деген спортты естімеген де шығар. Ал балық аулауды спортқа жатқызудың өзі күлкілі емес пе?!  Бізде қазір шығыс жекпе-жектеріне  көп көңіл бөлінуде. Оның ішінде біз білетін каратэ, таэквандо Азия ойындарына кіреді. Ал шығыс жекпе-жегінде біз біле бермейтін, Олимпиада, Азия ойындарына кірмейтін карате-до, муай-тай секілді көптеген  түрлері бар. Олар үш-төрт мемлекеттің басын қосып, чемпионаттарын өткізіп, чемпиондарын шығара береді. Осылайша екінің бірі осы шығыс-жекпе жектерінің  чемпионы,  тырнақтай ғана балалар халықаралық спорт шебері атанып жүр. Өйткені мемлекет оларды қолдап, қыруар қаржы бөліп отыр. Өте мықты әлем чемпионын дайындаған, әлемдік дәрежедегі жаттықтырушылардың бірі болған Диханбай Биткөзов ағамыз маған былай дегені бар еді: «Бір чемпионды дайындау үшін адамның 10 жыл өмірі кетеді. Ал әлгі жоғарыда аталған спорт түрлерінен чемпион дайындауға 1-ақ жыл кетеді».  Осы секілді  федерация, демеушілер қаржыландыратын спорт түрлері мемлекеттік бюджет есебіне кіріп кеткен. Бізде осыншама көп спорт түрлерін қаржыландырудың арғы жағында жекелеген адамдардың, шенеунік, кәсіпкерлердің мүдделері жатыр ма деген ой келеді. Себебі чемпиондарды көп шығарған сайын оларға қаржы да көп бөлінеді. Маңызды, Олимпиада ойындарына кіретін спорттар  осындай қажетсіз спорт түрлерінің көлеңкесінде қалып қоюда.

Өзге мемлекеттерді айтпай-ақ, көрші Өзбекстанды алып қарайықшы. Олар  17 спорт түрін ғана қаржыландырады екен. Бұрын бүкіл әлем бойынша бокстан ең мықты мемлекеттердің ішінде бірінші Куба болса, одан кейін Қазақстанның аты аталатын. Сол кездерде Өзбекстанның боксшылары біздің боксшылардың қолына су құюға да жарамайтын. Оларда ешқандай чемпион жоқ болатын. Ал қазір керісінше болып жатыр. Олар бокс, күреске ақшаны аямауда. Спортшылары да үміттерін ақтап, чемпиондары көбеюде.

Тағы бір мәселені атап өтейін, Токио олимпиадасына барған кезде  спортшыларымыз біздің спорттық киімнің сапасына  қатты шағымданды.  Расымен де бірінің тігісі сөгіліп, енді бірінің кроссовкиі жыртылып жатты. Бертін келе  «антикор» сол кезде  320 миллиондай қаражаттың қолды болғанын анықтады. Ал  киімдердің  Қытайда тігілгені, оны бізге 4 есе қымбат бағаға сатылғандығының да беті ашылды. Міне, Қазақстанның  спорт саласында  осындай былықтар болып жатыр. Мұның бәрі жемқорлық емей немене? Жоғарыда айтқан көптеген қажетсіз спорт түрлерінің тізімге еніп кетуі де осы жемқорлықтың «жемісі».

Осындай былықтардың бетін ашып, шындықты жайып салып отырған бүгінгі депутаттарға өз басым алғыс айтамын. Әділетті Қазақстан міне, осындай болуы керек. Бұрын мұндай әңгімелер жабулы қазанда қалушы еді. Ал енді шетінен тазарып жатқан жайымыз бар. Сондықтан мен осы мәселені көтерген халық қалаулыларының бастамасын қолдаймын. Себебі спорттық жетістік Олимпиада ойындарымен есептеледі. Сондықтан ең бірінші кезекте  әлемдік додаларда көк Туымызды желбірететін спорттарға басымдық беріп, ал әлемдік спорт аренасында орны жоқ спорттарға шығындануды тоқтату керек.

Screenshot_8.jpg

Ермек ДӘРМЕНОВ, Шымкент қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Олимпиадалық емес спорт түрлерінің де жанкүйерлері көп

Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмасына сәйкес  басқармада  оптимизациялау жұмыстары жүріп жатыр. Шымкент қаласында қазіргі таңда мемлекеттік тіркеуден өткен 74 спорт  түрі бар. Оның 32-сі Олимпиада бағдарламасына енгендері. Біз осы Олимпиадалық  спорт түрлеріне  басымдық беріп  жатырмыз. Себебі соңғы Пекинде өткен қысқы Олимпиада және Азия ойыны еліміздің спорт саласының бәсеңдегенін айғақтады. Дегенмен өзге өңірлермен салыстырғанда  шымкенттік спортшыларымыз жарап жүр. Жалпы Олимпиада ойындарынан Қазақстан 16 алтын медаль алған болса, соның 5-еуі, 22 күмістің 10-ы үшінші мегаполистік чемпиондарға тиесілі. Нәтиже жаман емес. Десе де бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында жоспарға сәйкес біз алдағы болатын Олимпиадаға спортшыларды дайындау, жаттықтыру, лицензия алдындағы жұмыстарына қаражатты ұлғайтудамыз. 

Ал енді олимпиада ойындарына кірмейтін спорт түрлерінен өтетін жарыстарды шегеріп, қаржыландыруды тоқтатып жатырмыз. Тиісінше  жоғарыда айтқанымдай ол қаражат Олимпиадалық спорт  түрлерін дамытуға жұмсалатын болады.  Алайда бұл Олимпиадалық емес спорт түрлерін мүлдем жабу дегенді білдірмейді. Халықтың сұранысына сәйкес олар жұмысын жалғастыра  береді. Себебі әр спорттың өз жанкүйерлері, шұғылданушылары бар. Шаһарда барлық спорт түрлері халықтың сұранысына, қызығушылығына сай ашылған. Яғни қажетсіз спорт түрі жоқ. Айталық ушу-дың айналасында өзінің спортшылары, жаттықтырушылары бар. Самбомен  құқық қорғау органдарының мамандары көбірек шұғылданады. Одан бөлек өрт сөндіру-құтқару спорты да сол саланың мамандарына жарап тұр. Кикбоксингті де ұнататындар көп. Алдымен Олимпиада ойындарына кіретін спорт түрлерін  дамытып, айталық үздік ондыққа кіріп, жүйеге түсіргеннен кейін ғана өзге де спорт түрлерінің жарыстарына қаржы бөлген дұрыс деп есептеймін.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы бұл бастаманы дер кезінде қолға алды деп ойлаймын. Өйткені спорттың сапасы Олимпиада және Азия ойындарымен өлшенетіндіктен біздерге  чемпиондар  қажет.

Screenshot_1.jpg

Айдос БАҒДАТҰЛЫ, «Ақсу» жекпе-жек клубының жаттықтырушысы:

Пайдасы болмаса, қаржы бөлудің қажеті жоқ

Қазіргі таңда еркін күреске қызығушы жастар көп. Балаларды жаттықтырып, олардан Әлем чемпионын шығару – басты мақсатымыз. Әрине бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттің қолдауы аса маңызды. Қолдауды сезініп те жүрміз.  Түрлі жарыстарға қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлініп жүр. Еркін күрес Олимпиада ойындарының қатарына кіретіндіктен оны қолдау, дамыту заңдылық. Осы секілді ұлттық спорт түрлерін дамытуға да күш салу керек деп есептеймін. Өйткені жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарын сақтап қалған мемлекет қана мәңгілік бола алады.

Халық қалаулыларының көтеріп отырған мәселесін қолдаймын. Расында да қазір ел-жұрт, тіпті, атауын естімеген спорт түрлері көбейіп кетті. Олардың егер халыққа, елімізге тигізіп отырған пайдасы болмаса қыруар қаржы бөліп не керек? Одан да сол ақшаны Олимпиадаға қатысатын күрес, бокс, дзюдо секілді спорт түрлеріне және біздің мақтанышымыз, келер ұрпаққа мұра болып қалуы тиіс ұлттық спорт түрлеріне, оның ішінде әсіресе, ат спортына бөлінсе құба-құп болар еді.

«Басымды кесіп алсаң да кешірім сұрамаймын» деген ақын Маралтайға соттың шешімі шықты
«Қатын сияқты сасығанды қашан қоясыңдар»: Сәуле Әбілдаханқызы Бишімбаев ісіне қатысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу