«Басымды кесіп алсаң да кешірім сұрамаймын» деген ақын Маралтайға соттың шешімі шықты
Қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараевқа белгілі ақын Маралтай Райымбекұлымен арадағы келіспеушілігі жайлы сауал жолдадық.
– Белгілі ақын Маралтай сіз негізін қалаған «Мәңгілік ел» саябағындағы «Киелілер кесенесінде» таспаға түсіріп, әлеуметтік желіде «өз мазаратын дайындап қойған» деген сөзді таратты ғой. Екеуіңіз түсінісе алмай, соңы сіздің сотқа беруіңізге ұласты дегенді естіп жүрміз. Бұл қаншалықты жөн сөз? Қаншалықты жел сөз?
– Иә, Маралтайды сотқа бердім. Шешім шықты. Алдымен, арызды ар-ұжданыма тиді деп бердік. Нәтижесінде, филологиялық сараптама «ар-ұжданға нұқсан келтіретін сөз айтылмаған, жәй ғана ақпарат таратқан» деді. Кейін талап арызды «Шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпарат таратты» деп өзгерттім. Сонымен аудандық сот істі қайта қарап, «шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпарат таратты деп танылсын» деген шешім шығарды. Сот шешімінен кейін министрлікке арыз жаздым. Оның нәтижесінде Мәдениет, спорт министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірлесіп, «Сіздің хатыңызды қарастырып, келесіні хабарлаймыз: Азаматтық Кодекстің 8-бабы, 5-тармағына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтіруіне, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетіндей етіп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерге жол берілмейді. Осыған сәйкес әлеуметтік желіде өзіңіз туралы жалған ақпарат таратылған жағдайда өз құқығыңызды қолданыстағы заңнамалар аясында қорғай алатындығыңызды хабарлаймыз» деп жазылған хабарландыру хат жіберді.
Бұл даулы оқиға туралы жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде көлемді мақала жарық көрді. Нақтырақ айтсам, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы Сарапхана елді мекенінің тұсындағы биік жота басында Шымкент-Ташкент күре жолының бойында орналасқан тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағына «Алаш арыстарына» арналған көрнекті 9 тұлғаның ескерткіші орнатылды. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арнап «Анаға тағзым» ескерткіші және атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арнап биік тұғырдағы ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіштердің ашылу салтанаты «пандемия» сырқатының кең тарауына байланысты 2021 жылы 30-31 қазан күндеріне белгіленіп, республикалық ғылыми конференция өткізіліп, елімізге танымал тарихшылар мен ақын-жазушыларды арнайы шақырып, мемлекет және қоғам қайраткерлері, оңтүстік өңірінің зиялы қауым өкілдерінің қатысуында өткізілді. Осы жиынға тарихшы-академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, тарихшы Талас Омарбековтер мен қатар тарихшы генерал-лейтенант Абай Тасболатов, жазушылар Сауытбек Абдрахманов, Қали Сәрсенбай, ақын Маралтай Райымбекұлы тағы басқалар, ғалымдар мен мәжіліс депутаттары қатысты. Сол жолы Созақ аулында «Созақ қасірет мемориалы» ашылып, жоғарыда айтылған зиялы қауым өкілдері түгелдей қатысты. Осы өткен ғылыми конференция жайлы республикалық баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жазылып тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағы жайлы жылы лебіздер айтылды.
Осы жиынның қонағы болып келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал ақын, Маралтай Райымбекұлы сол «Мәңгілік ел» саябағында орналасқан Бекет ата Мырзағұлұлының 270 жылдығына арнайы орнатылған киелілер кешенінің ішін аралап көріп, «Бекет ағам әйелі мен екеуіне болашақта жататын орын дайындап қойыпты, адам жүрегі шошитын қандай дайындық о дүниеге деген» деп қол телефонына өз даусымен жазып алып кетеді. Бекет ата кешенінің мазмұн мақсатын анықтап білмей, өзінің ойына келген ұшқары пікірін 17 сәуір 2022 жылы елімізге танымал журналист, блогер, Арман Шораевқа өзінің жолдастары арқылы тапсырыс беріп, әлеуметтік желіде желдей ескен көпшіліктің теріс пікірлер айтуына мұрындық болды. Осы жариялымнан кейін әлеуметтік желіде орынсыз теріс пікірлер таратқан Маралтай Райымбекұлына жолығып, қате пікірді таратқанына реніш білдіріп, кешірім сұрауды талап еттім. Бірақ Маралтай: «Басымды кесіп алсаң да кешірім сұрамаймын» деп, қарсылығын білдірді. Сосын, «мен баскесер емеспін, әділдікті, шындықты талап етемін, ар-ожданның тазалығын қорғау үшін, бұл мәселені соттың қарауына ұсынамын» деп, әлі де ойлан «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген сөз бар, қателікті мойындау да, ерлікке пара-пар деп, ойлануына уақыт бердім және Арман Шораевқа Астана қаласында жолығып, оған да жалған ақпаратты әлеуметтік желіде таратып, азаматтарға кешен жайлы теріс пікір туғызғаны үшін, қателігін түзетіп, әлеуметтік желіде пікір айтуын талап еттім. Өз кезегінде Арман Шораев та бұл талапты үн-түнсіз аяқсыз қалдырды. Ар-намысты аяққа басып, жұртқа жалған ақпарат таратқандары үшін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер қарайтын алқасына талап арыз түсірдім. Сараптама қорытындысымен ар-ождан туралы талабы сот шешімімен қолданбағандықтан, әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратты деп тану үшін сотқа жүгіндім.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша алқасы 9-қаңтар 2024 жылы менің талабымды қанағаттандырып, Маралтай Райымбекұлы мен Арман Шораевтың әлеуметтік желіде жазған пікірлері шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпарат деп тану туралы талап арызды қанағаттандырып қаулы шығарды.
Қазақта «атың шықпаса жер өрте» деген сөз бар, сол айтқандай Маралтай Райымбекұлы жалған ақпарат таратумен атын шығарып, азаматқа лайықсыз сөз таратып, қателігін мойындап, дау дамайды ушықтырмай «өзі жаққан отты өзі өшірмей» көргенсіздік танытты. «Қазақта ақын болу міндет емес, азамат болу міндет» деген қағидалы қара сөз бар, осындай кезде ақынның да адасып, машақатқа салып, кесапат келтіретіндігі өкінішті-ақ.
Аруақтарға арналған киелі кешеннің мазмұнын мазаққа айналдырған жанға не айтуға болады. Қара жер қойнынан ешкім де қашып құтылмағанын еске алсақ болғаны. Оқиға осылай болды. Бұл жалған ақпарат таратушыларға сабақ болса екен деймін. Ақ-қарасын ажыратпай жатып, жалған ақпарат тарату да – қылмыс.
Әңгімелескен Аида ӨТЕП