Ерлан Бектібаев: «Өмірден түңілдім, өмір сүргім келмейді...»

Oinet.kz 19-05-2019 1953

Screenshot_9.jpg

«Мен Бектібаев Ерлан 1995 жылы туылғанмын. Менің сіздерге айтайын дегенім 2015 жылдың 7 мамырында Райымбаев Даниярды белгісіз біреулер атып кетті. 22 қазанда сағат 10-дар шамасында мен үйден шығып, жұмыс бабымен Химпоселкедегі «собезге» бардым. Сол жерде маған полиция қызметкерлері анаша салып жіберді. Анашаны шеккенім өтірік емес, рас, бірақ «собезге» ондай көлемде анаша салып жүрмеймін. Мені қыспаққа алды департамент қызметкері Самат деген опер. Райымбаев Даниярдың ісі бойынша менен көп нәрсе сұрап, қыспаққа алды. Мен 4 маусым күні қамаудан босатылдым, Алматы қаласы, Алмалы сотынан үш жыл сегіз ай бос бостандығынан шектеу жазасын алдым. Менің келіп отырғаным «Нұр Отан» көмектесетін шығар деген ойдамын».

Осыдан кейін аздап кідірген жігіт «Басатын тауым, бармаған жерім жоқ, өзім жетім баламын, шешем қайтыс болып кеткен. Әкем басқа семьямен тұрады» деді ( байқасаңыздар осы жерде кадрдың тыс жағынан өксіп жылаған әлдебір қыз баланың даусы естілгендей болады). 

--Өз-өзіме қол жұмсау себебім сол. Өмірден түңілдім, өмір сүргім келмейді,--деп, көзінің жасын сүрткен жігіт сырт киімін шешіп, үстіне бакалашкадағы жанармайды құяды. Бұдан кейін қалтасынан алған сіріңкенің шырпысын тұтандырып, жерге тастап жібереді. Тілсіз жау лезде лап ете қалды. Жалынға оранып, ғимаратқа қарай жүгірген жігіттің жан даусы адамның құйқасын шымырлатады. Ары қарай айтудың өзі  қорқынышты... «Нұр Отан» партиясы ғимаратының кіре берісінде денесін түгелдей күйік шалып, жаны қысылып жатқан Ерлан Бектібаев... арғы жақтан түкке түсінбей «не болып жатыр?» деп сұраған қызметкерлер... Күйік шалған жігіттің «көмектесіңіздерші, өтінемін» деген жалынышты даусы естіледі. Ол көмекті «Нұр Отаннан», биліктен, қоғамнан сұрап жатқандай көрінеді... Жас жігіт сол күні кешкісін ауруханада жатып қайтыс болған. 

Марқұм Ерлан Бектібаев 26 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының орталығы Ақсукент қаласындағы зиратқа жерленді. Оның отбасы Өзбекстанның Науаи облысынан осында көшіп келген екен. Туыстары үйдің алдына қара үй тігіп, марқұмды ақтық сапарға Өзбекстанның Науаи облысында тұратын қазақтардың рәсіміне сай шығарып салған. 

Іле-шала Бас прокуратура оқиғаға қатысты мәлімдеме таратты. Онда былай дейді:  «осы факт бойынша материалдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) және 362-бабы (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді.  Объективтiлiктi қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру Жамбыл облысы прокуратурасының арнайы прокурорына тапсырылды.Тергеу барысы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бақылауында тұр». 

Ал кешегі күні Бас прокуратура тергеу барысында анықталған тағы біраз мәліметтерді жария етті. 

«Ағымдағы жылдың 22-қазанында Бектібаев ұсталып және жеке басын тiнту барысында одан есірткі зат - жалпы салмағы 285,9 грамм гашиш табылғаны анықталды. Медициналық куәландыру кезінде Бектібаевпен есірткіні тұтыну фактісі анықталды. Осы факті бойынша басталған тергеу шеңберінде Бектібаев өзі шақыртқан адвокаттың қатысуымен одан табылған есірткі затты сақтағаны жөнінде мойындау айғақтарын берген. Кінәні мойындағанын, сондай-ақ тергеумен ынтымақтастыққа ниет білдіргенін ескере отырып, сол күні, яғни  22-қазанда күдікті тергеушіге келу туралы міндеттемемен үйіне жіберілген. Ұстап алу және жүргізілген тергеу әрекеттерінің заңдылығына баға Е.А.Бектібаевты өзін-өзі өлтіруге дейiн жеткiзу, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің мүмкін құқыққа қайшы әрекеттері туралы болжамдарды тексеру шеңберінде ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен беріледі. Бүгінгі күнге оқиға орнында Е.А.Бектібаевпен бірге болған барлық адамдар – оның таныстары мен туысқандары анықталып, айғақтар алынды. Алынған айғақтарға сәйкес олар оқиға орнында қаза тапқанның өз өтініші бойынша болған және жәрдем көрсеткен, оларға Бектібаевтың тек аяғын өртеу ниеті туралы ғана белгілі болған. Акцияға қатысушылар бейне түсірілімге және өртті сөндіруге жауаптылардың рөлдерін алдын ала бөлген. А. Бектібаев Тараз қаласындағы колледждер бірінің студентіне ауыр пышақ жарақаттарын салғаны, сондай-ақ Алматы қаласында  ұрлық жасағаны үшін 2015 жылғы маусымда қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны (4 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған) анықталды.  Әкесі бар, анасы 2013 жылы қайтыс болған, Тараз қаласында туысқандарында тұрған, базарда жүк тасушы болып жұмыс істеген. Сараптама ол өзін-өзі өртеу кезінде есірткілік мастық күйде болғанын көрсетті» дейді. Яғни, прокуратураның мәлімдеуінше, жантүршігерлік әрекетті Ерлан Бектібаев есірткінің уытымен жасаған. Дегенмен бұл жерде біраз түсінбейтін нәрселер бар. 

Марқұм Ерлан Бектібаевтан кісі қолынан қаза тапқан Данияр Райымбаевтың өлімі бойынша  куәгер ретінде, не күдікті ретінде жауап алынған ба, жоқ па?   Өкінішке қарай, Бас прокуратура өзінің таратқан мәлімдемесінде бұл туралы ештеңе айтпаған. Неге?  «Отырар» телекомпаниясының сайтында марқұм Ерлан Бектібаевтың әкесі Абдулла Қанаровтың берген сұхбаты жарық көрді. Онда ол тергеушілердің ұлына  «Егер мойныңа алмасаң, 20 жыл қамауға кетесің» дегенін айтқан. Тергеушілер қылмысты ұлына жапқысы келгенге ұқсайды. Бұл қаншалықты рас?

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2015 жылдың 4 маусымында  Е. Бектібаевқа қатысты шығарған үкімімен танысып шығудың сәті түсті. Сотта Ерлан Бектібаев өзіне тағылған айыптарды бұлтарусыз мойнына алған, тек шындықты айтқан. Жас жігітке полицейлердің анаша салып жібергенін, қыспаққа алғанын да бұдан кейін өтірік деуге негіз жоқ сияқты. Бұған дейін тергеушілердің қолынан өтіп, тергеу абақтысында отырып шыққан Ерлан Бектібаев тергеу амалдарының қалай қарай бағыт алып бара жатқанын жақсы білген сияқты. Өзінің шарасыз екенін түсінген.   Оның көмекті прокуратурадан, құзырлы орындардан емес, биліктің партиясы «Нұр Отаннан» сұрауының астарында осы жатқан жоқ па?   

Бас прокуратура  оқиғаның анық-қанығын, себептерін анықтаумен айналысып жатқан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жұмысының барысы мен нәтижелері туралы қосымша хабарланатын мәлімдеп отыр.

Жәнібек Тархан,

«Рейтинг» газеті, №42, 29 қазан 2015 жыл

Уақыт машинасы жасалса, не істейсіз?
Түркістандық диқандар Нұр-Сұлтанға сый жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу