Шымкенттік студент бір күндік стипендиясын көмекке мұқтаж жандар шотына аударды
Сәкен Есімбай - Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының "Жалпы медицина" мамандығының бакалавриатын тәмәмдап, қазір Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясында интернатурадан өтіп жүр. Интерн ретіндегі стипендиясы 37 мың теңгені құрайды. Қалада ағасының үйінде тұратын Сәкен Сматуллаұлы айдың соңында қолына тиетін стипендиясын үнемдеп жұмсап, жолкіре мен тамағына, кішігірім керек-жарақтарына жеткізіп жүр деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Апта басында Арыста болған оқиғаны естіген Сәкен мазасызданып ұйықтай алмады. Болашақ дәрігер Арыстағы жарылыстан психологиялық-моральді тұрғыда зардап шеккендерге қолдау көрсеткісі келді. Әлеуметтік желілер арқылы келіп жатқан шотқа бір күндік стипендиясын аударды. Бұл шотқа аударылған қаржы көмекке мұқтаж арыстық тұрғындардың игілігне жұмсалады. Әрине, жалғыз студенттің бір күндік стипендиясы түк те болмайды. Дегенмен, көп түкірсе көл демекші, Сәкен барша студенттер мен интерндерді, магистрлар мен аспиранттарды көмекке шақырады.
- Кешегі жарылыстан әлі өз-өздеріне келе алмай қиналып жатқан бауырларымызға бәріміз бірігіп қол ұшын созсақ нұр үстіне нұр болар еді. Құдайға шүкір, осындай аласапыран тұста бүкіл ел жан-жақтан жұмылып, арыстықтарға қолдау көрсетіп жатыр. Бұл қазақ елінің ұйымшылдығын, бірлігін көрсетеді. Бірлік болмай тірлік болмайды. Біз, жастар, провакаторларға еріп кетпеуіміз керек. Керісінше, елді татулыққа шақыратын осындай игі іске ғана бірігейік. Мен өзім секілді білімгер достарымды, әріптестерімді қолдау көрсетуге шақырамын. Биыл - жастар жылы. Осы жылы біз бар мүмкіндігімізді көрсетуіміз керек. Әркім өз шамасына қарай көмек берсе болады. Бұл жерде ең бастысы - қаржы көлемі емес, ниетте. Ниет ақ, пейіл кең болса, бір тиынның өзінде береке болады, - дейді Сәкен Сматуллаұлы.